Егемен елдің еңсесі биік, мұраты асқақ

Тәуелсіздік тұғыры

Елімізде осыдан 35 жыл бұрын, 1990 жылдың 25 қазанында еліміздің мемлекеттілігін әлемге паш етіп жариялаған алғашқы тарихи құжат «Мемлекеттік егемендік туралы декларация» қабылданды.

Бұл еліміздің өз тағдырын өзі шешуге қабілетті, дербес ел екенін айқындайтын халқымыз үшін маңызды құжат еді. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында Қазақстан өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал, Президент елдің басшысына айналды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды. Алайда, 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал, 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған «ұлттық мереке» мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Президенттің бастамасы осы мерекені аңсап жүрген халқымыздың қолдауына ие болып, дәл сол жылы заңға тиісті өзгеріс енгізілді.

Мемлекет басшысы Республика күнін ел тарихындағы ерекше күн ретінде бағалады. «Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам» деді ол сол құрылтайда.

Егемендік декларациясы мыңжылдық тарихы бар мемлекеттілігімізді қалпына келтірген маңызды тарихи құжат болды. Сақ-үйсін, түрік, Жошы ұлысы дәуірінде мемлекеттіліктің дәстүрі қалыптасып әлем елдерімен терезесі тең саясат жүргізген халқымыз қайтадан халықаралық аренаға еркін, тәуелсіз мемлекет ретінде оралды.

Әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі болып табылатын Еуразия номадтарының ұрпағы – қазақтар үшін еркіндік ұғымы ерекше мағынаға ие. Небір соғыстар мен отарлық саясатты басынан өткізген халқымыз үшін егемендік қастерлі де қасиетті ұғым. Азаттық жолындағы күрестерде ұлттық сана-сезім мен егемендік оты сөнбей, «мың өліп мың тірілген» халқымызды тәуелсіздікке қол жеткізді. XX ғасырдың басында азаматтық қарама-қайшылықтар кезінде Алаш арыстары Абылай хан заманындағы біртұтас мемлекет пен территориялық тұтастықты қалпына келтіру жолында идеологиялық- ағартушылық күрес жүргізіп, елдің үміт отын оятып, аласапыран уақытта ұлттың бірегейлігін сақтап қалды. Алаш арыстарының асыл мұрасы ұлттық интеллигенцияға ғасыр бойы рухани азық болып, ұлтжанды тұлғалардың қалыптасуына негіз болып, тұтастай алғанда халықтың азаттық пен еркіндік жолындағы шамшырағы болды.

Қазіргі таңда әртүрлі саяси науқандар кезінде Қазақстанға қоныс аударған, күштеп жер аударылған этностар қазақ шаңырағының астында тәуелсіздігіміздің дамуына ат салысып, бір халық болып жұмылып еңбек етуде.

Полиэтникалық Қазақстанда сыйластықта өмір сүріп жатқан барша ұлт өкілдерінің ауызбіршілігінің, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», мемлекеттік саясатқа қолдау білдіргенінің арқасында елімізде тыныштық, ынтымақ, татулық, тұрақтылық, бейбітшілік орнады. Қазақстан халқының басты құндылығының өзі міне, осында.

Қазіргі әлемдегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында елдің дамуының басты қағидаты бірлікте екені әрбір қазақстандықтың санасына жетуі тиіс. Бүгінгі күні қол жеткізген жетістікті құрметтеу де барлығымыздың міндетіміз. Осының бәрі тәуелсіз елдің абыройы, мақтанышы деуге болады. Бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, ұмытпай тәуелсіз ел тұғырын биік ұстайтын, ынтымағы жарасқан ел болып қалыптасуда.

Қазақстанның әлемдік аренада қуатты мемлекет немесе Президентіміз айтқан «орта державалар» қатарына қосылу үшін әлі заманауи технологияны бағындырып, аянбай ұшан-теңіз еңбек етуіміз керек.

2024 жылдың  24 мамырында Сингапурға мемлекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев 1980-жылдардан бері Юсоф Исхак институты (ISEAS) ұйымдастырып келе жатқан Сингапур лекциялары алаңында «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» атты тақырыпта 46-шы Сингапур лекциясын оқыды.

Президент өз лекциясында жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі орта державалардың атқаратын рөлі туралы ой-пікірімен бөлісіп өзінің өмір жолында Сингапурдың айрықша мәні бар екенін атап өтті. «Мен көп жыл бұрын осы елде жас дипломат ретінде қызмет еттім. Осынау асқақ рухты мемлекеттің тамаша табыс жолынан жаңылмай келе жатқанын өз көзіммен көру үшін Сингапурға тағы да келгеніме қуаныштымын. Елдің негізін қалаушы Ли Куан Юдің көреген көшбасшылығымен жүргізілген Сингапурдағы әйгілі экономикалық өзгерістер, шын мәнінде, мемлекеттің іргесін нығайтудың және экономикалық өсімге қол жеткізудің жарқын үлгісіне айналды. Сіздердің еліңіз Қазақстанды даму мен өркендеу бағытында өзіндік жол таңдауға жігерлендіреді. Расында, Сингапурда өткізген жылдарымда табандылық пен жаңашылдықты үйрендім. Бұл қасиеттер қазіргідей құбылмалы әлемде Қазақстанның келешегі туралы пайымымның қалыптасуына әсер етті» дегені шынында да, Президентіміздің көп жайды аңғарта түскен сөзі еді.

Мемлекет басшысы еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістер жөнінде айта келіп, «Әділетті Қазақстан» және Премьер-министр Лоуренс Вонг ұсынған «Алға, Сингапур» бағдарламаларының мақсаттары мен қағидаттары ұқсас екеніне назар аударды.

Президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында да экономиканы әртараптандыру мен дайын өнім шығару сияқты көкейкесті мәселелер көтеріліп, дамудың негізгі бағыт-бағдары айқындалуда.

Сонымен, Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы. Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді. Қоғамдағы заң мен тәртіп, азаматтардың еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі қазіргі реформалардың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды. Міне, біз өткен ұлттық мерекемізден де осыны сезіндік.

Егемендік, азаттық, бірлік, бейбітшілік сынды ізгі құндылықтарды ұштастыратын қастерлі көк туымыз мәңгі-бақи желбіресін!

 Марат ӨТЕГЕНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің тарих кафедрасының меңгерушісі,
тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар