Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Көкшетауда көпфункционалды спорттық-мәдени кешеннің құрылысы аяқталып келеді, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Үкімет осы мақсатқа Арнаулы мемлекеттік қордан 12,6 миллиард теңге бөлді. Спорт кешенінде олимпиадалық стандарттың сертификатталған құралдарымен жабдықталған бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфитке арналған залдар қарастырылған. Бұл Көкшетауда бұйырса, республикалық және әлемдік деңгейдегі IBA жарыстарын өткізуге мүмкіндік береді.
Спорт кешенінің аумағында екі футбол алаңы, ядро мен найза лақтыруға арналған алаң, ойын және жаттығу аймақтары, әмбебап спорт алаңдары және жеңіл атлетика аймағы орналасатын болады. Халықтың тұрмысы осал топтары үшін арнайы құрал-жабдықтар қарастырылған.
Бұдан бөлек, өрттік-қолданбалы спорт түрлеріне арналған скалодром және мұнарасы бар әмбебап спорт залын ашу жоспарлануда. Мұнда кәсіби құтқарушыларды даярлайтын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар департаменті Мәлік Ғабдуллин атындағы Көкшетау Азаматтық қорғау академиясының курсанттары өздерінің кәсіби дағдыларын арттыра алады. Мәдени-бұқаралық іс-шараларға арналған заманауи мультимедиялық жүйелері бар 650 орындық зал да көпшілікке қолжетімді болмақ.
Қазір нысанда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу, абаттандыру және инженерлік желілер жүргізілуде. Спорт кешенінің жалпы дайындығы – 85 пайыз. Оны осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұл жобаны жүзеге асыру облыс орталығының тұрғындары үшін жыл бойы спорт нысандарына қолжетімділік мәселелерін шешеді және азаматтардың барлық санаттарының спортпен шұғылдануына және салауатты өмір салтына игі ықпалын тигізеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

