Қауқарсыз серіктестік қалай ауылды тығырыққа тіреді?!.

Тұрақты комиссияларда

Таяуда облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және өңірдің индустриалды-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқайыр Ошақбаев төрағалық еткен отырыста күрделі мәселелер төңірегінде жан-жақты пікірталас өрбіп, тығырықтан шығар төте жол ізделді.

Алдымен «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Облыстық ауыл шарушылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Жүсіпов баяндама жасады. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,2 миллиард теңге қаражат бөлінсе, 2024 жылы 1,848 миллиард теңге қаражат қарастырылған. 2025 жылы бұл бағытта жоспар бойынша 2,5 миллиард теңге бөлінуі қажет еді. Әйтсе де бөлінгені 1 миллиард теңге.

Ауыл еңсесін көтеруге, ауыл тұрғындарының табысын еселеп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуды көздейтін осы бағдарлама аясында 2023 жылы өтінім берушілерге 1,2 миллиард теңге қаражат бөлінген. Қаражатқа қол жеткізген ауыл-село және шағын қалалардың тұрғындары бизнес жоспарларын жасап, істі дамытумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да септігін тигізеді. Міне, осылайша 262 жұмыс орны ашылды.

Өңір егін және мал шаруашылығымен айналысатындықтан, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру айрықша маңызды. Бірлесе атқарған істің берекесі мол болмақ. Осы бағытқа 930 миллион теңге қаражат бөлінді. 154 несие берілді. Бұл жалпы көлемнің 77,7 пайызы.

Шындығын айтқанда, мал шаруашылығын дамытудың көптен қордаланып қалған мәселелері де аз емес. Ол ең алдымен мал азығын қамдау, жайылымның кеңдігіне байланысты. Отырыс барысында малсақ қауымның мұңын жақсы білетіндер мәселенің оңынан шешілуі бағытында орынды пікірлерін айтты. Несиені бермес бұрын әрбір ауданның мүмкіндігі таразы басына тартылып, екшелуі керек. Егер мал азығын дайындайтын шабындықтар немесе жайылымдар болмаса, онда кәсіп бастаймын дейтін талапкерлер өзге бизнесті қолға алғандары жөн.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарының еңсесін тіктеп, қолтықтарынан демеп тұрған «Кең дала» және «Кең дала — 2» бағдарламалары екендігі даусыз. 928 ауыл шаруашылығы құрылымдарына 118,7 миллиард теңге несие берілген екен. Бұл бағдарламалар көктемгі егіс және күзгі егін орағы кезінде ауыл шаруашылығы құрылымдарын қажетті қаржымен қамтамасыз етіп, жұмыстың іркіліссіз жүруіне септігін тигізеді. 334 ауыл шаруашылығы құрылымы 13,3 миллиард теңгеге өтінім тапсырған. «Кең дала — 2» бағдарламасының артықшылығы туралы да айта кетуге болады. Ол – жеңілдігі. 5 пайыз үстемақымен. Бұл диқандар үшін көп-көрім жеңілдік. Жалғыз қолайсыз жері, несиені қайтару уақытының тығыздығы. Шаруалар күзгі жиын-теріннен кейін несиені қайтаруға қамдана бастайды. Міне, осы уақытта зор еңбекпен жиналған бидайдың да, майлы дақылдардың да бағасы түсіп кетеді. Басқа амал болмағаннан кейін ауыл шаруашылығы құрылымдары өсірген өнімдерін арзанға сатуға мәжбүр.

Отырыс барысында Егіндікөл ауданындағы «Бауманское — 2030»  серіктестігінің тыныс-тіршілігі де кеңінен әңгіме арқауына айналды. Ел үміт еткен инвестордың тірлігі онша бола алмауынан ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр. Тіпті, бауыр басқан мекеннен біртіндеп көше бастапты. Үстіміздегі жылдың шілде айында селода 448 адам тұрса, қазір 427 адам қалған. Яғни, төрт айдың ішінде 21 адам қоныс аударды. Бұл жайдың себебі не?!

217 отбасы тұратын ауылдағы негізгі жұмыс көзі «Бауманское 2030»  серіктестігінде. Серіктестік жұмысының қожырауына байланысты күрделі мәселелер орын алып отыр. Атап айтқанда, еңбекақы, әлеуметтік төлемдер және салық төленбеген. Серіктестік директоры Бағдат Маратов, құрылтайшы инвестор «Айзет Фармс» серіктестігінің басшысы Талғат Зейнуллин.

Ертеректе ақық дән өсіріп, ақтылы мал өргізген Бауманское селосының атақ-даңқы облыс көлемінде дүрілдеп тұратын. Топырағы құнарлы, жайылымы біршама кең. Мал азығын дайындауға мол мүмкіндік бар. Ауыл тұрғындарының айтуларына қарағанда, жұмыс дұрыс ұйымдастырылмай, егіншілік мәдениеті, ілкідегі еңбек дәстүрі күрт үзілгеннен кейін табыс та азая бастаған. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты деректерге жүгінелік. Серіктестік есебінде жалпы көлемі 58 184 гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Оның 30 971 гектары егістік алқабы, 27048 гектары жайылымдық жер. Егер осы жер көлемі тыңғылықты пайдаланылса, ауыл тұрғындарының аузынан ақ май ағып отырар еді. 27 мың гектар жайылымда қаншама мал бағуға болар еді. Ал, іс жүзінде олай болмай шықты. Биылғы жылы көктемде серіктестіктің 16 мың гектар егістік алқабына «КДК Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дән сіңірді. Күзде гектар берекесі небары 8 центнерден айналды. Осы арада жаздың жауын-шашынды, егін шаруашылығы үшін мейлінше қолайлы болғандығын айта кетелік. Өңірде гектар берекесі 16,3 центнерден айналып, құт қамбаға 7,6 миллион тонна алтын астық құйылды. Бұл деректерді салыстыру үшін айтып жатырмыз.

Қауқарсыз басшылар қаусаған техникамен жұмыс істегеннен кейін серіктестік егін орағын ең соңғылардың бірі болып аяқтады. Көктемгі егісте де кідіріс көп болды. Ең басты себебі, адам күші мен техниканың жетіспеушілігі.

–Серіктестіктің егістік алқабында бірнеше рет болып, қалыптасып отырған жағдайды өз көзіммен көрдім, – дейді Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Курушин, – өнімнің төмен болуына ұйымдастыру жұмыстарының шалағайлығы себеп болып отыр.

Міне, осы арада жергілікті билік дұрыс шешім қабылдауы керек еді. Қазіргі күні аз жерден мол өнім  алу керектігі жиі айтылады. Ал, бар жерді ұқсата алмау мүлдем түсініксіз жай. Үстіміздегі жылы Егіндікөл аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына «Бауманское — 2030» серіктестігінде 27 048 гектар жайылымдық жердің, 4 440 гектар егістік жердің игерілмей жатқандығы туралы материал түсірген.

–Тусырап бос жатқан жер тозып кетті, – дейді село тұрғыны Александр Кукарцев, – осыншама жерден мал бағып, егін егіп, қаншама өнім алуға болар еді. Село тұрғындары пайларын да ала алмай отыр. Ұят та болса айтайық, қазір қаражаты жоқ қарапайым халық азық-түлік дүкенінің алдында бір-бірінен қарыз сұрап жүр.

Ағымдағы жылдың шілде айында құрылтайшы инвестор «Айзет Фармас» серіктестігінің есебінде 120 бас мал болған. Бұл серіктестік «Бауманское — 2030» серіктестігіне тиесілі жайылымда малын баққан. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ол мал да белгісіз жаққа кетті. Ал, фермада мың бас қара мал бағуға болар еді. Егер серіктестік жұмысын оң жолға қойып, егін шаруашылығымен бірге мал шаруашылығын да дамытатын болса, село тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етер еді. Механизаторлар жаз бойы мал азығын дайындаса, өзгелері мал бағып, табыс табуға мүмкіндік алар еді. Дайын ферма, бос жатқан жер болса да мұндай жұмыс ұйымдастырылмай отыр.

–Нәтижесінде селодағы әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттар қаңырап бос қалды, – дейді село тұрғыны Дмитрий Иванюк, – селолық клуб, балалар бақшасы, ескі фельдшерлік-акушерлік пункт жылу берілмегендіктен жұмыс істемей тұр. Қазір қараусыз ғимараттар тозып барады. Себебі, мұның барлығы банкке кепілдікке қойылған.

Енді серіктестіктің қаржылық жағдайы туралы бір ауыз сөз айта кетелік. «Бауманское — 2030» серіктестігі салық пен бюджетке төлейтін өзге төлемдер үшін 233,5 миллион теңге қарыз. Оның 105,7 миллион теңгесі республикалық бюджетке, 71,6 миллион теңгесі облыстық бюджетке, 56,2 миллион теңгесі аудандық бюджетке. Әлеуметтік төлемдерге бағытталатын қаржы да төленбеген. Сөйтіп, қарыз да 20,2 миллион теңгеге жеткен. Міндетті зейнетақы төлемдеріне де 17,4 миллион теңге берешек болып отыр.

Кейбір деректерге қарағанда, еңбекақыға берешек көлемі 117 миллионға жеткен. 2024 жылдан бері қордаланып қалған қарыз да бар. Серіктестік жұмысшылары көктемгі егіс, күзгі орақ кезіндегі еңбекақыларын ала алмай жүр. Село тұрғындары қордаланған еңбекақы, зейнетақы төлемдері туралы дабыл қағып, аудан әкіміне бірнеше мәрте барған. 2025 жылдың 20 мамыр күні аудан әкімі Ю.Курушиннің тұрғындармен кездесуі кезінде Бауманское селосының тұрғындары Н.Юрченко мен А.Думина осы мәселелерді тағы да көтерген. Тіпті, 2025 жылдың 17 қазан күні аудандық мәдениет үйінде өткен жиында да көпшіліктің қабырғасына батқан осы мәселе айтылған.  Әйтсе де, ауыл тұрғындарының арыз-шағымы ескерілмей отыр. Жергілікті биліктің оң шешімін шығаруға дәрмені жетпейтіндей…

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар