Жолдың жақсарғаны, машақаттың азайғаны

Игі бір іс

Жарқайың ауданында облыстық маңызы бар «Жақсы – Державинск» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жол учаскесі соңғы рет он жылдан астам уақыт бұрын жөнделген, бүгінде жолдың жамылғысы мен көпір өткелін жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Жөндеу жолдың жалпы ұзындығы 41 шақырымнан асатын бөлігінде жүзеге асырылуда. Жұмыс 2024 жылы басталып, биыл да қарқынды жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде трассаның бір бөлігіне жаңа асфальт төселіп, жол жиегін нығайту және көпірді жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл аудан тұрғындары жөнделуін көптен күткен жолдардың бірі. Күн сайын осы бағытпен көлік бір толастамайды және бүгін осы жұмыстың нақты өзгерістерін көруге болады, дейді  аудан әкімінің орынбасары Ербол Мұқашев.

Жолдың жаңаруы тұрғындар үшін жол қатынасына қолайлы жағдайлар туғызып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыратынына әрі  жолға кететін уақытты қысқартатынына сенім мол. Бұл өзгерістерді жергілікті халық та сезіне бастады.

Осы жолмен күнде жұмысқа, аурухана мен аудан орталығына қатынап тұрамыз. Бұрын, әсіресе, ауа райы бұзылған кезде, күз бен қыста жүру қиын еді. Қазір жол әлдеқайда жақсарған және қауіпсіз, – дейді Далабай ауылының тұрғыны Берік Сейітғалиев.

Жөндеу жұмыстары Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бақылауымен жүргізілуде. Осылайша, ауданда көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы  жұмыс жүйелі түрде жалғасын табуда.

Республикалық маңызы бар «Жезқазған – Петропавл» автожолының 445–490 шақырымы аралығында да орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл жөндеу де жол сапасын жақсартып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыра түсті. Сонымен бірге, аудан орталығы Державинск қаласында да көше жолдары желісі жаңартылып, жаңа асфальт жамылғысы төселді, жол белгілері мен бағдаршамдар орнатылып, жол таңбалары сызылды.

Бұған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Отрадное және Кенское ауылдарында ұзындығы 3 шақырымнан астам жолдың жөнделгенін қоссақ өңірде жол мәселесінде біраз шаруаның тындырылғаны сөз жоқ байқала түседі.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар