Өзендердің арнасы тереңдетілуде

Тасқынға – тосқауыл

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан Зеренді және Сандықтау аудандарына жұмыс сапары барысында өзен арналарының түбін тереңдету мен тазалау бойынша ауқымды жобаларының жүзеге асырылуымен танысты.

Бұл жобалар өңір елді мекендерін су тасқыны қаупінен қорғауға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Ауданда қазіргі таңда Шағалалы өзенінің арнасын тазалау және үш су жинақтаушы тоған салу жұмыстары аяқталып қалды. Қалған жұмыстар бойынша тоғандардың еңіс бөлігіне тас төсеу жүргізілуі тиіс. Жобаны «Qazaq Union» ЖШС «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асыруда. Жоба аясында өзен арнасын 3,6 шақырымға тереңдету және түзу бағытқа келтіру, сондай-ақ, суды жинақтауға арналған үш тоған салу көзделген. Жобаның іске асыру мерзімі – 17 ай, құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың желтоқсанында толық аяқталмақ.

«Ақмола су қоймалары» мекемесінің күшімен биылғы жылдың қыркүйек айында Зеренді ауылында ұзындығы 1400 метр, ені 6 метр және биіктігі 3 метр болатын қорғаныс білігі салынды. Табиғи қиыршық тас төселіп, ені 1,5 метр, биіктігі 3 метр сазды қабат орнатылды. Тіршілік аймақтарын абаттандыру, жаңбыр суын ағызу жүйесін орнату, су өткізгіш құбырлар төсеу, екі қабылдау тоғанын және екі су жүргізу станциясын орнату жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, қуаты сағатына 140 текше метр болатын үш су айдайтын насос сатып алынды.

Сандықтау ауданының орталығы Балкашино ауылы маңындағы  жағалау сызығы бойында Жабай өзенінің түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары жалғасуда. Жобаны «Целингидротех» ЖШС жүзеге асыруда, қаржыландыру «Демеу Қазақстан қоры» есебінен қамтамасыз етілген. Жобаға сәйкес, Жабай өзенінің 5,2 шақырымдық бөлігінде арнаны түзеу және тазалау жүргізіледі. Бүгінде екі учаскеде арна түзетіліп, үш метрге дейін тереңдетілді, жалпы 52 гектар аумақта қамыс пен ағаш өсімдіктерінен тазалау жұмыстары атқарылды. Оң және сол жағалауда қорғаныс бөгеттері тұрғызылды. Жалпы жұмыстар көлемі толық дерлік орындалды, қазіргі уақытта өзен түбін тиісті жарылғыш заттармен жару аяқталуда.

– Жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар өңір тұрғындарының қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл жобалар толық аяқталғаннан кейін су тасқыны қаупі айтарлықтай төмендеп, су ағынын реттеу жүйесі жақсарады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы, өңірде «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорының қаражаты есебінен алты су тасқынының алдын алу жобасы жүзеге асырылуда.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар