Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына өз Жолдауындаүш жыл ішінде Қазақстан толық цифрлық мемлекетке айналуы тиіс деп атап өткен еді. Өңірлік жаңа технологиялар орталығының директоры Бағдат Қадыров өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді.
Бұл тапсырма Ақмола өңірінде қалай жүзеге асырылып жатыр?
Осыған келсек, бүгіндеоблыс педагогтары интеллектуалды құралдарды меңгеріп, оларды оқу процесіне белсенді енгізуде. Дәрістер күнделікті өмірде ғана емес, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыруда да маңызды.
Жасанды интеллектіні қолданудың ең маңызды тұстарына тоқталсақ, біріншіден, оқу материалдарын генерациялау және бейімдеу; дидактикалық материалдар, тестілер, тұсаукесерлер мен бейнесабақтар дайындау, жасанды интеллект элементтері бар практикалық тапсырмалар мен жобалар әзірлеу, білімді тексеру және оқу нәтижелерін талдауды автоматтандыру, сабаққа дайындық үшін интеллектуалды көмекшілерді пайдалануға болады.Чат-Джипити, Канва, «Биңг Копилот», «Граммарли», «Купирод»сияқты платформалар мен мамандандырылған білім беру шешімдері педагогикалық қызметті жеңілдетіп, оқу процесінің тиімділігін арттыруда кеңінен қолданылуда.
Педагогтарды даярлауда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға арналған цифрлық технологияларды пайдалану» атты модуль әзірлеп, оны 56 білім беру бағдарламасына енгізді.
2024–2025 жылдары жасанды интеллект мәселелері бойынша Ақмола облысының шамамен 120 педагогы оқудан өтті. Курстардың бағдарламасы жасанды интеллектіні қолдану дағдыларын дамытуға, нейрожелілер мен интеллектуалды платформаларды тапсырмалар мен тестілер дайындауда қолдануға және цифрлық құралдарды қауіпсіз пайдалануға бағытталған.Сондай-ақ, өңірдегі педагогтар Астана Хаб алаңында «Гейм Дэвелопмент» және «Жасанды интеллект» курстарынан өтіп жатыр. Курстарда заманауи цифрлық шешімдермен және практикалық кейстермен танысады.
Жасанды интеллектіні енгізу бойынша көшбасшылардың бірі – Көкшетау қаласындағы әл-Фараби атындағы IT-лицейі. Мұғалімдер интеллектуалды технологияларды бейнесабақтар мен дәрістердіөткізуде белсенді қолданады. Лицей оқушылары Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық білім беру жобалары мен жазғы бағдарламаларға қатысып, жасанды интеллектіні оқытудағы озық тәсілдерді меңгеруде.
Көкшетау жоғары техникалық колледжінің де бұл істе үлесі айтарлықтай. Колледж студенттері эмоционалдық күйді диагностикалауға және терапиялық сессиялар өткізуге арналған жасанды интеллекті негізіндегі мобильді қосымша әзірледі. Бұл жоба эмоционалды интеллектіні дамытуға көмектесіп, жасанды интеллектінің әлеуметтік және педагогикалық тәжірибеде қалай қолданылатынын көрсетеді.
Өңірдің білім беру жүйесінде «Алақан мектеп» дашбордында «Алақан» жасанды интеллекті жүйесі іске асырылды. Ол мұғалімдерге оқу ақпаратын дайындау мен өңдеуге, тапсырмалар құрастыруға және оқу деректерін талдауға көмектеседі. Сервис педагогтардың жұмыс тиімділігін арттыруға және құжаттама мен есептілікті дайындауға кететін уақытты азайтуға бағытталған.
Осыдан үш жыл бұрын Ақмола облысы мектептерінде1-сыныптан бастап «Цифрлық сауаттылық» пәні енгізілді. Бұл сабақта оқушылар компьютермен, интернетпен жұмыс істеу, алгоритмдер мен робототехника негіздерін меңгереді. Ал, биылдан бастап өңірде бағдарламалауға оқыту бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жоғары сынып оқушыларына бағдарламалау, жасанды интеллект және ойын жасау негіздерін қамтитын арнайы курстар енгізілді.
«Ақмола хаб»технопаркі өңірдегі жасанды интеллектінің элементтері бар стартаптарды дамыту алаңына айналды. Былтыр Астана Хаб ұйымдастырған «Startup Garage» инкубациялық бағдарламасына облыстан 14 жоба жолданды. Ол жобалардың бірі жасанды интеллектімен Қазақстан өңірлерімен диалог жүргізіп, VR-турлар ұйымдастыруға болатын туристерге арналған web-қосымша.
Ақмола облысының білім басқармасы жанынан білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу мәселелері жөніндегі Цифрлық штаб құрылды. Штаб білім беру ұйымдарында жасанды интеллект технологияларын оқу процесіне енгізуде шешуші роль атқарады. Штабтың негізгі міндеттеріне білім беру жүйесіне ЖИ енгізу бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу, педагогтар мен білім алушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру және жасанды интеллект саласындағы жобаларды іске асыруға жәрдемдесу сияқты жұмыстар кіреді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген: Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

