Еңбегімен еңселі
Арамызда атақ пен жеңіл жолды қумайтын қарапайым жандар баршылық. Дәл солардың маңдай тері мен тынымсыз еңбегінің арқасында қалалар бой көтеріп, кәсіпорындар қанат жаяды, ел еңсесін тіктейді.
Осындай елеулі тұлғалардың бірі – «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің ғимараттар мен құрылыстардың пайдаланылуын қадағалау жөніндегі инженері Төлен Сейполдаұлы Оразбеков.
Төлен Сейполдаұлы 1956 жылғы 28 ақпанда Павлодар облысы Екібастұз ауданының Төртқұдық кенішінде дүниеге келген. Бала кезінен техникаға қызығушылық танытып, түрлі тетіктерді бұзып-жинаумен, кейін металл өңдеумен әуестенген. Ізденімпаздық пен білімге құштарлықты өмір бойы жанына серік етіп келеді.
Мектепті бітірген соң Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, «ғалым-агроном» мамандығын алды. Мамандарды бөлу бойынша Көкшетауға жіберіліп, бүкіл кәсіби өмірін осы қалаға арнады.
Шағын авиациядан – экологияға
Алғашқы еңбек жолын Көкшетау әуежайында бастады. Халық шаруашылығында авиацияны қолдану инженері болып жұмыс істеді. Ол кезде шағын авиация ауыл шаруашылығында кеңінен пайдаланылатын. Арамшөпке қарсы химиялық өңдеу, зиянкестерден және аурулардан қорғау жұмыстарына дейін осылай жүргізілетін.
Кейін облыстық агрохимиялық зертханада, өсімдік қорғау станциясында, сортаң жерлерді игеру жөніндегі арнаулы жылжымалы механикаландырылған колоннада еңбек етіп, агрономнан өндірістік-техникалық бөлім бастығына дейін өсті.
1993 жылдан бастап жаңа кезең – экология саласындағы мемлекеттік қызметі басталды. Төлен Сейполдаұлы жер ресурстары мен кең таралған пайдалы қазбаларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор, кейін экологиялық мониторинг бөлімінің бастығы, одан соң Көкшетау облыстық экология және биоресурстар басқармасының атмосфералық ауаны қорғау және радиациялық қауіпсіздік бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Ол осы маңызды әрі күрделі салаға 15 жылдан астам уақытын арнады. Сөйтіп, ауа мен топырақтың ластануын зерттеумен, радиациялық шығарындыларды және қалдықтардың орналастырылуын бақылаумен айналысты.
– Экологиялық қызмет құрылған кезде бәрін жаңадан бастауға тура келді. Апталап облыс бойынша деректер жинадық. Халық саны мен мал саны, қалдықтар мен шығарындылар. Біртіндеп бірыңғай база қалыптастырдық. Есімде қалғаны, Өскеменде бірде «Бұл мониторингті кім жасады?» – деп сұрады. Бәрі маған қарады. Ал, «мен қиын ештеңе жоқ, бұл менің жұмысым ғана» дедім, – деп еске алады өзі өмірінің кей белестерін.
Энергетика – жаңа белес
2010 жылдан бері Төлен Сейполдаұлы «Көкшетау Энерго» ЖШС-інде еңбек етіп келеді. Әуелі жөндеу инженері болды, қазіргі таңда ғимараттар мен құрылыстардың пайдаланылуын қадағалау инженері қызметін атқаруда. Оның міндетіне жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және жаңа нысандардың құрылысы кіреді. Бұл жерде де ол тәжірибелі маман әрі сенімді ұйымдастырушы ретінде танылды, әрқашан кәсіби өсуге ұмтылысын көрсетті.
–Құрылыс – маған ең жақын сала. Себебі, нақты нәтижесін көресің. Мәселен, бұрын бос орын болса, енді заманауи ғимарат тұрады. Соны байқайсың да, еңбегіңнің зая кетпегенін түсінесің, – дейді Төлен Оразбеков.
Компаниядағы 15 жылға жуық жұмыс барысында оның басшылығымен ондаған инфрақұрылымдық нысандар салынды және қайта жөнделді. Зейнет жасына жетсе де, әлі де еңбек етіп, ұйымшыл ұжымды басқарып келеді. Әріптестері оның жетекшілігімен ең күрделі жобалардың өзі ойдағыдай орындалады дейді.
Адалдық, еңбекқорлық, кішіпейілділік
Әріптестері Төлен Сейполдаұлын адалдығы, еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы үшін бағалайды. Ол атақ қуғанды ұнатпайды, бірақ, әрдайым көмек беруге дайын тұрады. Ерекше қасиеті – кез келген жаста жаңа нәрсені үйрене білуі. Ондаған жыл еңбек етсе де, әлі күнге дейін арнаулы әдебиеттерді оқып, жаңа технологияларды меңгеріп, жобаларды сапалы ететін шешімдерді іздеуден жалықпайды.
Осы жетістіктерінің бәрінде мақаламыздың кейіпкері өмірлік серігі Сәуле Оразбековадан ерекше қолдау тауып келеді. Келер жылы шаңырақ көтергендеріне 50 жыл толады. Олар өздері дұрыс тәрбие беріп, өсірген балалары мен немерелерін де мақтан тұтады.
Байқап отырғандарыңыздай, Төлен Оразбековтың өмірбаяны – уақыттың айшықты бір көрінісі. Оның мінезі – жауапкершіліктің, іске адалдықтың және туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісі.
Қарлыға МҰХАТАЕВА.
![]()

