15 қараша – Ұлттық валюта Теңге күні
Теңге – тәуелсіз еліміз Қазақстанның тарихы мен мәдениетін және дәстүрін айқындайтын басты нышандарымыздың бірі.
Ұлттық валюта 1993 жылы 15 қарашада айналымға енгізілді. Бұл дегеніміз еліміздің шынайы дербес экономикалық саясатының бастамасы болып, Қазақстанға ұлттық нарықтық инфрақұрылымды құруға бастайтын алғашқы қажетті қадамдар жасауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, теңгенің енгізілуі біздің елімізге тәуелсіз ақша-кредит және бюджеттік-салық саясатын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
КСРО-ның бірыңғай ақша айналымы жүйесі ыдырағаннан кейін оның құрамында болған елдерде күрделі экономикалық жағдай қалыптасты, осындай ахуалға байланысты біздің елде Қазақстан Республикасында ұлттық валютаны енгізу қажеттілігі туындады. Гиперинфляциялық процестер барлық саладағы өндірісті құлдыратты, халықтың өмір сүру деңгейі төмендеп, жалақы, зейнетақы және жәрдемақылар төленбеді.
Мемлекет пен халықтың экономикалық мүддесін қорғау мақсатында Қазақстанның сол кездегі Президенті мен Үкіметі ұлттық валютаны қалыптастырып, қолданысқа енгізу туралы шешім қабылдады. Қазақстанда ұлттық валютаны әзірлеу өте қысқа мерзімде – тек бір жылдың аясында іске асырылды. Сөйтіп, егемен Қазақстанның алғашқы ақшасын ағылшындардың «Harrison&Sons» компаниясы басып шығарды. Теңге тарихына зер салсақ, Қазақстанның ақшасы 1995 жылға дейін Англияда басылып келсе, кейін 1995 жылдың 19 мамырынан бастап теңгенің барлық номиналдары Қазақстан банкнот фабрикасында шығарыла бастады. Ал, Ұлттық банк – ұлттық валютаның Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз эмитенті болып табылады.
Елдегі күрделі экономикалық жағдайды және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті ескере отырып, кеңестік рубльді ұлттық валютаға айырбастауға өте қысқа мерзім ғана берілді. 1993 жылдың 15 қарашасындағы таңғы сағат 8:00-ден 20 қарашаның кешкі сағат 18:00-ге дейінгі аралықта валюталарды айырбастау туралы шешім қабылданды және іс жүзінде солай болды да.
Өндіріс орындары құлдырап, инфляция өршіп бара жатқан кездегі ақшаны айырбастау шаралары сол реформаның басты мақсаты – ұлттық валютаның тұрақтылығы мен айырбасталуын қамтамасыз ету үшін Үкімет пен Ұлттық Банк орындауға тиіс орасан зор және маңызды жұмыстың бастамасы болды.
Бүгінгі таңда теңге – ең әдемі банкноталардың бірі ғана емес, сонымен қатар, ерекше қорғалған ақшалардың бірі. Қазіргі уақытта теңгенің 18 қорғаныс дәрежесі бар.
Ұлттық валюта Қазақстан Республикасының қалыптасуымен де, дамуымен де тығыз байланысты. Мемлекет тарихы, маңызды тарихи оқиғалар, көрнекті тұлғалар, мерейтойлар, мәдени және спорттық жетістіктер Ұлттық банк шығарған банкноталар мен монеталарда жүйелі көрініс табады. Арнайы шығарылған естелік және мерейтойлық монеталар еліміздің бет-бейнесі ғана емес, сонымен қатар, республика тарихында орын алған маңызды оқиғалар мен кезеңдердің сақтаушысы болып табылады.
Қазіргі уақытта Ақмола облысында Қазақстанның Ұлттық Банкінің Ақмола облыстық филиалынан бөлек, екінші деңгейлі 12 банк филиалдары мен «Қазпошта» акционерлік қоғамының облыстық филиалы өңір экономикасының дамуына лайықты үлес қосып, халыққа және кәсіпорындарға қаржылық қызметтердің кең спекторын ұсынуда.
Ұлттық валюта айналымға енгізілген күннің тарихи маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 13 қарашадағы Жарлығымен 15 қараша Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Ұлттық валюта – Теңге күні болып жарияланды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақмола филиалы облыстағы қаржы нарығының барлық қызметкерлерін осынау кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтайды және оларға зор денсаулық, отбасылық ынтымақ-береке, қаржылық тұрақтылық және табысты еңбек тілейді.
Айнагүл ЖОЛДЫБАЛИНА,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Ақмола филиалының директоры.
![]()

