Ақмола облысында дәл қазіргі уақытта қызылша мен көкжөтел сияқты инфекциялық аурулардың таралуы төмендегені себепті аймақта санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді.
Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметіне келіп, брифинг өткізген Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов мәлімдеді.
Мұндай оң нәтижеге денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, аталмыш ауру түрлерінің таралуының алдын алу мен халықты белсенді вакцинациялау арқасында қол жеткізілген көрінеді. Соның нәтижесінде, әсіресе, күз айларында өршіп, дес бермей кететін инфекциялық аурулардың таралуы бәсеңдеп, тұмау, көкжөтел, қызылшаның тіркелуі едәуір азайған.
– Бұл аурулардың өршу себептерінің бірі ата-аналардың вакцинадан бас тартып, балалардың тиісті екпелерді уақытында алмауы. Тұмаумен көбінесе балалар ауырады, осы себептен инфекция отбасы мүшелерінің барлығына таралып, үлкендер де ауыра бастайды. Біз биылғы тұмау маусымында баласы бар ата-аналардың арасында ауруға қарсы вакцинациялау жұмыстарын қарқынды жүргіздік. Бұл жағдайды тұрақтандыруға өз әсерін тигізді, – деді Серік Омарханов брифинг барысында.
Облыста жөтел бойынша да оң динамика байқалуда. Аймақтың бас санитарлық дәрігері өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдық төрт есеге азайғанын, бұған дейін өршігенінің себебі, оның түрлі себептермен екпе алмаған кішкентай балалардың арасында көптеп таралғанын атап өтті.
Брифинг барысында белгілі болғанындай, керісінше, Бурабай, Есіл аудандары мен облыс орталығы Көкшетауда өткір ішек инфекциялары бойынша аздаған өсім байқалған. Бұл ауру, әсіресе, жас балалардың арасында таралуда.
– Ауру ошақтары анықталып, халыққа аурумен күресу және оның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, сондай-ақ, ауыз судың және тағам өнімдерінің сапасына бақылау күшейтілді, – деді бас санитар дәрігер бұл орайда.
Сонымен қатар, бір қуанарлығы, вирусты гепатиттер бойынша да ауру жоспарлы вакцинациялау арқасында екі есеге жуық төмендеген.
Аймақта эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері 17 мыңнан астам жедел респираторлық вирустық инфекция жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Облыс тұрғындарының басым дені тұмауға қарсы екпе алған, олардың қатарында медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер және балалар бар. Ал, балалар арасындағы тері инфекцияларының көбеюі жеке гигиена ережелерінің сақталмауынан және балалардың ауру жан-жануарлармен байланыста болғандығынан туындап отыр.
–Біз профилактикалық жұмыстарды, әсіресе, балалар көптеп шоғырланған ұжымдарда күшейтіп жатырмыз. Гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау көптеген инфекциялардың алдын алуға көмектесетінін естен шығармаған жөн, – дейді бұл ретте де бас санитарлық дәрігер.
Жалпы алғанда, облыста эпидемиологиялық жағдай арнайы мамандардың тұрақты бақылауында тұр. Мамандар тез таралатын аурулардың алдын алу мен бұған халықтың жауапкершілігін арттыру мақсатында жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысымыздың уақытылы екпе алып, жеке гигиена ережелерін сақтап, профилактикалық шараларға белсенді қатысуымыз алтыннан да бағалы денсаулығымызды сақтаудың ең тиімді жолы екенін естен шығармайық.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

