Банк. Қаржы. Несие.
Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша 1990 қазақстандық баспаналы болды. Олардың барлығы – жұмысшы мамандықтарының иелері.
Бұл мамандар үй салу, электр энергиясын беру мен тарату кәсіпорындарында, автомобиль өндірісінде, кен, мұнай және газды өндіру және қайта өңдеу салаларында жұмыс істейді.
Жұмысшы мамандардың ел игілігі жолындағы еңбегі орасан зор. Оларға қолдау білдіру және тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесу үшін биыл «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі алғаш рет жеке бағыт – «Наурыз жұмыскер» бағдарламасын іске қосты. Оған өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 17 наурызында басталды. Бағдарламаның жұмыс істеу кезеңінде ең көп несие көлемі өнеркәсіп пен құрылыс саласының қызметкерлеріне берілді. Осы салаларда еңбек етіп жүрген 1176 маман баспаналы болды. Несие саны бойынша екінші орында – көлік саласының мамандары. Осы саладағы мамандардың 396 өкілі де тұрғын үйге ие болды. Үштікті энергетика саласы қорытындылады – осы сектордың 269 маманы қолжетімді несие рәсімдей алды.
Сонымен қатар, «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының қолдауымен өз баспанасын ауыл шаруашылығы, су ресурстары және суармалы жерлер саласының қызметкерлері де алды. Бағдарлама 1143 кәсіпорын мен 8230 жұмысшы маманды қамтыды. Бағдарлама қатысушысы болу үшін арнайы конкурсқа қатысу міндетті емес. Жұмыс берушіден қызметкердің лауазымы, мамандығы және кәсіп түрін көрсететін анықтама алып, оны кез келген «Отбасы банк» бөлімшесіне өтінішпен тапсыру жеткілікті. Жұмысшы мамандықтарының атауларының тізімі, кәсіпкерлік қызмет түрлері және жұмыс берушіден алынатын анықтама формасымен Банктің ресми сайтында танысуға болады.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасына қатысушыларының орташа жасы – 31 жас. Жұмысшы мамандық иелері арасында әйелдер де аз емес. Өйткені, алынған несиелердің шамамен 20 пайызы нәзік жандыларға тиесілі. Солардың бірі – Ақкүміс Құдайберген. Ол теміржол саласында инженер-технолог болып қызмет атқарады. Жас маман бұған дейін Көкшетауда ата-анасымен бірге тұрыпты. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының көмегімен Ақкүміс өз пәтерін сатып алды.
– Студент кезімде мен Отбасы банкінде депозит аштым. Жұмысқа кіріскеннен кейін оны мүмкіндігінше толықтыра бердім. Осы әрекетім несие алуда маған көп көмектесті. Өз баспанамның болуын көптен бері армандайтынмын. Банкте маған «Наурыз жұмыскер» бағытында несие алуға кеңес берді. Бағдарлама шарты да сәйкес келіп тұрды. Несиеге берген өтінішім мақұлданғанына қуаныштымын. Міне, Астанадан өз пәтерімді сатып алдым, – дейді Ақкүміс Құдайберген.
«Наурыз жұмыскер» бағыты мен «Наурыз» бағдарламасының шарттары бір. Аймақтар үшін несиенің ең көп сомасы – 30 миллион теңге, ал Астана мен Алматы үшін – 36 миллион теңге. Үлкен қалалар мен облыс орталықтарында тек жаңа баспананы сатып алуға болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
сурет encrypted-tbn0.gstatic.com сайтынан
![]()

