Биылғы жыл – серпінді

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер мен блогерлердің сұрақтарына үш сағатқа жуық жауап берді.

Республикалық БАҚ-тың өңірге деген мұндай ерекше қызығушылығы Ақмола облысының елордаға жақын орналасуымен ғана емес, соңғы уақытта облыстың қарқынды дамуымен де түсіндіріледі. Қысқа мерзім ішінде облыс басшылығы Көкшетауда ЖЭО мен су тазарту құрылыстарын салудан бастап, агроөнеркәсіптік кәсіпорындарды ауқымды цифрландыруға, ауылдарда медициналық нысандар салуға және тұрғын үй қорын жаңартуға, яғни, реновацияға дейін көптеген жылдар, тіпті ондаған жылдар бойы өзекті болып келген мәселелерді шеше алды.

Елдің астық қоймасы

Ауыл шаруашылығы облыс экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып қала береді. Облыс әкімі биылғы жылы өңірде рекордтық астық өнімі жиналғанын – гектарынан орташа өнімділік 16,3 центнерден айналып, 7,6 миллион тоннадан астам астық алынғанын атап өтті. Өнімнің шамамен 70 пайызы жоғары сапалы астық.

Жоғары нәтижелерге егіс алқаптарын 5,5 миллион гектарға дейін ұлғайту, дәлме-дәл егіншілікті қолдану және мақсатты мемлекеттік қолдау арқылы қол жеткізілді. Саланы дамытуға – техниканы жаңартуға, тыңайтқыштарды, жанар-жағармайды сатып алуға және егіс жұмыстарын жүргізуге 250 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Тек осы жылдың өзінде аграршылар 1600-ден астам заманауи техника сатып алды, оның ішінде жеңілдікпен лизинг арқылы, – деді Марат Ахметжанов.

Әкім мәліметінше, жақын және алыс шетелдерге 3 миллион тоннадан астам астық экспортталған.

Эстониялық Muga Grain Terminal терминалымен меморандумға қол қойылғаннан кейін, өңір еуропалық порттарға тікелей шығу мүмкіндігін алды. Италия, Бельгия және Эстонияға қазірдің өзінде 209 мың тонна астық жеткізілді, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы облыста мал, шаруашылығы дамып келе жатқанын, кооперативтер мен қайта өңдеу цехтары желісінің өсіп жатқанын айрықша атап өтті. Бұл өңірдің бірте-бірте шикізат экспорты моделінен тұйықталған агроөнеркәсіптік тізбекті – егістіктен және фермадан дайын өнімге дейінгі жүйені қалыптастыруға көшіп жатқанын білдіреді.

Жыл қорытындысы бойынша өңірдің ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1,2 триллион теңгеге жуықтайды деп күтілуде.

Болашаққа инвестиция

Өңірдің тұрақты экономикалық өсуі туралы айта келіп, облыс әкімі бұл инвестиция тартусыз мүмкін емес екенін атап өтті. Бұл бағытта облыс мақтана алады: жыл қорытындысы

бойынша өңір экономикасына салынған инвестиция 660 миллиард теңгеден астам соманы құрайды деп күтілуде, – бұл өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін іске асыруға төрт жаңа индустриалды аймақ көмектеседі. Бұлар – Көкшетау, Целиноград ауданындағы алаңдар және Аршалы өңіріндегі AQMOLA республикалық маңызы бар аймақ. Дәл осы аймақ ірі шетелдік инвесторлар үшін тартылыс орталығына айналды. 1 триллион теңге сомасына жобалар портфелі қалыптастырылған, оларды іске асыру 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашады.

Аршалы ауданында пайда болатын кәсіпорындардың ішінде қытайлық Dalian компаниясымен бірлесіп салынып жатқан астықты терең өңдеу зауыты бар. Қазанда Hopfull Grain компаниясымен астықты терең өңдеу бойынша екінші ірі кешен құрылысы туралы стратегиялық меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа, индустриалды аймақ аумағында клинкер мен кірпіш өндіру зауытын, пестицидтер мен тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорын салу және басқа да өнеркәсіптік ауыр салмақтылардың пайда болуы жоспарланған.

Бұл жобалардың барлығы ірі халықаралық және ұлттық инвесторлардың өңірге деген сенімінің тікелей дәлелі, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Индустриялық өрлеу

Аграрлық-шикізаттық өлкеден облыс соңғы жылдары нағыз өндірістік хабқа айналды. Өңірдің өнеркәсіп өндірісінің көлемі екі триллион теңгеден асты. Бізде елдегі барлық теміржол подшипниктері, арнайы  автомобильдердің 84 пайызы және барлық астық жинайтын комбайндардың жартысы өндіріледі.

Алтын өндіру негізгі салалардың бірі болып қала береді. Облыстың үлесіне барлық ұлттық  алтын құрамды кен көлемінің жартысына жуығы және өндірілген алтынның төрттен бірі тиесілі. Елде өндірілетін әрбір екінші килограмм металл – ақмолалықтар үлесі. Өндіріс көлемінің басым бөлігі ірі кәсіпорындарға – «Altyntau Kokshetau» АҚ, «Алтыналмас» және «RG Gold» компанияларына тиесілі.

Бірақ облыстың өнеркәсіптік жетістігі шикізат өндірумен шектелмейді. Мысалы, өңір үнемі кірпіш өндіру көлемін  арттыруда. Бүгінде облыс зауыттары жылына 250 миллион кірпіш шығарады және жақын болашақта қуаттылықты үш есе арттыру жоспарлануда – тағы сегіз кірпіш зауытын салу көзделген.

Марат Ахметжанов облыс басшылығының міндеті – өндірістік тізбектерді құру, оны кеннен дайын өнімге дейін, егістіктен қайта өңдеуге дейін, конвейерден нарыққа дейін жеткізу екенін атап өтті.

Жолдар салынуда

Ақмола облысы үшін жол инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық маңызы бар, өйткені, өңір аумағы арқылы елорданы елдің басқа өңірлерімен байланыстыратын маңызды көлік дәліздері өтеді, – деп атап өтті брифингте өңір басшысы.

Ол ауқымды жобаны еске салды. Президенттің тапсырмасы бойынша Орталық–Батыс жаңа көлік дәлізі салынады, ол Астананы Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий бағытымен байланыстырады. Ұзындығы 350 шақырымнан астам учаске Ақмола облысының аумағы арқылы өтіп, өңірдің логистикалық инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартады.

Бірақ, облыстағы басты назар бұрынғыдай қарапайым азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға аударылады. Марат Ахметжановтың айтуынша, соңғы үш жылда ғана өңірде 2,5 мың шақырымға жуық жол салынды және жөнделді. Биылғы жылы 900 шақырым автожолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған 115 миллиард теңге салынды. Бұл соманың басым бөлігі – 65 миллиард – жергілікті маңызы бар жолдарға және елді мекендердегі көше-жол желісін жөндеуге бағытталған.

Жол жұмыстары өңірдің 60-тан астам ауылын қамтыды. Жаңа жабын облыс орталығы  Көкшетауда ғана емес, сонымен қатар, Қосшы, Талапкер, Қоянды, Қараөткел, Қаражар, Ыбырай Алтынсарин, Державинск, Зеренді және басқа да ондаған елді мекендерде пайда болды.

…және жаңа тұрғын үй

Облыс әкімінің брифингте хабарлауынша, жыл соңына дейін өңірдің жеті мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартады.

Тұрғын үй құрылысының жоғары қарқыны сақталуда және, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал санаттарына, кезекте тұрғандарға, алданған үлескерлерге және апатты үйлердің тұрғындарына ерекше назар аударылады. Көрсетілген санаттар үшін екі мың пәтер қарастырылған, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Ол жеке құрылыс салушылардан дайын пәтерлерді сатып алу тетігі өте сәтті болғанын атап  өтті. Биылғы жылы осылайша 750 пәтер сатып алынды. Мұндай сатып алулар арқылы облыстың Астана маңындағы өңірлеріндегі алданған үлескерлердің проблемаларын да шешуге мүмкіндік туды. Билік инвесторларға үлестік құрылыс шеңберінде қажетті пәтерлерді көбірек салуды ұсынады, ал, бұл ретте, құрылыс салушы артық тұрғын үйді нарықтық бағамен сату құқығына ие болады. Біз заңның рухына сай әрекет етеміз, басты міндетті басшылыққа аламыз, мұның бәрі мәселені шешу, адамдардың өмірін жақсарту, – деп түсіндірді облыс әкімі өзінің тәсілін.

Марат Ахметжанов өңірде іске қосылған тұрғын үй қорын жаңарту (реновация) бағдарламасының жетістігі туралы да айтып берді.

Біз ескі және апатты үйлерді заманауи және тиімді үйлерге ауыстырамыз. Бағдарлама облыстың бес өңірінде – Көкшетау, Бурабай, Аршалы, Бұланды және Зеренді аудандарында жұмыс істеп тұр. Биылғы жылы реновация бағдарламасы аясында 740 пәтерлік 11 үй салынды, бұл – адамдардың өмір сүру сапасын нақты жақсарту, – деді облыс әкімі.

Ақауларсыз және сөндірусіз

Өңірдегі жылу беру маусымы дәл осылай өтеді деп сендірді өңір әкімі. Оған дайындық  суық түспей тұрып басталған. Өңірде 40 шақырымнан астам жылу желілері ауыстырылды, жаңа учаскелер қайта жаңартылды және салынды, қазандықтардың жабдықтары жаңартылды. Инфрақұрылымның тозу деңгейі ең жоғары болған қалалар мен ауылдарға ерекше назар аударылды.

Степногорскiде 17 шақырым жылу трассалары жаңартылып, олардың тозуы 80-нен 68 пайызға дейін төмендеді. Атбасарда бұл көрсеткіш 68 пайызға дейін төмендеді. Көкшетауда  қысқа дайындық бойынша жоспарланған барлық жұмыстар 100 пайызға орындалды. Жылу беру маусымы тұрақты өтуде, – деді Марат Ахметжанов.

Ол облыс орталығында жаңа жылу электр орталығының (ЖЭО) құрылысының басталуы өңір үшін нағыз серпіліс болғанын атап өтті. Құрылыс аяқталғаннан кейін станция қала тұрғындары мен өнеркәсіпті жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді, демек, сырттан әкелінетін қуаттарға тәуелділік алынып тасталады, ал, Көкшетауда орталықтандырылған ыстық сумен қамту пайда болады. Бұдан басқа, облыс орталығын кеңейтуге және өнеркәсіптік кәсіпорындар салуға мүмкіндік туады.

ЖЭО-ның бірінші кезегін іске қосу 2028 жылға, екіншісін 2029 жылға жоспарланған. Облыс әкімінің айтуынша, жоба тек станцияның өзін салуды ғана емес, сонымен қатар, жаңа жылу трассаларын, су құбырларын, электр беру желілерін, сондай-ақ, көпқабатты үйлердегі ыстық сумен қамту жүйесін қалпына келтіруді қамтиды.

Облыс әкімінің айтуынша, газификациялау да жоспар бойынша жүріп жатыр. Биылғы жылы газ Нұрлы, Аққайың, Шұбар, Қосшы, Ыбырай Алтынсарин және Талапкерге келді. 50 мыңға жуық адам табиғи отынға көшті. Келесі жылы газ құбырына тағы алты елді мекен, соның ішінде Қараөткел, Қызылсуат және Тайтөбе қосылады.

Туристік Мекке

Облыс әкімі туризм саласын дамыту туралы да айтып берді. Оның мәліметінше, бірінші жартыжылдықта көрсетілген туристік қызметтердің көлемі 121 пайызға айтарлықтай өсті. Бұл облыстың бірегей табиғи сұлулығы мен мүмкіндіктеріне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын білдіреді.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жалғасуда, 2029 жылға дейін мұнда 118 іс-шара іске асырылады. Негізгі назар туристік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға аударылады. Демалысты әр түрлі және қызықты етуге арналған жаңа туристік нысандар белсенді түрде құрылуда. Биылғы жылы курорттың көркем жерлерінде жеті жаңа бақылау алаңы пайда болды, олардан таңғажайып көріністер ашылады. Белсенді демалысты ұнататындар үшін заманауи веложол салынды, ал, ойын элементтері бар бірегей Бөлектау экосоқпағы QR-кодтар мен Telegram-ботты пайдалана отырып, серуенді қызықты квестке айналдырады.

Отбасылық және әлеуметтік туризмге бағытталған Ақбура және Қатаркөл сияқты жаңа орындар белсенді дамуда. Биылғы жылы алғаш рет өңірдің сұлулығын құс ұшу биіктігінен көруге мүмкіндік беретін тікұшақ экскурсиялары іске қосылды. Одан да ауқымды жоба – Астанамен тікелей әуе қатынасы үшін шағын аэродром ашу пысықталуда. Бұл жолда жүру уақытын айтарлықтай қысқартады және туризмді дамыту үшін жаңа көкжиектер ашады.

Цифрландыру саласы

Марат Ахметжанов тағы бір маңызды жоба – барлық салалардан деректерді біріктіретін және жедел шешім қабылдауды қамтамасыз ететін Көкшетаудағы Диджитал, Ақмола орталығының ашылуы туралы айтып берді. Платформа әртүрлі көздерден ақпаратты нақты уақыт режимінде жинайды, өңдейді және талдайды, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірыңғай көрінісін қалыптастырады. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыру және басқарудың ашықтығын арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Өңірде барлық жедел және сервистік қызметтерді интеграциялау үшін AI Көмек зияткерлік платформасы құрылды. Жобаның пилоттық іске қосылуы 109 және 112 қызметтерін қосумен өтті, жыл соңына дейін 103 қызметімен интеграциялау жоспарлануда. Сондай-ақ, 102 қызметімен интеграциялау мәселесі қарастырылуда, бұл әкімдік, коммуналдық кәсіпорындар және халық арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді.

Басым бағыттардың қатарында – жасанды интеллектті дамыту. Жыл басынан бері өңірдің 2500-ден астам тұрғыны, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер және жастар цифрлық құзыреттерге оқытумен қамтылды, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Денсаулық сақтау саласында Ascle AI жобасы іске асырылды – бұл дәрігердің ЖИ-көмекшісі, ол пациенттерді қабылдауды тіркейді, негізгі ақпаратты автоматты түрде шығарады, құжаттаманы толтырады және 80 пайызға дейінгі дәлдікпен алдын ала диагнозды қалыптастырады. Жоба Көкшетау, Степногорск, Қосшы және Ақкөлді қамтиды, көмек көрсетуді жеделдетеді және медициналық қызметтердің сапасын арттырады.

Әлеуметтік салаға басымдық

Облыс әкімі бірнеше рет атап өткеніндей, өңір басшылығы үшін бастысы, адамдардың өмір сүру сапасын арттыру болып қала береді. Облыс ауылдарында 43 жаңа амбулатория мен фельдшерлік пункттің салынуының арқасында маңызды серпіліс жасалды. Оның 38-і Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы аясында, тағы бесеуі өз бетінше салынды. Ондыққа жуық шағын ауылдар үшін бұл тек инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, тұрақты медициналық көмектің пайда болу фактісі болды. Енді 130 мыңнан астам ақмолалық аудан орталықтарына бармай-ақ, тұрғылықты жері бойынша дәрігерлерге жүгіне алады.

Өңірде апатты және үш ауысымды мектептер мәселелері толығымен шешілді. Соңғы екі  жылда 19 мыңнан астам орындық 24 жаңа мектеп салынды. Келешек мектептері ұлттық жобасы аясында тоғыз мектеп салынды, оның жетеуі ауылдық жерлерде орналасқан. Бұдан басқа, биыл 20 оқу орнын жаңарту аяқталды, – деді облыс әкімі брифингте.

Спорт инфрақұрылымы да дамуда. Зерендіде Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты  есебінен салынған Қазақстандағы алғашқы спорт мектебі ашылды. Жыл соңына дейін тағы жеті спорт нысанының құрылысы аяқталады. Олар Қызылжар, Бестөбе және Қорғалжындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Макинскідегі жүзу бассейні, Щучинскідегі спорт сарайы, облыс орталығындағы көпфункционалды спорт кешені.

Жақын жылдары Көкшетауда 10 мың көрерменге арналған заманауи стадион пайда  болады. Ол Қазақстанның солтүстігіндегі спорт Астанасының символы және ұлттық деңгейдегі турнирлер өткізілетін орынға айналады.

Тасқын судан қорғау

Журналистердің брифингте қойған бірнеше сұрағы өңір тұрғындарын су тасқынынан қорғауға қатысты болды.

Оларға жауап бере отырып, Марат Ахметжанов егер бұрын өңір көбінесе туындаған төтенше жағдайларға әрекет ету қажеттілігімен бетпе-бет келсе, енді басымдық су тасқынына  қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жоспарлы, ұзақ мерзімді жұмысқа ойысқанын атап өтті.

Биылғы жылы Қалқұтан, Нұра, Шағалалы және Жабай өзендерінің арналарын жалпы ұзындығы 44 шақырым ауқымды тазалау және тереңдету жұмыстары жүргізілді. Облыстың түрлі аудандарындағы жеті маңызды балшық пен бөгетті қалпына келтіру аяқталды, тағы бірнешеуінде жұмыстар аяқталуда. Балансына 17 бөгет берілген мамандандырылған кәсіпорын құрылды. Жалпы, 18 гидротехникалық құрылысты салу және реконструкциялау көктемгі кезеңде 80 миллион текше метрге жуық еріген суды қауіпсіз реттеуге мүмкіндік береді.

Біздің басты міндетіміз – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан біз  өзендерді тазартудан бастап бөгеттерді нығайтуға дейінгі су тасқынына қарсы қорғаудың әрбір аспектісіне жіті назар аударамыз, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Астрахан, Сандықтау және Зеренді аудандарындағы қауіпті аймақтардан 37 отбасының көшірілуі облыс әкімінің сөзін растайды. Реновация бағдарламасы аясында үйлері қауіпті аймақтарда орналасқан Бұланды және Зеренді аудандарындағы тағы 53 отбасын көшіру жоспарлануда.

Ауыз сумен қамтамасыз ету

Облыс әкімі журналистерді биылғы жылдың соңына дейін өңірдегі су құбырларын салу және жөндеу бойынша басталған барлық жұмыстар аяқталатынына сендірді. 77 ауыл таза суға қол жеткізеді. Су құбыры желілері 36 елді мекенде салынуда және нысандардың жартысына жуығы аяқталды.

Көкшетаудағы су тазарту жүйесіне қатысты журналистер сұрағына тазарту құрылыстары тиімді жұмыс істейді, бұл сынақтармен дәлелденген. Қазір жүйені іске қосу-реттеу, барлық қалалық магистральдық және үй ішіндегі құбырларды жуу жүріп жатыр. Жыл соңына дейін барлық кемшіліктерді жоямыз, – деп уәде берді Марат Ахметжанов.

Көкшетау қаласын дамыту тақырыбын жалғастыра отырып, аймақ басшысы барлығын  жақын арада өтетін жаңа спорт кешенінің ашылуына шақырды және қараша айында жаңа сауда орталығы, алты кинотеатр ашылатынын, кезекте – жергілікті фермерлердің өнімдері бар үлкен азық-түлік дүкені тұрғанын атап өтті.

Проблемалар бақылауда

Әрине, журналистер өңірдің ауыр нүктелерін де қозғады. Жөндеуі аяқталмай жатқан Степногорск ауруханасы туралы сұраққа жауап бере отырып, облыс әкімі жосықсыз мердігер кездескенін, онымен келісім-шартты бұзу процесі жүріп жатқанын атап өтті. Алайда, мәселе бақылауда, биылғы жылы белсенді құрылыс басталады.

Ал, Бурабай курортының заң бұзушылықпен берілген жерлері тұрғындардан алынып, казино салуға беріледі деген ақпаратты Марат Ахметжанов шындыққа жанаспайды деп атады және оны таратқаны үшін жауапкершілік туралы ескертті.

Түсіндірейін, ұлттық саябақ қорынан жергілікті атқарушы органдардың қарамағына жер беру рәсімі бұзылған. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан жерді алу тек Үкімет Қаулысымен ғана мүмкін. Алайда, 2022 жылы жергілікті билік өкілеттігінен тыс бұл жерді берген. Прокуратура заң бұзушылық туралы ұсыныс енгізді және мен, өңір басшысы ретінде,  заңсыз беру актісінің күшін жойдым. Енді құжаттарды Үкіметке ұсынып, оларды ұлттық саябақ құрамынан заңды түрде шығару қажет. Уақыт беріңіздер, біз бәрін заңдастырамыз. Бұл адамдарға ешқандай қауіп төндірмейді, – деп сендірді Марат Ахметжанов.

Журналистер Степногорск қасындағы Қарабалық кентінде туындаған мәселе туралы да  сұрады. Жеке компания онда алтын өндіру өндірісін ашуды жоспарлаған, бірақ тұрғындар қарсы шыққан. Олардың айтуынша, карьер ескі мұсылман зиратының орнында орналасуы керек болған және олардың пікірінше, ол экологиялық жағдайға да теріс әсер ететін еді.

Жер қойнауын пайдаланушыларға жер заң бойынша тек бірқатар рәсімдерді сақтаған жағдайда ғана бөлінеді. Соның бірі – қоғамдық тыңдаулар өткізу. Егер халық қарсы болса, ешқандай карьер болмайды, – деді облыс әкімі.

Жалпы алғанда, Марат Ахметжанов шамамен 90 (!) сұраққа толық жауап берді. Және әр жолы сөзін бастағанда, мен мәселеден хабардармын. Бұл мәселемен біз айналысып жатырмыз. Бұл тақырып бақылауда, – деп атап өтті. Осындай жағдайды білу, сондай-ақ, негізгі міндеттерді шешуге деген жоспарлы және нақты көзқарас аймақты сәтті басқарудың кепілі деп ойлаймыз.

Владислава КОКОРИНА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ.

 Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар