Журналистер клубы
Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы журналистер клубының кезекті отырысында «Достық» үйінің мамандары мен БАҚ өкілдері этножурналистиканың өзекті мәселелерін талқылады.
Диалогта этносаралық келісімді нығайту, ақпараттық саясатты дамыту, журналистердің кәсіби жауапкершілігін арттыру және медиа мәдениетті жетілдіру мәселелері қозғалды. Іс-шараны Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Еркін Сейітов жүргізді. Сонымен бірге, жиынға «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Қуаныш Шақшақов қатысып, журналистер клубының жұмысы туралы ойларымен бөлісті. Ол өз сөзінде журналистер клубы бұл этносаралық тақырыпты сапалы жариялау ғана емес, кәсіби құзыреттілікті арттырып, азаматтық жауапкершілікті нығайту, сондай-ақ, құқықтық және медиа сауаттылықты дамыту бағытында жүргізілетін, медиа өкілдерін біріктіретін сараптамалық-коммуникациялық алаң екендігін атап өтті.
– Жуырда Астанада «Қазіргі медиа кеңістіктегі этножурналистика: даму үрдістері мен бағыттары» атты медиафорум өтіп, онда этносаралық келісімді нығайтудағы журналистиканың рөлі, ақпараттық кеңістіктің жаңа үрдістері, медиа мәдениетті қалыптастыру жолдары кеңінен талқыланды. Күн тәртібінде өңірлер арасында тәжірибе алмасу, этномедиялық желіні дамыту, толеранттылық пен этносаралық диалог мәдениетін ілгерілету мәселелері қаралды. Қазіргі медиа кеңістікте ақпаратты тарату жылдамдығы үнемі артып келеді, яғни, журналистиканың барлық салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізіп, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және этносаралық тақырыптарды сапалы жариялаудың маңыздылығына көңіл аударылуда, – деп «Қоғамдық келісім» мекемесінің БАҚ-пен өзара іс-қимыл және мониторинг бөлімінің басшысы Нұрғасыр Бердібек те медиафорум барысында қаныққан жаңалықтарымен бөлісті.
Жиында ұлтаралық қарым-қатынас тақырыбын жариялау кезінде этикаға, құқықтық аспектілерге және медиа сауаттылыққа баса назар аудару, журналистерді, баспасөз хатшыларын және блогерлерді оқыту бастамалары көтерілді. Этномәдени контенттің бірыңғай қорын қалыптастыру үшін мультимедиялық хаб құру, деректі фильмдер мен тележобалардан бастап подкасттарға дейін әртүрлі форматтағы тарихи-мәдени мұраны кеңінен ілгерілетуге ерекше назар аудару ұсынылды.
Шара барысында Ақмола облыстық «Акмолинская правда» газетінің тілшісі Наталья Яковлева мен Зеренді аудандық «Зерен» газетінің редакторы Светлана Ким этносаралық тақырыптарды қамтудағы жұмыс тәжірибелерімен бөліссе, Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің баспасөз хатшысы Серік Сәдуақасов этномәдени тақырыптарды жариялау жөніндегі жұмыс туралы өзінің ой-пікірін ортаға салды.
– Ұлтаралық сыйластық пен татулық еліміздегі тыныштық пен бейбітшіліктің негізі. Бұл құндылықтарды ақпараттық кеңістікте нығайту – біздің ортақ міндетіміз. Бүгін айтылған идеялар мен ұсыныстар этножурналистиканың дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді жиынды қорытындылаған Еркін Сейітов.
Бір айта кетерлігі, биылғы жылдың басынан бері этносаралық татулық пен бірлікті нығайту бағытында облыс аумағындағы облыстық телевидение журналистері тарапынан 200-ге жуық сюжет дайындалып, баспасөз беттерінде 232 мақала жарияланыпты, интернет-ресурстарда 2,5 мыңға жуық пост пен бейнероликтер орналастырылыпты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

