Мұз жөнді қатпай жатып, оған аяқ басу қауіпті

Абай болыңыз!

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтардың су айдындарында адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық шараларды жылда қолға алып келеді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бақыт Абланов мәлімдеді. Биылғы 1 қарашадан басталған «Мұз-2025» республикалық акциясы аясында қазірдің өзінде бірқатар ереже бұзушылықтар анықталды.

Департамент қызметкерлері күн сайын облыс су айдындарында күзгі-қысқы кезеңде бақытсыз жағдайларды болдырмау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Маусым басталғалы бері Полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 1,5 мыңнан астам рейдтер мен патрульдеу шаралары өткізілді.

Осы жұмыстардың нәтижесінде су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзған 10 адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Халық арасында қауіпсіздік ережелерін сақтау үшін 350 рет аудиторияға, 5 рет брифингтерде сөз сөйлеулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 8 мыңнан астам жадынама мен буклет таратылып, әлеуметтік желілерде 211 және бұқаралық ақпарат құралдарында 49 материал жарияланды. Департамент WhatsApp және Telegram сынды мобильді қосымшаларда арнайы топтар құрып, ондағы 500-ге жуық жазылушыға ауа райы болжамы мен мұзда жүріп-тұрудың ережелері туралы мәтіндік СМС хабарламаларды жедел түрде таратуды жолға қойған.

Өкінішке орай, барлық профилактикалық шараларға қарамастан, жұқа мұз кезеңінде бір қайғылы оқиға тіркелді. 10 қарашада Шортанды ауданының Дамса ауылында 1954 жылы туған азамат балық аулау кезінде 6-7 сантиметр жұқа мұзға шығып, суға батып кеткен. Мамандардың айтуынша, бір адам үшін рұқсат етілген мұз қалыңдығы 10 сантиметрден асуы тиіс. Соңғы 3 жылда облыс су айдындарында күзгі-қысқы кезеңде барлығы 4 жазатайым оқиға орын алған.

Департамент ата-аналарға және балық аулау әуесқойларына үндеу тастап, мұздағы қауіпсіздік шараларын еске салады. Күзгі мұз алғашқы көрінісіне қарағанда берік болмауы мүмкін және оның үстімен жүру өмірге үлкен қауіп төндіреді.

Балық аулаушыларға арналған ережелерге де тоқталайық. Жұқа және берік емес мұзға шығу, қауіпті учаскелерде топтасу, ойықтарға жақындау, көлікпен арнайы орындардан тыс жерге шығуға тыйым салынады. Мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден аз болғанда ысқырық, құтқару инелері, жилет, арқан, таяқ тәрізді жеке құтқару құралдары міндетті түрде болуы керек.

Бұл ережелерді сақтау осындай әрі-сәрі кезде жазатайым жағдайлардың алдын алып, сіздің және балаларыңыздың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар