Қолөнер
«Шебер қолдан шыққан терме баулар төрде айқасып, кіре бергенде көзіңе соғылады». Иә, Ғабит Мүсіреповт3ң «Ұлпан» шығармасынан алынған осы бір ғана сөйлемде он саусағынан өнер тамған халқымыздың ісмерлігі тіліміздегі сөздіктің алтын қорымен сипатталады.
Облыс орталығы Көкшетау қаласында қолөнер шеберлерінің байқауы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шарада жиырмаға тарта шебер бақтарын сынады.
Қатысушылар қарапайым картинадан қазақтың 5 қаруына дейін түрлі қолөнер бұйымдарын жасап әкелген екен. Ақмола облысының аудандарынан келген үміткерлер өз туындыларын әділ қазылар мен жиылған көрерменге кеңінен таныстырды.Ассамблея жанындағы Сәндік-қолданбалы қолөнер шеберлері одағының төрайымы Гүлбара Нұрқанова байқаудың мақсаты бармағынан бал тамған жандарды насихаттау дейді.
– Бұл конкурстың өткізілу себебі облысымызда қолөнершілерді дәріптеу, әрі қарай өзіміздің жастарымызға үлгі ретінде шеберлерімізді шығару. Өйткені, көптеген қолөнершілер қазір үйде өздері айналысады да қалай халықтың алдына шығатынынын, жастарымызға қалай өнерлерінін көрсететінін кейбір жағдайда білмей жатады, соны көрсету үлгі ретінде осындай конкурсты ұйымдастырып жатырмыз, – дейді ол.
Көрмеге қойылған бұйымдар қатарында киізден, теріден, қыштан және металдар мен ағаштан жасалған заттар орын алды. Сонымен қатар, экологиялық мәселелерді қозғап өткен креативті қатысушылар да табылды. Олар пластикалық бөтелке, терезені күннен қорғағыш заттардың қалдықтарынан қолөнер туындысын жасаған. Іс-шара соңында барлық қатысушылар Алғыс хатттар мен жүлделі орындарға ие болды.
– Өзіме ұнайтын әртүрлі металдан көптеген заттарды жасаймыз. Мысалы, бүгінгі қатысқан облыстық байқауға «5 қаруымды» металдан жасап әкелдім. Қара темірді қыздырып, соғып, суреттерін безендіріп, осындай 5 қару жасадым. Найза, қылыш, қалқан, айбалта, сарайнаны жасадым. Жалпы, жұмысбасты адам болған соң, асықпай күнделікті 1-2 сағат зейін қойып, көңіл бөліп, мұқият осы істі атқаруыма шамамен 6 айдай уақытымды жұмсадым, – дейді жеңімпаз атанған Шоқан Уәлиханов университетінің материалдарды көркемдеп өңдеу пәнінің оқытушысы Рүстем Шәріпов.
Бірінші орынды алған Рүстем ағамыздан көңілге түйгенім, кез келген жетістік пен жеңіс үздіксіз талпыныс пен тынымсыз еңбектің және ешқашан асықпай, жеңіс өз3 келу үшін алдын ала аз-аздан болсын, бірақ, үздіксіз еңбектенудің арқасында келеді екен. Байқау қорытындысы бойынша екінші орынды Нұрлан Есенбеков жеңіп алса, Степногорск тұрғыны Мырзабек Қадырбаев үшінші орынды иеленді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

