Ғылыми-тәжірибелік конференция
Бурабай аудандық сотында Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының бастамасымен, Ақмола облыстық сотының және өңірдегі университеттердің қолдауымен қазақтың ағартушы-ғалымы, саяхатшы, этнограф және шығыстанушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 190 жылдық мерейтойына арналған «Шоқан Уәлиханов – қазақтың тұңғыш құқықтанушы реформаторы»тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Оған Жоғарғы Соттың отставкадағы, сондай-ақ,облыстық және аудандық сот судьялары, Сот әкімшілігінің өкілдері, жоғарғы оқу орындарының басшылары мен ғалымдар, өзге облыстардан арнайы делегациялармен ғалымның бауырларының ұрпақтары қатысты.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуымен бейнеролик арқылы құттықтаған ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев аталмыш іс-шараның зор маңызын, ғалымның заң саласындағы ұлан-ғайыр еңбегі мен зерделі зерттеулерін өскелең ұрпаққа танытудағы тәлім-тәрбиелік ерекшелігін атап өтті.Сондай-ақ, конференцияны ұйымдастырудың келешек ұрпақ пен ғылымға қосатын үлесін атап өткен Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкеновжиынға қатысушыларға құрметін жеткізді.
Жиын негізінен,қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың сот реформалары туралы жазбаларын жан-жақты талқылауға бағытталды. Өйткені, ғалым патшалық Ресейдің ХІХ ғасырдың 60-жылдары Қазақстанға қатысты дайындалған саяси-заңнамалық реформасына қарсы шыққандардың бірі. Себебі, сот реформасы халық мүддесіне қайшы келген. Осыны түсінген ғалым комиссия мүшесі ретінде хат жазып, патша үкіметіне бұрынғы дала заңдарымен санасуды, негізгі бағыттарды сақтауды ұсынған. Бүгінде бұл жазбаларды елғалымдары терең зерттеуде.
ҚР Судьялар Одағының төрағасы Досжан Әмір ғалымның сот реформалары мен дала заңдары, құқықтық негізге мән берген еңбектеріне баға беріп, бастаманың мақсатын түсіндірді.Ағартушының патшалық Ресей мемлекетінің қол астында қызмет еткенімен, туған елінің тəуелсіз өз заңы болуын, билер сотының озық дəстүрінің өлмеуін жүрегімен қалап және осы жолда бар күш-жігерін салып еңбек еткеніне тоқталды. Өйткені, ғалым патшалық үкіметтің қазақ халқының қалыптасқан қағидаларын ескермей, далаға үстемдік орнату мақсатымен қабылданған заңның ешбірі өз елінің дамып, ілгерілеуіне ықпал ете алмайтынын жақсы ұқты. «Сот реформасы туралы жазбалар» атты еңбегінің басты жазылу себебі де осы ұлы мүддеден туындады.
– Патшалық үкімет өз ықпалдарында тəрбиеленген ғалымның саяси заңнамалық бағыттарға батыл қарсы шығатынын күтпегені анық. Олар жас ғалымның өздерін қолдайтынына сеніп, қазақ даласын барлап, жергілікті жұрт пікірімен танысуға Шоқаннан артық кандидатура табылмасын біліп, комиссия құрамына бекітті. Бірақ, Шоқанның «Сот реформасы туралыжазбасы»олардың үмітін тас-талқан етті. Ол өзін патшалық қоғамның адал қызметшісі тұрғысынан таныта отырып, өз халқының мүддесін жоғары қойды. Патша үкіметіне дала заңдарымен санасуды, негізгі бағыттарды сақтауды ұсынды.
Жалпы, билер институтының бізге берері әлі де көп. Шоқан бабамыз оны бір жарым ғасыр бұрын айтып кетті. Сондықтан, судьялар одағы Көкшетау қаласындағы екі университетпен біріге отырып, бүгінгі жиында Шоқан бабамыздың «Сот реформасы туралы жазбасын» тағы да зерделеп көруге жиналды.Мемлекеттің заңнамалық бағытына араласу – елдің саясатына араласу деген сөз. Бұл арада Шоқан жай ғана ғалым емес, әрі заңтанушы, әрі заңгер, саясаткер, – деді ол.
Қазақ ғалымдары Шоқанның бұл еңбегінің прогресшіл бағытын, туған елінің мүддесін батыл қорғағандығын жоғары бағалады. Академик Ə.Марғұлан, академик жазушыС.Мұқанов, шоқантанушы Ж.Бейсенбайұлы, Ш.Сəтбаева, М.Сəрсеке секілді ұлт зиялылары ұлы ғалымның азғантай ғұмырында туған жұрты үшін баға жетпес қазына қалдырып кеткенін асқан сүйіспеншілікпен жазып, ғалымның «Сот реформасы туралы жазба» еңбегінің қазақ халқы үшін терең маңызы барын айтып кетті. Тіпті, Шоқанның етене жақын араласқан орыс достары, əрі орыстың көрнекті ғалымдары Г.Потанин, Н.Ядринцев, Семенов Тян-Шанский, Н.Веселовский, жазушы Ф.Достоевскийлер өздерінің жас достарына сүйсінісін жасыра алмай, баспасөз беттерінде жоғары пікір білдіріп, жарыса құттықтаған.
Ал, Қарағанды облысының отставкадағы судьясы, профессор Марат Азбанбаев «Шоқан Абайдың ғылыми ұстазы» болғанын архив ісінде сақталған деректермен келтірді. Айтуынша, ғалымның ғылыми шәкірттерінің бірегейі Абай болғаны Құнанбай Өскенбайұлының Омбыдағы архив ісінде сақталған деректерде дәлелденген. Жас кезінде түпсіз терең ғылымға көзі жеткен Шоқанның дәрісін тыңдаған Абайдың ғылыми шәкірттік ойы өсіп-өніп, әділет ісінің алды-артын байқарлық білім, ғылымға қол жеткізген жан болғанын Алаш Орда Сотының Төбе басы биі болып таңдалған Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық» деп дәлел келтіреді. Абай мен Шәкәрім дәуіріне дейінгі қазақтың ескі сөзін, жол-жоралғысын, жөн-жобасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыруға қызмет еткен институттың атауын Шоқан 1860 жылы жазған «Очерки Джунгарии» атты орыс тілді зерттеуінде«юридические предания» деп айшықтаған. Шоқанның очеркіндегі осынау «юридические предания»деген ұғымын академик Әлкей Марғұлан «Шоқан және Манас» атты еңбегінде «аңыз жырларды, қария сөздерді әрбір ру ішіндегі қариялар есте сақтаған. Оны заң жосыны ретінде, белгілі бір ақын-жыраулар тобы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған, ұзақ дастан түрінде сақтап келген» деп түсіндірген. Сот реформасынан қазақ халқына төнген қауіп-қатерді еркін жүрегімен анық сезгенШоқанметрополиялықзаңныңқазақ тіршілігіне толығымен қолданылуына қарсы шығып, өз наразылығын ашық жеткізген.
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Роза Бұқтығұтова Шоқан Уәлиханов идеяларының қазіргі қазақ санасын қалыптастыруға әсері жөнінде баяндады. Оның сөзінше, Шоқан Уәлиханов қызметінің негізгі бағыттарының бірі – қазақтарихын, мәдениетін және дүниетанымын зерттеу болды. Ғалым өзінің «Қырғыз-қазақ халқының шығу тегі туралы», «Қырғыздар арасындағы шамандықтың іздері», «Жоңғария туралы очерк» еңбектерінде қазақ халқының бай тарихы, қалыптасқан қоғамдық қатынастар жүйесі және Орталық Азия мен Шығыстың басқа халықтарымен салыстыруға болатын рухани мәдениеті бар екенінашып көрсетті. Бұл ой ұлттық мақтаныш сезімін оятудың және өзінің мәдени құндылығын толыққанды түсінудіңнегізі болды.
Шоқан Уәлихановтың аса маңызды құндылықтарының бірі қазақтың өзін-өзі тануға деген қызығушылығын ояту болды. Ол алғашқылардың бірі болып, туған тарих пен дәстүрді зерттеуді ғылыми тұрғыдан қарастырудың қажеттілігіне назар аударды. Бұл көзқарас өткенді мифологиялық қабылдаудан объективті зерттеуге көшугемүмкіндік берді. Осыдан бастап, қазақтың бірегейлігі туралы жаңа түсінік пайда болып, отаршылдық периферияның элементі ғана емес, бай тарихи құбылыс ретінде қабылдана бастады. Ғалым өзінің «Күнделік жазбаларында» кездестірген тайпалардың мәдениеті мен өмірінің ерекшеліктері, діни және дүниетанымдық көзқарастардың қалыптасуының тарихи аспектілері, халықтардың өркениеттік айырмашылықтары туралы ой қозғайды.
Сонымен қатар, ғылыми конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы университеттің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Ғалымтай Төлепбергенов «Отбасылық құндылықтарды қорғаудағы дәстүрлі қазақ заңдары мен әдет-ғұрыптарының маңызы» туралы ой қозғаса, Ш.Уәлиханов атындағы университеттің тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының лекторы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, шоқантанушы Амангелді Шапкенов «Шоқантану: тарихы, қазіргі жағдайы және келешегі» тақырыбында, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушысы, педогогика ғылымдарының магистрі Кенжебек Дінмұхамед «XIX ғасырдағы қазақ құқықтық жүйесін жаңғырту идеялары: Шоқан Уәлихановтың үлесі мен ықпалы, тарихи және философиялық талдау» тақырыбына баяндамаларын оқыды.
Шоқан Уәлихановтың сот реформалары туралы еңбектері жан-жақты талқыланған жиында қатысушылар ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасына арналған бейнефильмді де тамашалады.
Жалпы, бүгінге дейін Шоқан Уәлихановтың ғалым, зерттеуші ретіндегі көп қыры ашылғанын білеміз. Бірақ, оның заңгер ретіндегі ғалымдық жолы әлі де зерттеуді қажет етеді. Жиында осыны растаған судьялар ғалымның далалық би институты туралы зерттеулері ұлттық құқықтану ғылымының бастауы болуы керек деген ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар бірлесіп, Шоқан туған өлкеден бастау алған бұл идеяны жалғастыруға ықыласын білдірді. Олар әсіресе, жас ғалымдардың шоқантану іліміне заңгерлік және билер тарихын үйлестіру, келешек зерттеушілергетың дүниелер табу мүмкіндігін беретінін қостады.
Конференция қарарында берілген ұсыныстарды талдайкеле, Шоқан Уәлихановтың қазақ және әлемдік гуманитарлық ойдың дамуына қосқан зор үлесін алға тартқан қатысушылар 13қарашаны «Шоқан күні» деп белгілеуге ұсыныс білдіріп,ұлы тұлғаны ұлықтаудағы бастаманың халық тарапынан қолдау табатынына сенім білдірді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген: Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

