Әдеби кеш
Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ- музыкалық драма театрында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы-журналист Есенгелді Сүйіновтің «Көкшетау, сенің ұлыңмын!» атты шығармашылық кеші өтті.
Ақынның шығармашылық кешіне Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, облыс әкімінің кеңесшісі, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, «Аманат» партиясы Ақмола облыстық филиалы орынбасары Ақманат Әлімбетова, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан, сондай-ақ, көкшелік зиялы қауым және ақынның туған-туыстары қатысты.
Есенгелді Сүйінов әдебиет әлеміне қасиетті Көкше топырағынан қосылған қаламгерлердің бірі. Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебінде білім алған оның алғашқы тырнақалды туындылары облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің бетінен жарық көре бастайды. Газет редакторы, жазушы Жанайдар Мусин, ақын-жазушылар Естай Мырзахметов, Төлеген Қажыбай ыстық ықыласын білдірсе, осы Көкшеден шыққан тағы бір ақын ағасы Еркеш Ибраһим оның «Ағатай қайтсе ақын болуға болады?» деген тосын сұрағына «Жас ақынға жауап» дейтін өлеңімен «Ақын болу – жүректі тұтқындау» деп жауап қайтарыпты.
Осындай кең пейілді ағаларының қамқорлығымен әдебиеттің есігін имене ашқан ол кейін Қазақ ұлттық университетінде журналистика мамандығы бойынша сырттай оқып, білім алады. Сөйтіп, бүгінде қарымды қаламгерге айналған ақынның қаламынан «Қызғалдақ ғұмыр», «Арайлы таң», «Тербеген теңіз әлдиі» атты кітаптары жарық көрген. Сонымен қатар, осы жылдың мамыр айында Есенгелді Сүйінов Мәскеу қаласында Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының Нобель сыйлығының лауреаты Иван Бунин атындағы әдеби-қоғамдық сыйлығы мен медаліне ие болды. Сондай-ақ, қазан айында «Золотое перо Руси» атты Ресей ұлттық байқауында «Көк биенің көз жасы» атты әңгімесі үздік шығарма болып танылды.
Қазақ әдебиетінде ерлі-зайыпты қаламгерлер баршылық. Есімдерін атайтын болсақ, Жұматай Жақыпбаев пен Зайда Елғондинова, Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова, бүгінгі жас буыннан Мирас Асан мен Жадыра Байбұланова сияқты әдебиет өкілдерінің әрқайсысы бүгінде бірге ғұмыр кеше жүріп, көпшілікке өзіндік қолтаңбасымен, жарқын шығармаларымен танылған. Олардың қатарына Есенгелді Сүйінов пен оның аяулы жары, ақын Марфуға Бектемірованы да әбден қосуға болады. Әдебиет өлкесіне қатар қанат қаққан бұл жұптың да есімі елге кеңінен таныс. Екеуі де жас кезінен, мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ, өлең жазып, көзге түскен. Олар бақытты отбасын құрып, шығармашылықтың ауыр жүгін тең арқалап, өмірдің ащы-тұщысын бірге өткерген жандар.
Бірақ, өкінішке орай, дарынды ақын Марфуға Бектемірова осыдан он жыл бұрын өмірден өтіп, Есенгелді ақынның бір қанаты сынғандай күй кешті. Соған қарамастан ол сүйген жары Марфуғаның есімі мен шығармашылығын ұлықтауға көп еңбек сіңіріп келеді. Соның арқасында оның кітаптарын жарыққа шығарып, еске алу кештері мен түрлі шараларды ұйымдастыруда.
Мәселен, «Қазақстан» телеарнасы «Жарқын бейне» хабарында Марфуға Бектемірова туралы жарты сағаттық фильм түсіріліп, «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Жұлдыз», «Жалын», «Арқа ажары» сияқты басылымдарда ақынның өлеңдері мен ол жайындағы естелік хабарлар, мақалалар шыққан. Астана қаласында Марфуға Бектемірова тұрған үйдің қабырғасына естелік тақта орнатылып, туған жері – Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында атына көше беріліп, өзі оқыған мектепте ескерткіш тақта қойылды және ақын атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды. Сонымен қатар, Ресей мемлекеттік кітапханасында «Белый парус мечты» атты шығармашылық кеші өтіп, түрлі оқулар мен конференциялар ұйымдастырылып тұрады.
Ақын өлеңдерінен тұратын әдеби композициямен ашылған кеште ақынға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтау хаты мен сый-сияпатын орынбасары Алтынай Әміренова тапсырды.
– Ұлт әдебиеті мен мәдениетіне өздерінің елеулі үлестерін қоса білген Есенгелді Сүйінов пен оның аяулы жары, белгілі ақын Марфуға Бектемірованың шығармашылығы мен мағыналы ғұмыры өскелең ұрпақ үшін қашанда үлгі-өнеге. Ән мен жердің асыл бесігіне айналған Көкше топырағынан шыққан қос ақынның шығармалары қоғамымызда өзінің лайықты орнын алып, жастарды отаншылдыққа, елін, жерін қастерлеуге баулумен келеді. Жерлес ақынның содан бері қанша жылдар өтсе де, өмірден ерте кеткен қазақтың аяулы ақыны Марфуға Бектемірованың соңында қалған шығармаларын жинақтап, жарыққа шығарып, есімі ел жадында қалуына жұмсап келе жатқан күш-жігері мен сүйген жарына деген шынайы сүйіспеншілігі қашан болсын, жоғары бағаға лайық. Бүгінде өз туған еліңізге қадам басып, жерлестеріңізді қол жеткен жетістіктеріңізбен қуантып, жырсүйер Көкшеңіздің өздеріңізді бағалай білер осы көпшілік қауымымен қауышып отырған кешіңіз құтты болсын. Сізге алдағы өміріңіз бен шығармашылығыңызға зор жетістіктер тілеп, жыр өлкесінде қанатыңыз талмай, тек алдан көріне беріңіз дегіміз келеді, – деді Алтынай Әміренова кеш барысында сөйлеген сөзінде.
Кеш барысында жақсы аңғарылғанындай, кезінде Қостанай өңірінде тұрып, одан осыдан біраз жылдар бедерінде Астанаға қоныс аударған ақын шын мәнісінде өз туған топырағын аңсап, сағынып келген екен. Ақынның осы екі аралықта жеткен биігін, қол артқан шығармашылық табыстарын, азаматтық келбеті мен жан жары Марфуғасын қадір тұтып, қастерлеудегі үлкен жан жылылығын оны осы ортаға арқасүйер жанашыр бір ағасы ретінде бас болып алып келген ұлттық әдебиетіміз бен баспасөзіміздің көрнекті өкілдерінің бірі Уәлихан Қалижан өзінің кең тынысты толғау сөзінде жарқырата ашып, айтып берді.
–Туған жерін, көгілдір Көкшесін көруге, жүрегінің сағынышын басуға келген ақынның ең бақытты сәтінде онымен бірге болуды азаматтық парызым деп санадым. Ақыны халқын іздеген, халқы ақынын іздеген осынау ерекше күн ертең тарихтың бір парағы болып қалары сөзсіз. Көкше елі ешқашан таланттардан кенде болған емес. Мұнда басқаларын айтпағанда, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, дауылпаз Сәкен сынды өнер дүлдүлдерінің ізі әлі күнге сайрап жатыр. Зер салып, аңғара білсең, бұл Көкшенің әр тасы сөйлейді, әр жусаны сыр шертеді, әр қайыңы сызылтып ән салады. Әдебиет әлеміне соны соқпақ салған ағалар ізін баса, осы лекке өзіндік қолтаңбасымен қосылған көкшелік тағы бір ақын бар. Ол алдарыңыздағы осы Есенгелді Сүйінов деп білемін. Туған жерін кім жақсы көрмейді, кім қадірлемейді?! Осы қасиет Есенгелді бауырымызға да тән. Ол да өз туған жерін жақсы көреді, сүйеді, шалғай жүрсе де осы топырақ, осы дала деп тебіренеді. «Көкшетауым, сағынышым сарғайған» деп жырға қосады. Кешегі Сәкен, Мағжан, Еркеш, Төлегендердің заңды жалғасындай, өлеңмен көрікті Бурабай, Жұмбақтас, Айнакөл, Оқжетпес, Бөлектаулардың даралығын өрнектейді, – деген Уәлихан Қалижандай бесаспап тұлғаның баяндамасына жиналған жұртшылық әрине, риза болысты.
Кешті өз шұрайлы тілі, салмақты сөзімен әдіптеген Жабал Ерғалиев ағамыз, ойдағыдай жүргізіп отырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Серік Жетпісқалиев, басқа да сөз алушылар бірін-бірі толықтырып, содан да мән-мағынасы арта түскен айтулы шара барысында соңғы бір мезетте жерлестерінің ыстық ықыласымен шабыттанған Есенгелді ақынның өзі сөз алып, елден жырақтау өткен шығармашылық өмірінен біраз сыр шертіп, өз өлеңдерін оқыды. Кеште Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің студенттері де екі мәрте сахна төріне шығып, ақынның бір топ өлеңдерін мәнерлеп оқумен шығармашылығына, азаматтық әуеніне қанықтырды. Сондай-ақ, республикалық байқауларда бақ сынып, топ жарып жүрген Жеңіс Бақберген, Баян Жұбановалар ақынның сөзіне жазылған «Өзіңді күтіп», «Сағындым сені» сияқты әндерін орындап, жиналған қауымды серпілтіп, сергітіп отырды.
Кеште Марфуға ақынның да әдеби мұрасы ұмыт қалмады. Осыдан біраз жылдар бұрын осы киелі сахнада Көкшенің талантты қызының да жыр кеші өзінің барынша сәнімен, сәтімен өнерсүйер қауымды баурап алған еді. Бұл жолы сөзі мен әнін өзі жазған «Ақ қайың» әні орындалып, ақынның дүниеден өзі өтсе де, сөзі қаламымен ақ қағазға сыр болып құйылған жүрек тебіренісі, жүрек үні мәңгі қалатындығының куәсі болдық. Ал, Есенгелді ақын ағамыз әдебиеттегі сол жолды да, өз жолын да әрі қарай жалғастыра бермекші.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

