Заманхат
Арқа, Көкше өңірінде есімі белгілі әнші Беркімбай Нұрымұлы Атығай-Кәдірден тарайтын, кезінде ұлы Абылай дуалы ауызымен «Алтын сандығым» деп атаған Кежен байдың үлкен ұлы Сарттың ұрпағы. Жобасы ХІХ ғасырдың соңғы он жылдығында, шамамен 1895-1898 жылдар аралығында дүниеге келген болуы керек.
Оған дәлел төмендегі өлеңде келтірілетін ауылдас аталастары Махамбет, Дәуіт, Сәбижан, Әбу (кейініректе 1956 жылы Көкшетауда мешіт салған), Құдайберген, Көгли, Серғазылар сол жылдардың тумалары.
Көкшетауда бір көшеге есімі берілген Әлімжан Баймұқановтың жасы да осы кісілермен шамалас.
Атығай-Кәдірден шыққан атақты Беркімбай атамыздың Совет өкіметі орнаған тұста қуғын-сүргінге легіп, айдалып кетіп бара жатқандағы «Елге сәлем-мұңын» 1993 жылы Қайыртай Есмағұлұлы қариямыздың аузынан домбыраға шерттіріп, тыңдап отырып, қағаз бетіне түсіріп алған едім.
Бұл өлең еш жерде баспасөз бетін көрмеген, ертеде ауызба-ауыз тараған шығарма болуы керек. Кезінде жазып алғаныммен жоғалтып жүруші едім, жуырда бір кітабымның ішінен шыға келгені…
Өлеңнің әрі қарай да жалғасы болуы мүмкін. Авторының арғы тағдыры маған беймәлім, біледі-ау деген мен білетін үлкендер дүниеден өткен. Сонымен, Үкілі Ыбырайдың жанында жүріп, біраз әндерінің бүгінге жетуіне септігі тиген, Ыбекеңнің өзі әншілік өнерін жоғары бағалаған Беркімбай атамыздың «Елге сәлем-мұңы»:
Қолыма бейсенбі күні алдым қалам,
Бүкілде қызыл тілім келсе шамаң.
Азырақ іштің шерін тарқатайын,
Мәдет бер тіл-жағыма Ғақтағалам.
Суретте өмірімді қызыл тілім,
Емес пе өзіңе анық менің сырым.
Қамалған жүректегі қалың ойдың,
Жетелеп көз алдымнан өткіз бірін.
Туласын сорлы жүрек жерін іздеп,
Шалқыған дәриядай көлін іздеп.
Көзімнен мөлдір жасым сорғалайды,
Ардақты туып-өскен жерін іздеп.
Барады бастан өтіп фәни жалған,
Жүрекке қасірет-қайғы салып арман.
Құбылтып сағат сайын көшіп-қонып,
Пәндені неше талай күйге салған.
Бұл тұрмыс адастырдың туған елден,
Кір жуып, кіндік кесіп өскен жерден,
Көкорай, көк шалғынды бетегелі,
Шалқыған дәриядай асқар белден.
Сағынып хат жазамын, ағай Дәуіт,
Көңілім көп ойласам кетеді ауып.
Жастықта неше талай сайрандап ек,
Ән салған әр ауылда ойын-сауық.
Енді Махамбеттен ақыл сұрауы:
Тарқаған талай дүбір, талай майдан,
Аққандай болушы еді майың сайдан,
Атағың Атымтайдай жан ағам-ау,
Келуші ек ақыл сұрап әрбір жайдан.
Мәтеннің елім көшті қаласына,
Қараймын қора-қора арасына.
Әр тарап жол тарайтын ауылым-ай,
Бөтендей жылап өттім зиратына.
Жылы көл жол үстінде тұр жабығып,
Құбылып тұрушы едің көп тамылжып.
Мұңайып қызыл шілік төмен қарап,
Ымдайды дегендей жүр ел сағынып.
Жапанда маңырайды жетім лақ,
Ағызып түсуші едік жалдан құлап.
Ұмытып шыныменен кеттіңдер ме,
Сыртыңнан біздер жүрміз әбден сұрап.
Бытырап қайран елім, кеттің қайда,
Шақырар оны көкек нағыз майда.
Ел едің Көкшетауға үлгі шашқан,
Қосылмай жүріп жатсың әрбір жайда.
Әрі қарай Әлімжан прокурорға:
Әлімжан істеп жүрсің бұл күнде әмір,
Адасқан туған елді кімдер таныр.
Есептеп жастықпенен ала алмай жүр,
Ішінде жастар да бар тілге мамыр.
Адамзат бір-біріне болар қонақ,
Ежелден ақын емен, тілім олақ.
Туысқан үлкен-кіші, бауырларым,
Көгіли, Серғазимен салшы құлақ.
Жайлауда қалың елдің жұрты жатыр,
Қораның төбесі жоқ, сырты жатыр…
Әкем Тәттібайдың аузынан естіген осы өлеңнің тағы бір жарты шумағы:
…Сәбижан, Құдайберген, Тоқат қайда,
Әбу, Шекер, о дағы жүр ғой жайға…
Иә, осылардың ішінде біразы кейін кәмпескеге ілініп, қудаланыпты, қалғандары оқыған Әлімжан Баймұқановтың ақылымен Чкалов ауданындағы (Бесқарағай) Амандық, Аймақтан үдере көшіп (бұларды 40 үй Кәдір дейді), сол жылдары басқа ұлт өкілдері көбірек Мәтенді (Макин ауылын) паналайды.
1957 жылы туған ауылым Айсарыда «Макин труд» колхозының отгон учаскесі ашылып, арнайы оқу орнын үздік дипломмен бітіріп келген әкем Тәттібай Сәбижанұлын колхоз төрағасының орынбасары етіп осы Айсары бөлімшесіне қызметке жіберіпті.
Осы жылдары «сол 40 үй Кәдір» ұрпақтарымен біртіндеп, Айсарыға қоныс аударады.
P.S. Осы шағын жазбамды редакцияға алып келгенімде, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа басылымның 2025 жылғы 20 мамырындағы №35 санында жарық көрген белгілі жазушы, марқұм Төлеген Қажыбайдың «Беркімбай деген кім?» атты танымдық мақаласын ұсынды. Одан оқып-білген деректерім, Беркімбай Нұрымұлынан Бүркітбай есімді ұрпағы болып, о кісіден екі ұл, екі қыз немересі бар екені. Ал, «халық жауы» атанған Үкілі Ыбыраймен бірге болдың» деп қуғын-сүргін көрген, әншілігі асқан Беркімбай атамыз 1953 жылы дүниеден өткен екен.
Ақан СӘБИЖАН.
Көкшетау қаласы.
![]()

