Жолдауға — қолдау
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті қашанда өз қызметінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге басымдық береді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауының сегізінші бағытында мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру туралы айта келіп, мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуы тиіс екендігін баса атап көрсетті.
Біз қазір осы бағытта департамент тарапынан өз жұмысымызды одан әрі жетілдіре түсуді алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі ретінде қарастырып отырмыз. Соның ішінде қарапайым халықтан түсетін өтініш-тілектермен бірге, белгілі бір мәселеге байланысты мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен де болып қалатын арыз-шағымдарды басты назарда ұстаудамыз. Әрі өз тарапымыздан мемлекеттік қызмет саласындағы құрылымдарда қалыптасқан моральдық ахуал мен тәртіп жайын көзден таса қылмай, үнемі елеп-ескерумен келеміз. Осы мақсатта жүйелі түрде бақылау, мониторингтер және өзге де қадағалау шаралары жүргізіліп, соның нәтижесінде анықталған құқық бұзушылықтар бар болса, оны қалпына келтірудің немесе алдын алудың жолдары қарастырылады.
Айталық, ағымдағы жылы осындай мақсатты жұмыстардың ықпалының арқасында департамент тарапынан 416 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді. Талдау нәтижелері көрсеткеніндей, анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі қызметкерлерді үстеме жұмысқа заңсыз тартумен байланысты болған. Жұмыс берушінің тиісті жазбаша бұйрығы мен қызметкердің жазбаша келісімінсіз белгіленген жұмыс уақытынан тыс еңбек міндеттерін атқаруға тартылған 161 құқық бұзушылық фактісі тіркелді.
Айта кету керек, мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс атқаруы міндетті түрде өтелуге тиіс. Бұл өтемақы қосымша демалыс күндері немесе сағаттары түрінде немесе мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес ақшалай түрде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, еңбек заңнамасына сәйкес, қызметкерді үстеме жұмысқа тарту тек оның жазбаша келісімімен ғана рұқсат етіледі. Сондықтан, департаменттің нұсқамаларына сәйкес, аталған қызметшілерге жалпы ұзақтығы 296 сағаттан асатын қосымша демалыс күндері берілді.
Жүргізілген жұмыс барысында департамент мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану рәсіміне қатысты жүйелі заң бұзушылықтарды анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тәртіптік жаза қолдану туралы 13 актінің күші жойылып, олар заңсыз деп танылды.
Қызмет нәтижелерін бағалау негізінде көзделген бонус төлемдерінің мөлшерін негізсіз төмендету фактілері анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшінің өтінішін қарау барысында бонус мөлшерін есептеу кезінде мемлекеттік орган басшысы қағаз тасығышта жүргізілген бағалауға сүйенгені белгілі болды, бұл белгіленген нормативтік талаптарға қайшы келеді. Сонымен қатар, бағалауды ақпараттық жүйе арқылы жүргізу мүмкіндігі болған, ал оның нәтижелері, анықталғандай, әлдеқайда жоғары болған. Нәтижесінде, Департаменттің нұсқамасына сәйкес, мемлекеттік қызметшіге 325 371 теңге көлемінде қосымша бонус төлемі жүргізілді.
Мемлекеттік қызметшілерді қызметтік іссапарларға жіберу кезінде заңнама талаптарының сақталуына қатысты департамент жүргізген талдау нәтижесінде олардың еңбек құқықтарының жүйелі түрде бұзылуы анықталды. Бұзушылықтардың басым бөлігі іссапар шығындарының толық көлемде өтелмеуімен байланысты, ал, кейбір жағдайларда бюджет қаражатының болмауына байланысты төлемдер мүлдем жүргізілмеген. Департамент қабылдаған шаралардың нәтижесінде 195 мемлекеттік қызметшіге жалпы сомасы 9 475 814 теңге көлемінде іссапар шығындары өтелді.
Қолданыстағы қағидаларда көзделген белгіленген лимиттерден асып кеткен іссапар шығындарын негізсіз өтеу фактілері де анықталды. Жүргізілген талдау нәтижесінде осындай 119 факт тіркеліп, жалпы сомасы 2 815 610 теңгені құрады. Қазіргі уақытта оның 1 229 648 теңгесі ерікті түрде бюджетке қайтарылды.
Сонымен қатар, департамент жүргізген талдау нәтижесінде мемлекеттік қызметшілерге жыл сайынғы еңбек демалысы үшін ақшалай қаражаттың уақытылы төленбеуіне қатысты 43 факті анықталды. Департаменттің нұсқамасы бойынша аталған тұлғаларға төлемдердің кешіктірілуіне байланысты жалпы сомасы 59 417 мың теңгеден асатын айыппұл есептеліп, төленді.
Сол сияқты, департамент 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірдегі мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының қызметіне жүргізілген талдау нәтижелерін де қорытындылады.
Жүргізілген талдау аясында аталған кезеңде 349 мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Олардың 34-і мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары мен өзге де уәкілетті құрылымдардың ұсынымдары негізінде, ал, 315-і тәртіптік комиссиялардың отырыстарында алдын ала қаралмастан жауапкершілікке тартылған.
Талдау барысында мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібінің бұзылғаны анықталды. Мәселен, қызметкерлерден жазбаша түсініктеме талап ету мерзімдері сақталмаған, ал, жекелеген жағдайларда түсініктемелер мүлдем сұралмаған. Сондай-ақ, тәртіптік жаза қолдану мерзімдерінің бұзылғаны жөнінде де деректер анықталды. Соған орай, департамент заңдылықты қалпына келтіру мақсатында белгіленген тәртіпті бұза отырып, қабылданған 23 тәртіптік жазаның күшін жойды.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде мемлекеттік қызметшіні атқарып отырған лауазымынан негізсіз төмендету фактісі де кездесті. Бұл ретте, аталған акт заңсыз деп танылып, қызметші белгіленген тәртіппен бұрынғы лауазымына қайта тағайындалды.
Тәртіптік комиссияның құрамын қалыптастыру барысында бұзушылықтар орын алуда. Жұмыс берушілер тарапынан тәртіптік жауапкершілік мәселесін қарауға уәкілетті тұлғалар, айталық, депутаттар мен жергілікті қауымдастық өкілдері сайланбалы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге қатысты комиссия құрамына енгізілмей отыр.
Тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау тәртібінің бұзылғаны тағы бар. Атап айтқанда, мерзімінен бұрын алып тастау туралы шешімдер тиісті өкілеттігі жоқ тұлғалардың ұсыныстары негізінде қабылданған. Осыған байланысты тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау жөніндегі заңға қайшы 9 актінің күші жойылды.
Осы талдау нәтижелері департаменттегі Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша басшыларға осындай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді шаралар қабылдау жөнінде ұсынымдар берілді.
Анықталған кемшіліктер мен олқылықтар ішкі бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіруді, мемлекеттік органдар басшыларының құқықтық сауаттылығын арттыруды және еңбек заңнамасы нормаларының тиісінше орындалуын қамтамасыз етуді талап ететіні анық. Бұл бағыттағы департаменттің жұмысы одан әрі жалғасын табатын болады.
Думан ӘБІЛОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.
![]()

