Салауатты өмір салты
Степногорск қаласында ашылған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының мақсаты егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, бос уақыттарын пайдалы әрі мазмұнды өткізулеріне жағдай жасау және олардың қоғам өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз ету болып табылады.
Бүгінде бұл орталық қала тұрғындарының сүйікті орнына айналып үлгерді. Мекеме қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қолдауымен жұмыс істейді. Мұнда зейнеткерлер мен егде жастағы тұрғындарға арналған түрлі үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылған. Олардың барлығы денсаулықты нығайтуға және шығармашылық қабілетті дамытуға бағытталған.
Қазіргі таңда орталықта йога, фитнес, нейрожаттығу, би, вокал, қолөнер, сурет және тігін сабақтары тұрақты түрде өткізіледі. Сондай-ақ, шахмат, үстел теннисі, жаттығу залы және демалыс аймақтары да бар.
– Мұнда өте ыңғайлы. Біз йогамен, фитнестермен, қолөнермен, мүсіндеумен айналысамыз. Бұл тек қана спорт емес, түрлі бағыттағы шығармашылыққа да жатады. Біз мұнда бір-бірімізбен танысып, әңгімелесеміз, көңіл-күйімізді көтереміз. Осыдан алатын әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын, – дейді орталықтың тұрақты келушілерінің бірі, 76 жастағы Ольга Василенко.
Ольганың айтуынша, орталық тек хобби немесе жаттығу орны ғана емес, сонымен қатар, жылы жүздесу, рухани қолдау мен қарым-қатынас кеңістігі.
– Мен бұл жерге орталық ашылған алғашқы күннен бастап келіп жүрмін. Қазір өзім жалғыз тұрамын, сондықтан, бұл орталық мен үшін екінші үйім іспетті. Мұнда мен мейірімді адамдармен араласамын, өмірге деген қызығушылығым арта түсті, – дейді одан әрі ол.
Тағы бір қатысушы орталықтың ашылуы шын мәнінде үлкен сый болғанын айтты.
– Бұрын барлық уақытым жұмыс пен отбасыма кететін. Ал, қазір өзіме де уақыт табылды, тіпті екінші тынысым ашылғандай. Біз ән айтамыз, би билейміз, сурет саламыз, фитнеспен айналысамыз. Орталықта әркім өз қалауынша іс таба алады. Мысалы, бүгін біз ескі қаланың пейзажын салып жатырмыз, – дейді орталыққа келуші зейнеткерлердің тағы бірі қуанышпен.
Мұнда психология, денсаулық және әлеуметтік мәселелер бойынша қатысушылармен семинарлар мен кездесулер өткізіледі.
Бүгінде «Белсенді ұзақ өмір» орталығында 500-ге жуық адам тіркелген, олардың көбі орталыққа тұрақты түрде келіп тұрады. Әр қатысушы өз мысалымен өмірде белсенді болудың және өзі үшін жаңа істерді үйренудің ешқашан кеш еместігін дәлелдеп жүр.
Осындай қамқорлық пен көңіл бөлудің арқасында бұл орталықта егде жастағы адамдарға «екінші өмірдің» есігі ашылғандай, мұнда қарттардың әр күні мағынаға, достық қарым-қатынас пен қуанышқа толы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Степногорск қаласы.
![]()

