Әкім — ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуындағы басты бағыттарды пысықтау мақсатында Бурабай және Целиноград аудандарына ауқымды жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы сапарын Арқаның көркем өңірі Бурабай ауданынан бастап, халықпен жаңадан салынған, заманауи талаптарға сай Мәдениет үйінде кездесті. Әкім сапарының жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуымен тұспа-тұс келуіне ерекше тоқталды.
– Дана халқымыз “Келісіп пішкен тон келте болмайды”, – дейді ғой. Сондықтан, бірлесіп жақсы шешімдер қабылданады деп ойлаймын. Былтырғы кездесудің нәтижесінде жақсы мәдениет орталығында жүздесіп отырмыз. Көптен күткен Спорт сарайын іске қостық. Ол тек аудан деңгейінде ғана емес, облыс деңгейінде де балаларды тәрбиелеп, жастарға оң жолдама беретініне сенімдімін. Бүгінгі шараға тіпті үш Олимпиада чемпиондары келді, – деп облыс әкімі Марат Ахметжанов сөз бастады.
Өңір басшысы ауданның облыстың аграрлық секторын дамытудағы стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Аудан бойынша 300 мың тоннаға жуық астық қамбаға құйылды. Орташа өнімділік гектарына 24 центнерді құрады. Бұл соңғы 20 жылдағы рекордтық көрсеткіш болып табылады. Бұл жетістік мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болды. Субсидия және жеңілдіктер арқылы көрсетілген қолдау көлемі 1,5 есеге немесе 4,1 миллиард теңгеден 6,3 миллиард теңгеге дейін өсті. Қаражаттың негізгі бөлігі көктемгі егіс және егін жинау науқандарын жеңілдікпен несиелеуге бағытталды.
Марат Ахметжанов астық экспортының дамуын да атап өте келе:
– Биыл біз Эстониямен тікелей келісімге қол қойып, 209 мың тонна астықты осы елдерге экспорттадық. Бұл – біздің жоғары сапалы астығымыздың халықаралық нарықта тұрақты сұранысқа ие екенін білдіреді, – деді.
Әкім жерді тиімді пайдаланудың маңыздылығын баса айтып, заңсыз берілген жерлерді қайтарумен қатар, жерді тиімсіз пайдаланатын заңды және жеке тұлғалармен де күресті жалғастыруды тапсырды. Ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды енгізу қарқынды жүріп жатыр. «Журавлевка» және басқа да агроқұрылымдар жаңа технологияларды қолдану арқылы өнімділікті арттыруда.
Аудан мал шаруашылығын, әсіресе, сүт бағытын дамытуда айтарлықтай табыстарға жетті. «Бурабай Милк» ЖШС 8 миллиард теңгеден астам инвестиция салып, жаңа тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастады. Бұл 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асқан кәсіпкер Руслан Соколовтың ірімшік қайнататын цехы халықаралық байқауда жеңіске жеткені айрықша мақтаныш болды.
Бурабай ауданының өнеркәсіптік әлеуеті алтын өндіру мен өңдеуге де негізделген. Өндірісті әртараптандыру мақсатында ірі әлемдік компания – Цзы-Цзинь Майнинг «ЭрДжи Голд» өндірісін сатып алып, 500 миллион доллар инвестиция салып, 1000-ға жуық жұмыс орнын құратын жаңа алтын өндіру фабрикасын салуды жоспарлап отыр. Облыс әкімі кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын айтып, биыл 14,6 миллиард теңгенің сомасына 17 жоба іске асырылатынын нәтижесінде 297 жаңа жұмыс орны құрылатынын мәлімдеді.
Курорттық аймақты дамыту – облыстың басты басымдығы. Курорттық аймаққа биыл 900 мыңға жуық адам келді. Щучинскіден Бурабайға дейінгі жолдың жарықтандырылуы аяқталды, 10,2 шақырым заманауи веложол салынды, сондай-ақ, «Астана – Бурабай» бағытында жаңа электр пойызы іске қосылды. Кептеліс мәселесін шешу үшін өткізу пункттеріндегі шығу жолдары ұлғайтылып, алдағы жылы жаңа автоматтандырылған төлем жүйесі енгізіледі.
Жол желісінде 11,5 шақырымы бес ауылға кіреберіс жолдардың, 1,11 шақырым қалалық және 18 шақырым кентішілік жолдардың орташа жөндеуі аяқталды. Щучинск вокзалын қайта жаңарту аяқталуға жақын. Ауданда 6 жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізіліп, 85 әлеуметтік пәтер сатып алынады.
Іс-шара барысында өңір басшысы коммуналдық кәсіпорындар өкілдеріне жаңа арнайы техниканың кілттерін табыс етті. Кездесу соңында ардагер мал дәрігері Хасен Құсайынов «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталып, ветеринария саласына жастарды тарту қажеттігі атап өтілді.
Бурабай ауданындағы кездесуден кейін облыс әкімі Целиноград ауданына ат басын бұрып, Қоянды ауылына табан тіреді. Бұл сапардың басты жаңалығы – Қазақстанның ірі ауылдарының бірінің газға қосылуы.
Өңір басшысы Президенттің тапсырмасы бойынша Астана айналасындағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары «Сарыарқа» газ құбырының 1-кезегіне қосу арқылы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Бүгін Қоянды ауылына көптен күткен газ жеткізілді. Бұл – Целиноград ауданындағы орталықтандырылған газбен қамтылған алтыншы елді мекен. Жобаны іске асыру аясында 226 шақырым газ тарату желісі салынып, 12 газ тарату пункті орнатылды. Табиғи газбен 21 мың адам немесе 5,4 мың абонент қамтамасыз етілді, – деді әкім.
Қояндының Жылдам Дамуы. Аудан әкімі Қоянды ауылының соңғы 20 жылдағы қарқынды дамуын әкімге баяндады. Егер 2004 жылы ауылда бар-жоғы 58 ғана үй болса, қазіргі уақытта жалпы салынған құрылыстың көлемі 5500-ден асып кеткен. Бұл өсу ауылдың инфрақұрылымына үлкен талап қояды.
Ауылдың ішкі жолдарының жалпы ұзындығы 189 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда осының 50 шақырымына жуығына тас төселген. Бұдан басқа, 48 шақырымдық жолдардың екінші, үшінші және төртінші кезеңдеріне арналған жобалар дайындалып қойған. Жобалар 15-17 шақырымдық бөліктерге бөлініп жасалған.
Кейінгі үш жылда «АБК Автодор НС» компаниясы 21 шақырым жол салуға тендер ұтып алған. Бұл компанияның арқасында биылдың өзінде ауылда 9 көшеге асфальт төселді, оның ішінде 4 шақырымдық орталық көше 4 жолақты болып жаңартылды. Жоспар бойынша келесі жылы 21 шақырымдық жол толық аяқталмақ.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатов газды қауіпсіз пайдаланудың басты шарт екенін ескертті. Облыс әкімі атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын отбасыларға үйге дейінгі қосылым үшін 70 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде мемлекеттік қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
“Арқа ажарының” өз тілшісі.
Бурабай, Целиноград аудандары.
![]()

