Темір жол саласы – Ерейментау ауданындағы Левковтар (Филиппенковтар) отбасы үшін жай ғана жұмыс емес, өмір мәні.
Олардың еңбек әулеті үш ұрпақты қамтиды, барлығы 171 жыл теміржолда мінсіз қызмет етіп келеді және отбасының бес мүшесін біріктіреді. Олардың әрқайсысы осы саланың дамуына өз үлесін қосты.
Әулеттің тарихы отбасылық еңбек дәстүрінің негізін қалаушы Иван Федорович Левковскийден басталады. Соғыс жылдарында ол паровозда от жағушы болып жұмыс істеді, кейінірек бейбіт уақытта Бурабайда теміржол кранының машинисі болды. Оның өнегесі ұлы Владимирге бағдар болды, ол теміржол әскерлерінде қызмет еткеннен кейін тепловоз машинисінің көмекшісі ретінде локомотив депосында жұмыс істей бастады. Қызмет еткен жылдары ол қосымша бірнеше кәсіпті игеріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді және сол үшін «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталды. Бұл осы саладағы ең жоғары марапат.
Владимирдің әйелі Людмила Алексеевна да бүкіл өмірін теміржолға арнады. 1970 жылдан бастап ол өлшеу технигі болып жұмыс істеді, содан кейін машинистер мен көмекшілердің үлкен тобын басқарды. 39 жыл ішінде «Еңбек ардагері» медаліне, сондай-ақ, көптеген Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды.
Әулеттің бұл ісін кейін қыздары Ольга Владимировна Филиппенкова мен Наталья Владимировна Сердцева жалғастырды.
Ольга Владимировна теміржол техникумын қызыл дипломмен бітіріп, мансабын 1997 жылы Ерейментау станциясында тауар кассирі болып бастаған. Кейінірек станция бойынша кезекші, содан кейін 1 санатты инженер-технолог болды. Оның жұмысы нормативтік-техникалық құжаттаманы рәсімдеу жағын қамтиды. Үздіксіз біліктілікті арттыру, тиісті семинарларға қатысу және мамандыққа бейжай қарамау оны әріптестері мен басшылықтың құрметіне бөледі.
Одан сіңлісі Наталья Владимировна да қалыспай, локомотив депосында есеп операторы болып жұмыс істейді. Ол машинистер мен машинистердің көмекшілерінің маршруттарын рәсімдейді, оларға жалақы сол бойынша есептеледі. Наталья да еңбекқорлығы мен жауапкершілігі үшін бірнеше рет алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды.
Әулеттің осындай еңбек марапаттарының ішінде «Қазақстан Темір жолына 100 жыл», «Құрметті теміржолшы», «Еңбек ардагері» медальдары мен төсбелгілері, құрмет грамоталары мен алғыс хаттары бар.
Бүгінде Ольга және Наталья Владимировналар теміржолшылардың үшінші буынының лайықты өкілдері. Олар отбасылық сабақтастық туралы мақтанышпен айтады және өздерінің ұлдары да осы темір жолдағы қозғалысқа, дәлдікке және жауапкершілікке негізделген осы мәртебелі жұмысты әрі жалғастырады деп үміттенеді.
Осы әулетке байланысты тағы бір ерекше атап өтетін жай, бір ғана кәсіпке берілгендігі, жоғары шеберліктері және үздік еңбек дәстүрлерін сақтағандары үшін Левковтар (Филиппенковтар) әулеті «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша «Еңбек жолы» республикалық байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпазы атанды.
Сөйтіп, бұл осы бір өнегелі отбасының отандық теміржол саласын дамытуға қосқан үлесін тағы бір мойындау болды.
Ұлы даладағы рельстер бойымен жолаушылар пойыздары және жүк составтары тек алға жүйтки берсін, ал, Левковский әулетінің бірнеше буыннан тұратын теміржолшылары әлі де осы саланың бел ортасынан көріне түссін.
Ы.ЖОЛБОСЫНОВ.
Ерейментау ауданы.
![]()

