Көкшетау қалалық сотында А., Б. және Ц.-ға қатысты адамды заңсыз бас бостандығынан айыру және адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, күш қолдану арқылы бірнеше рет ірі көлемде ақша бопсалағаны үшін қылмыстық іс қаралды.
Ол ҚК-нің 126-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, 194-бабы 2,3-бөліктерінің 1,2,3-тармақтары бойынша қозғалған еді.
Соттың анықтауынша, 2021-2024 жылдары Көкшетау қаласында А. және Б. есімді ағайындылар мен олардың танысы Ц. ойдан шығарылған немесе болмашы себеппен жәбірленушілермен кездесіп, оларға доқ көрсетіп, пышақпен қорқытып, 5 000 теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейінгі сомада ақша талап еткен. Ал, жәбірленуші Н.-дан 4,5 миллион теңге тұратын автокөлікті беруді талап еткен. Іс бойынша 4 жәбірленуші бар.
Сотталғандардың кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен, беттестіру хаттамалары және тану рәсімдерімен, көлік құралдарын тінту хаттамаларымен және басқа да іс материалдарымен дәлелденді.
Жазаны тағайындауда сот А. мен Б.-ның кәмелетке толмаған балаларының болуын істі жеңілдететін мән-жай деп ескерді. Сот үкімімен А.-ға 6 жылға, Б. мен Ц.-ға бұрынғы үкімдер бойынша өтелмеген жазалармен біріктіре отырып, әрқайсысына 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ц.-ның әрекеттерінде қылмыстың қайталануы анықталды.
Сотталғандардан жәбірленуші Н.-ның пайдасына 250 мың теңгеден моральдық зиян өндірілді.
Сонымен қатар, сот қылмыстық-процестік заң бұзушылық фактілері бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін полиция департаментіне және облыс прокурорына, жәбірленушілер тарапынан жалған айғақ беру фактісі бойынша Көкшетау қаласының прокурорына, пробация қызметінің сот үкімін тиісінше орындамауы және сотталған адамға бақылау жүргізбеу фактісі бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшылығына жекеше қаулылар шығарды. Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.
![]()

