Азаматтардың сеніміне сай жұмыс істейміз

«Aманат» партиясының қоғамдық қабылдау қызметі Президент Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асырудың нақты бір көрінісі екені даусыз. Бұл ретте, партияның Ақмола облыстық филиалына жүгінген әрбір азаматтың  мәселесі дер кезінде тыңдалып,  оны шешу жолында нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеміз.

Осы бағытта  партияның облыстық қоғамдық қабылдау қызметі қоғам мен билік арасындағы жүйелі диалогты қамтамасыз ететін маңызды институтқа айналды. Одан өзге партияның қалалық және аудандық бөлімшелеріндегі күнделікті  қоғамдық қабылдаулар осы міндеттің нақты орындалуының айқын дәлелі іспетті.

Сараптама қорытындылары көрсеткеніндей, партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне ағымдағы жылдың  10 айында барлығы 7 698 өтініш келіп түсті. Оның 51 пайызы оңтайлы шешілді. Ал, қалған 3 712 өтінішке заң аясында кеңес берілсе, бүгінде 70 өтініш қаралу үстінде.

Тіркелген өтініштерді талдауда, азаматтардың алаңдаушылық білдіретін бес ең өзекті мәселелері анықталды. Бірінші кезекте жалпы өтініштің 42 пайызын құраған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша 3 271 өтініш түскен. Сондай-ақ, тұрғын үйге және жерге мұқтаждық бойынша 928 өтініш және жұмысқа орналасу және еңбек қатынастары бойынша  866  өтініштерді қарап, оңтайлы шешуге тырысып келеміз. Сонымен қатар, күн сайын тұрғындардан әлеуметтік көмекке мұқтаждық, құжаттандыру және тіркеу бойынша өтініштер түсіп жатады.

Осы уақытқа дейін облыстағы барлық қоғамдық қабылдау алаңдарында 1982 қабылдау өткізіліп, 7667 адам өз өтініштерімен жүгінді. Біздің басты міндетіміз осындай өтініштермен келген азаматтардың мәселесін атқарушы билік пен құқық қорғау органдарына жеткізе отырып, азаматтардың барлық мәселелерінің шешілуіне көмектесу. Қабылдау бөлмесіне іздеп келген әр азаматтың бұйымтайы егжей-тегжейлі қарастырылып, зерттелуі керек. Сондықтан, әр филиал, әр бастауыш партия ұйымы азаматтардың күнделікті мәселелерін шешу процесіне белсенді түрде ат салысады. Мәселен, қоғамдық қабылдау бөлмелерінде  апта сайын «Халыққа көмек» жобасы аясында тақырыптық қабылдаулар өткізіледі,  онда заңгерлер, нотариустар, адвокаттар мен медиаторлар азаматтарды жеке мәселесімен қабылдайды. Ол қабылдаулардың қорытындысы бойынша қаншама азаматтарға ауызша тегін заңгерлік кеңес берілді, құжаттарын рәсімдеуге көмек жасалды, соттарда азаматтардың мүдделерін қорғау бойынша қаншама жұмыстар атқарылды.

Мәселен, есептік кезеңде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында 115 қабылдау өткізіліп, 560 азаматқа консультативтік көмек көрсетілгенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, 11 тақырыптық қабылдау өтіп, 32 өтініш қабылданып, 219 көшпелі қабылдауда барлығы 1474 өтініш қарастырылып, оның 38 пайызы оң шешілді.

Осы жоба аясында Ақмола облысы адвокаттар алқасының адвокаты өткізген кезекті қабылдау барысында Көкшетау қаласының тұрғыны Г. есімді азамат жүгінді. Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға келген қандасымызға заңгерлік кеңес қызметі көрсетілді. Оның сөзінше, 2011 жылы ол Қазақстан Республикасының азаматтығын алады. Алайда, жеке куәлікті рәсімдеу кезінде мемлекеттік органның мамандары қателік жіберіп, құжатқа тегін енгізбей,  куәлікке тек есімін  ғана  жазған. Өтініш беруші жіберілген қатені бірнеше рет көрсеткеніне қарамастан, 13 жыл ішінде ол бюрократиялық кедергілерге тап болып, құжатын дұрыстай алмапты.  Құжатта жіберілген қателіктің кесірінен азаматша  ресми түрде жұмысқа тұра алмай, не салық органдарына тіркеле алмай, бірқатар кедергілерге тап болған.  Осы мәселе бойынша қорғаушы 2025 жылдың мамыр айында Ақмола облысының көші-қон қызметіне ресми сауал жолдады. Сөйтіп, жүргізілген жұмыстар мен құқықтық нормаларды түсіндіруден кейін мәселе оң шешілді. Биылғы жылдың күзінде ол азаматшаға  заңнамаға сәйкес рәсімделген және барлық қажетті дербес деректерді қамтитын Қазақстан Республикасы азаматының жаңа жеке куәлігі берілді.

Сонымен қатар, көшпелі қабылдау өткізіп, ауыл аймақтарға барып,  мәселелерді шешу партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің негізгі жұмыс тәсілдерінің бірі. Ауыл-аймақтарды аралау арқылы тұрғындардың мәселесі жедел жинақталып, кейбір мәселелер сол жерде шешімін тауып жатады. Ол халықпен белсенді өзара іс-қимыл жасауға және олардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Көшпелі қоғамдық қабылдаулар халықты тікелей тыңдауға, олардың нақты мәселелерін жазып алуға және нақты шешімдерді ұсынуға жағдай туғызатыны тағы бар. Көшпелі қоғамдық қабылдауларда депутаттар, жергілікті атқарушы билік органдары, әкімдік өкілдері бізбен бірге жүреді. Бұл әр мәселенің жедел шешілуіне ықпал ететіндігінің дәлелі. Жұмыстың бұл форматы халық пен билік арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруға әсер етеді.

Қоғамдық қабылдау бөлмелерінде  бекітілген кестеге сәйкес, аудан әкімдері, әкімдіктің жауапты бөлім басшылары, мемлекеттік орган жетекшілері, аудандық, қалалық және облыстық емдеу мекемелерінің  бас дәрігерлері,  барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары да әр тоқсанда  бір рет қоғамдық қабылдау өткізеді. Мәселен, партияның Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына Көкшетау қаласының тұрғыны Д. есімді азамат келіп, өзінің арнайы түзету мектебінде оқитын  баласына мүгедектік тағайындау мәселесі бойынша жүгінді. Өтініш берушінің айтуынша, балаға оңалту шаралары мен мамандандырылған қолдау ауадай қажет. Бұл өтінішті Ақмола облыстық мәслихатының депутаты  Нұрлан  Жаров бақылауға алды.
Тиісті мемлекеттік органдармен және денсаулық сақтау мекемелерімен өзара іс-қимыл нәтижесінде құжаттар медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін сырттай куәландыруға жіберілді. Жүргізілген  сараптама нәтижелері бойынша, балаға   екінші топтағы мүгедектік тағайындалды. Сөйтіп, көп ұзамай бұл мәселе де оң шешімін тапты.
Бұл отбасыға екінші топтағы мүгедек баланың мәртебесін растайтын тиісті құжаттар берілді, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсініктемелер берілді.

Партияның аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау тәжірибесі де ұтымды іске асырылып келеді. Мәселелерді шешуге жәрдемдескеннен кейін өтініш берушілер партияға кіруге ниет білдіреді. Мәселен, ағымдағы жылдың 10 айында партияға 326 азамат партия мүшесі болып, қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы қабылданды. Халық пен билік арасында дәнекер бола білген партия тұрғындардың өтініш-тілектерін шешу жолындағы жұмысын одан әрі де жетілдіруді көздейді. Партия тарапы тұрғындардың өмірлік маңызды мәселелерін шешіп, билік пен қоғам арасындағы ашық байланысты нығайтып, мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыра отырып, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге үлес қосады. Партия алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, азаматтардың сеніміне сай әрекет етуді жалғастыра береді.

Берген БЕСПАЛИНОВ,
«AMANAT»  партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар