Ынтымаққа арқа сүйеген жауапты кезең

Ақмола облыстық әкімдігінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың өкілдерімен кездесті және республикалық «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты республикалық телекөпірге қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған кездесу барысында өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға, қоғамдық бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған жобалар мен бастамалар қарастырылып, жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындылары талқыланды.

– Бүгін біз Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы мерейлі мерекесі жылы аясында атқарылған жұмыстарды қорытындалу мақсатында бас қосып отырмыз. Биылғы жыл еліміздің бірлігі мен берекесінің айрықша символына айналған барлық этностардың ортақ құндылықтарын біріктіретін маңызды жыл болды. Ассамблеяның 30 жылдығы дегеніміз тек уақыт межесі ғана емес, ол этносаралық келісімнің қайталанбас үлгісін қалыптастырған тарих, көпұлтты қоғамымыздың ынтымағын нығайтқан тәжірибе мен болашаққа сенім, – дей келе, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы биылғы мерейлі жылы қоғамдық келісімді нығайту жолында атқарылған толымды жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекітіп, бірлік пен ынтымақ, ұлтаралық қарым-қатынасқа ерекше назар аударған болатын. Онда бірлік пен ынтымақ – қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділіктің тұғыры саналатын құндылықтар, жаңа сын-қатерлер жағдайында олардың өзектілігі арта түседі делінген. Соның ішінде этносаралық қарым-қатынас саласындағы саясатқа, басым назар аудартып, Қазақстан халқы Ассамблеясын этносаралық келісім саласындағы негізгі институт ретінде дамыту қажеттігін атап өткен.

– Облыста аталмыш ұйымның 30 жылдығы аясында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. БАҚ-тарда этносаралық келісімді нығайту, ұлтаралық татулық пен достықты насихаттау бойынша материалдар жүйелі негізде жарияланды, ұлтаралық бірлік пен келісім тақырыптарында жастармен, студенттермен түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылды, ұлтаралық диалог пен өзара ынтымақтастық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған медиаторлар жиындары мен басқа да әлеуметтік маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы мерейлі жылдың басынан бері 5 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, оған 100 мыңнан астам ақмолалық қатысты. Бұл шаралардың барлығы Ақмола облысындағы тұрақты ұлтаралық саясатты жүзеге асыруға бағытталды. Қазіргі уақытта біздер еңбек ұжымдарында шағын ассамблеялар құру жобасын әзірлеп жатырмыз. Себебі, бір ғана мысал келтірсек, Степногорск қаласындағы тау-кен-химия комбинатында көптеген ұлт өкілдері жұмыс істейді. Осындай өндіріс орындарында шағын ассамблеялар ашу ұлтаралық сыйластықты, қарым-қатынасты нығайта түседі, – деді сөзінің барысында басқарма басшысы.

Бұдан әрі Ассамблея қызметіне белсенді атсалысқан бірқатар ақмолалықтар Қазақстан халқы ассамблеясының медалімен, Мемлекет басшысының Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Марапатталғандар қатарында «СХП 1 Мая» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, «Спасское-Агро» серіктестігінің құрылтайшысы Магомед-Сали Абуев, Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының неврология бөлімшесінің меңгерушісі Макшарип Мартазанов, «Новокубанка» серіктестігінің бас директоры Шалва Джахуташвили, Степногорск тау-кен-химия комбинатының бас директоры Жандос Бекбаев бар.

Салтанатты сәттен соң, жиналған қауым Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың қатысуымен өткен мерейлі жылды қорытындылауға арналған республикалық «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» телекөпір-форумына тікелей эфир арқылы қосылды. Іс-шарада жыл бойы іске асырылған Қазақстан халқы Ассамблеясының үздік тәжірибелері мен қызықты жобалары ұсынылды. Жиында Ақмола облысы бойынша Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Сандықтау ауданы ассамблеясының еңбек әулеттері туралы жобасы және «Еңбекші күші: халықтың бірлігі» жобасы шеңберіндегі рухани-адамгершілік құныдылықтарды дамытуға бағытталған «Ұлттық ойындар» кабинетінің ашылуы үздік жобалар деп танылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы ынтымақ пен сенімге толы кезең. Мерейлі жыл ел бірлігінің, өзара сыйластық пен татулықтың мерекесі болды. Лайым, еңбек – елдің күші, ал, бірлік – оның мәңгілік тірегі бола берсін.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар