Қоғамға керек құрылым

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ашық диалог форматында Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, өңірдің өзекті мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Кеңесте өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын шығарып, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жетістіктерді атап өтті.

– Биылғы орақ науқанының нәтижелері ауыл шаруашылығының облыс дамуының драйверіне айналып келе жатқанын көрсетті. Ол үшін мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді жеделдету қажет. Астанаға жақын орналасу бізге жақсы өткізу нарығын қамтамасыз етеді. Өндірісті дамыту, өз кезегінде, әлеуметтік саланы жақсартуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Талқылауға Көкшетау қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сайран Жақыпов, денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының жетекшісі Серік Какенов, ардагерлер Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, журналист Сауле Құсайынова және басқалар қатысты. Қоғамдық кеңес өңірдің даму перспективаларын, денсаулық сақтау мен ветеринария нысандарын кадрлармен қамтамасыз ету мәселелерін, жұмысшыларды заңды түрде еңбекпен қамту және инфрақұрылымның қолайлылығы туралы сұрақтарды көтерді.

– Өңірде параспортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соның арқасында Давид Дягтярев пен Еркін Ғаббасов сияқты жұлдыздар әлемдік деңгейде табысты өнер көрсетіп жүр. Спорт мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қажет әлеуметтік бейімделудің белсенді түрі, – деп атап өтті Ақмола облысы мүгедектер одағының төрағасы Рамазан Мұқатаев.

Өңір басшысы жақын күндері Көкшетауда көпфункционалды спорт сарайы ашылатынын, онда түрлі спорт түрлеріне арналған алаңдар, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған зал болатынын айтты.

Іс-шара соңында Марат Ахметжанов Қоғамдық кеңес мүшелеріне белсенді азаматтық ұстанымы және өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, ашық диалог пен бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде Қоғамдық кеңес өкілдері кездесудің конструктивті өткенін айтып, жергілікті атқарушы органдармен одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендерін білдірді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар