Әрбір мәселенің артында халықтың жағдайы тұр

Сессия

Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма үшінші сессиясы облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіповтің төрағалығымен өтті. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов қатысты.

Кезектен тыс сессияға облыстық мәслихаттың депутаттары, аудандар мен қалалардың әкімдерінің орынбасарлары, департаменттер мен басқармалардың басшылары аралас форматта, онлайн және офлайн режимде қатысты.

Күн тәртібінде қарастырылған басты мәселенің бірі «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Ақмола облыстық мәслихатының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы шешіміне өзгерістер енгізу болды. Бұл орайда, Ақмола облысының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Ибикенов сөз алды. Айтуынша, облыс тұрғындарын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету, халықты сапалы ауыз сумен толық қамту, Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласының әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй сатып әперу, тоғыз жайлы мектептің мұғалімдеріне еңбекақы төлеу, облыстың мектепке дейінгі ұйымдарын ұстау, сондай-ақ, халық үшін өзекті мәселелерді шешу мақсатында кезекті нақтылау жүргізу қажеттілігі туындаған. Баяндамашы бұл ретте, облыстық бюджеттің шектеулі мүмкіндіктерін ескере отырып, нақтылау шеңберінде бұрынғы қарастырылған қаржының үстінен қосымша 6,1 миллиард теңгені қайта бөлуді ұсынды.

– Бұл қаржының 2,9 миллиард теңгесі тоғыз жайлы мектептің мұғалімдеріне еңбекақы төлеуге, сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдарды қосымша қаржыландыруға, тамақпен қамтамасыз ету және коммуналдық қызметтерді төлеуге бағытталады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында халықты сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін 687 миллион теңге қарастырылған, –деп басқарма басшысының міндетін атқарушы қайта қарауға ұсынған қажетті қаржының қайда жұмсалатындығын бүге-шігесіне дейін баяндап шықты. Оның мәліметтеріне жүгінсек, бұл қомақты ақшаның қалғаны, яғни, 1,1 миллиард теңгесі 2025-2026 жылдары халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге, 291 миллион теңгесі тұрғын үй құрылысына, 1,039 миллиард теңгесі кезекте тұрған адамдардың тұрғын үй мәселесін шешуге, 336 миллион теңгесі көлік инфрақұрылымы құрылысы жобаларын іске асыруға бағытталмақшы.

Сессияда қаралған тағы бір мәселе – облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту, атап айтқанда тұрғындарының саны 50 адамнан аспайтын ауылдарды қысқарту жайы. Облыс әкімінің аппарат жетекшісінің орынбасары Ермек Жоламановтың баяндауынша, Астрахан, Бұланды, Бурабай, Ерейментау және Сандықтау аудандарының жергілікті өкілді және атқарушы органдарынан елді мекендерді тарату туралы ұсыныстар түскен. Мәселен, Астрахан ауданының Ақбейіт, Ягодное, Бұланды ауданының Пушкино, Балуан Шолақ, Еруслановка, Добровольное, Красносельское, Ұлтуған, Бурабай ауданының Жаңатуған, Қарағай, Федосеевка, Үлгіалған, Ынталы, Ерейментау ауданының Жолбасшы және Сандықтау ауданының Чашке ауылдарының халық саны 50-ден аз екен. Аталған елді мекендердің көпшілігінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, сауда және өнеркәсіп нысандары жоқ. Оларда тұрып жатқан  тұрғындардың басым көпшілігі ауылдық округтердің әкімшілік орталықтарында жұмыс істеп, балалары көрші ауылдардың мектептерінде білім алады. Сондықтан, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес, халқы 50 адамнан кем ауылдар маңайындағы дербес елді мекендер болып саналатын ауылдардың құрамына қосылады. Ермек Бақытжанұлының айтуына қарағанда, бұған дейін қысқартылғалы тұрған ауыл тұрғындарымен жиналыстар өткізіліп, олардың келісімі алынған.

Кезектен тыс өткен сессияда өзге де сұрақтар қаралып, олардың әрқайсысы бойынша тиісті шешімдер шығарылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар