Дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған рухани қазына

ЖАНАЗЫҚ

Кітапхана – адамның рухани әлемін кеңейтіп, жан дүниесін байытатын ерекше мекеме. Бұл – тек білім ордасы ғана емес, ойды тереңдетіп, адамды ізгілікке бастайтын мәдениет ошағы. Әрбір кітап – дүниетанымды қалыптастыратын, өмірге деген көзқарасты өзгертетін қазына.

Ал, кітапхана сол қазынаны жинақтап, халық игілігін  ұсынатын руханияттың орталығы.

Көкшетау қалалық орталық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасына келген әр оқырман жаңа әлемге аяқ басқандай әсер алады. Тыныштық пен тәртіп,  кітап сөрелеріндегі сан ғасырлық даналықтар оқырмандарымызды білімге, ізденіске жетелейді. Мұндағы әрбір кітап өмірге жаңа көзбен қарауға, ой жүзінде талай сапар жасауға мүмкіндік береді. Сол себепті толассыз келіп жатқан оқырмандарымыз үшін біздің кітапхана  рухани дамуға тікелей әсер ететін құндылық болып табылады. Жыл бойы өткізіліп жатқан  әр түрлі бағыттағы тақырыптық іс-шаралар оқырмандарымыздың белсенділігін танытып, одан әрі жақындастыра түскеніне куәміз.

Кітапхананың басты құндылығы – адамның ішкі жан дүниесін байытуында. Кітапхана «Тілашар», «Муравейник» клубтары және мүмкіндігі шектеулі жандармен «Қуаныш сыйлау бір бақыт» атты жоба  аясында жұмыс атқарады. Әр жобаның өзінің белгілі бір жоспары бар, сол жоспар оқырмандардың қатысуымен, белсенділігімен жүзеге асады.  Кез-келген шараға қатысу арқылы оқырмандарымыз рухани азық тауып, шығармашылық ойлары дамып, мәдени деңгейлері көтеріледі. Өз ойын ашық жеткізуге, белсенділік танытуға мүмкіндік мол.

Көкшетау қаласының балабақшаларының тәрбиеленушілері,  жалпы білім беретін № 4,5,6,14 және 21 орта  мектептерінің оқушылары,  Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері біздің тұрақты оқырмандарымыз. Кітапхана жұмысының алға басып, мазмұнды өрбуіне ықпал жасайтын адал оқырмандарымызға алғысымыз шексіз. Мерейгер жазушылардың атаулы күндеріне, кәсіби мерекелерге орай өткізіліп жатқан іс-шаралар нәтижелері мерзімдік баспасөз беттері мен әлеуметтік желі парақшаларында оқырмандар назарына ұсынылып отырады.

Жалпы, кітапханада өткізілген іс-шаралардың бәрін тізбектеп жаза беру мүмкін емес.  Әлбетте әңгімеміз кітапхана төңірегінде болғандықтан, биыл кең көлемде аталып өтіп жатқан ұлы Абайдың 180 жылдығы, «Таңдаулы 100 кітап» республикалық акцияларына, сондай-ақ, Ұлттық кітап күніне белсене қатыстық. Осы ақпараттардың барлығын біздің кітапхана парақшаларынан көріп, тамашалай аласыздар.

«Қуаныш сыйлау бір бақыт» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеу барысында біз өзіміздің ізгі жүрегімізбен әрбір жанға үміт отын жағып, өмірге деген көзқарастарын оятамыз, болашаққа сеніммен қарауға үйретеміз.  Өйткені, кітапхана – барлық адамдарға тең мүмкіндік ұсынатын ашық мәдени кеңістік. Іс-шаралар барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық қабілеттері артып, өзінің бойындағы бар өнерлерін ортаға сала алады. Бұл біздің осы жандарға деген құрметіміз әрі түсіністікпен қарағанымыз деп білемін.

Кітап сөрелеріндегі мектеп бағдарламасы бойынша әдебиеттер жас оқырмандарға да көп ықпал етіп, жазғы демалысты тиімді өткізуге көмектеседі. Өйткені, кітап оқуға жұмсаған уақытты босқа кетпеген уақыт деп біліңіздер. Кітаптың иісі, оның парақтарының сыбдыры адамды терең ойға жетелеп, жүрекке тыныштық сыйлайды. Ескі кітаптар қазіргі таңда оқырман сұраныстары бойынша баспадан жаңадан өңделіп шығып жатыр.  Сондықтан да, кітапхана қызметкерлері кәсіби шеберліктерінің арқасында оқырмандарды келіп түскен жаңа кітаптар топтамасымен үнемі таныстырып отырады.

Өйткені, кітаптар адамзат өркениетінің ең құнды мұраларының бірі. Ғасырлар бойы жинақталған ақыл-ой қазынасы, тарихи деректер мен көркем дүниелер дәл осы киелі шаңырақта сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетумен келеді. Сондықтан да, кітапхананы бекерден-бекер рухани байлықтың ордасы деп атамайды. Бүгінгі жаһандық даму кезеңінде жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары қоғамдық өмірдің барлық саласына еніп келеді. Сандық трансформацияның негізгі өзегіне айналған ЖИ біздің кітапхана қызметкерлерін де қызықтыра түсуде. Олай дейтініміз, ол әрбір адамның күнделікті өмірін жеңілдетіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Біздің кітапхана қызметкерлері де бұл жаңалықты құптап, жаңа форматта жұмыс атқаруға дайынбыз. Ол үшін көп ізденіс, қызығушылық, талпыныс керек. Жасанды интеллектіні игеру арқылы біз оқырманға сапалы әрі жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік аламыз.  ЖИ-дің енгізілуі кітапхана жұмысының тиімділігін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген үміттеміз.  Сол арқылы біз ең алдымен, ақпаратты жүйелеу, сараптау және іздестіру процесін жеңілдетеміз.

Кітапхана еш уақытта өзінің тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ. Керісінше, электронды ресурстар мен онлайн қызметтер арқылы оқырманда қолжетімділік артып, кітапхананың маңызы арта түсуде. Өйткені, кітапхана –  дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған ерекше білім орталығы. Кітапхана – халқымыздың теңдесіз байлығы, рухани қазынасы. Ол білімге ізденген әр жүрекке түзу жол сілтейтін шамшырақ, адамзат мәдениетінің алтын бесігі болып қала береді. Құрметті оқырмандарға айтарымыз, сіздер мен біздер болып кітапхана жұмысының әрі қарай жандана түсуі, заманауи кітапханаға айналуы өз қолымызда. Сондықтан да, өткен мен бүгінді, бүгін мен ертеңді байланыстыратын рухани қазына ордасына, алтын көпіріміз – кітапханамызға жанашырлықпен қарайық.

Бақытгүл ҒАЛИЕВА,
 Көкшетау қалалық орталық балалар және жасөспірімдер
үлгілі кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар