Жердің тілін тапқан жан – құрметке лайық

Жарқайың өңірінің құтты топырағында тылсым сырға толы тарих та, тағылымы мол тағдырлар да жетерлік. Сол асыл құндылықтарды өскелең ұрпақ санасына сіңіру мақсатында аудандық балалар кітапханасында маңызы зор, мазмұны терең іс-шара өтті.

«Жарқайың өлкесінің жер өңдеу шебері» деп аталған бұл дөңгелек үстел «Жарқайың ауданының 100 келбеті» жобасының бір арнасын кеңейтіп, өңір еңбеккерлерінің қадір-қасиетін жас буынға жаңаша қырынан танытты.

Кездесудің құрметті қонағы — ауыл шаруашылығы саласында талай жыл маңдай терін төгіп, туған жердің топырағына адалдықпен еңбек дәнін сепкен тәжірибелі маман Сағантай Кәдежұлы Сұлтанов болды. Ол өз өмір жолындағы ізгі істерін, егін даласындағы естеліктерін, жылдар бойы жинаған тәжірибесін жастарға ықыласпен жеткізді. Шалғайдағы дала тынысын жақсы білетін бұл еңбек адамының әңгімесі оқушыларға ғана емес, шараға қатысқан әрбір жанға жүрек жылуын сыйлады.

Н.Крупская атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары қонаққа көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, әңгіменің өрбуіне белсенді атсалысты. Жасөспірімдердің ықыласы мен қызығушылығы ауыл шаруашылығының қаншалықты маңызды сала екендігін, оның ел экономикасындағы орны ерекше екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Сағантай Кәдежұлының еңбекке деген ықыласы мен жерге деген сүйіспеншілігі жас буын санасына өшпес із қалдырды.

Шара барысында қатысушыларға «Дала дәні – ел ырысы» атты иллюстрациялық көрме ұсынылды. Көрмедегі мағлұматтар мен суреттер дала өмірінің тынысын, астық өсірудің қиындығы мен жауапкершілігін көзбен көрсете отырып, балалардың дүниетанымын кеңейтті.

Бұл тағылымды бас қосу өз мақсатына толық жетті деуге болады. Балалар кітапханасы ұйымдастырған кездесу халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаев атамыздың: «Еңбек – өмірдің өзегі. Еңбегің елге қызмет етсе ғана оның мәні бар» деген даналық сөзінде де атап өтілгеніндей, ерекше мәнге ие. Туған жерінің өркендеуіне үлес қосып, елі үшін аянбай тер төккен азамат – шын мәнінде халықтың ардақты ұлы. Мұндай еңбек адамын ардақтау, оның тағылымды жолын жас ұрпаққа үлгі етіп ұсыну – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

Өз елі мен жерінің игілігі үшін адал еңбек еткен жанды құрметтеу – әр буынның парызы. Біздің ауданымызда дәл осындай абыройлы тұлғалардың болуы көңілге қуаныш, жүрекке мақтаныш. Кездесуге қатысқан оқушылар Сағантай Кәдежұлының әңгімесінен үлкен өнеге алып, еңбекке құрметпен қараудың маңызын терең ұғынды. Бірі қосымша білім алды, бірі болашақ мамандығына деген сенімін нықтады, енді бірі еңбек адамына деген құрметінің арта түскенін жасырмады.

Жас буын жүрегіне ізгілік дәнін сепкен бұл тағылымды кездесу олардың алдағы өмір жолына бағыт-бағдар беріп, туған жердің тұрақты дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасуына септігін тигізеді деген сенім мол. Еңбектің қадірін білген елдің ертеңі әрдайым жарқын.

Несібелді БӘКІР,
Жарқайың аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің әдіскері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар