Жарқайың ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында және Республика күні қарсаңында көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Ағаштар мен бұталарды отырғызу жұмыстары Державинск қаласында, ауданның ауылдары мен ауылдық округтерінде ұйымдастырылды. Жалпы 1000-нан астам көшет отырғызылды.
Державинск қаласындағы Ардагерлер аллеясына 150 түп көк шырша, аудандық ауруханаға қарама-қарсы аумаққа 30 түп шетен бұтасы отырғызылды. Сонымен қатар қалаға кіреберіс аумақтарға тағы 150 түп көк шырша егілді. Ауданның ауылдық округтерінде де көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Экологиялық акцияға аудандық мекемелердің өкілдері, зейнеткерлер, оқушылар мен тұрғындар қатысты. Туған өлкені абаттандыруға бірнеше ұрпақты біріктірген Ибраевтар отбасы да белсенді үлес қосты.
«Табиғатқа деген қамқорлық әрқайсымыздан басталады. Бүгін ағаш отырғызу арқылы біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағына үлес қосамыз. Жас ұрпақтың қоршаған ортаны қорғауды бала кезінен үйреніп, осындай игі істердің маңызын түсінуі өте маңызды», – деп атап өтті Төлеген Ибраев.
Елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қала мен ауылдық округ тұрғындарының табиғатты қорғау және туған өлкені абаттандыру жолындағы ортақ үлесіне айналды.
![]()

