Бұл – біздің тарих!
Шойындыкөл ауылында өткен айтулы мереке тарих парақтарын жаңғыртып, елдің рухын асқақтатқан ұмытылмас оқиғаға айналды. Мұнда Шойындыкөл ауылының іргетасы қаланғанына 65 жыл толуы мен Шойындыкөл негізгі мектебінің 40 жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда аталып өтті.
Туған жердің қос қуанышы ауыл тұрғындарының, ардагерлер мен қонақтардың, сондай-ақ, әр жылдары осы білім ордасынан қанат қаққан түлектердің басын қосып, ұрпақтар сабақтастығының шынайы үлгісін көрсетті.
Мерекелік бағдарлама Шойындыкөл негізгі мектебінде басталды. Мұнда келген қонақтар алдымен ауыл мен мектептің тарихынан сыр шертетін арнайы көрмені тамашалады. Көпшілік мұрағаттық құжаттар мен көненің көзі айғақтайтын тарихи фотосуреттерді үлкен тебіреніспен тамашалап, өткен күндердің естеліктеріне бойлады. Сондай-ақ, қасиетті мекен мен қара шаңырақтың қалыптасу, даму жолдарын баяндайтын бейнеролик көрсетіліп, жиналғандарды бір сәт тарих қойнауына жетеледі.
Аталмыш іс-шараның ерекше сәні мен мазмұнды белесі – мектептің 40 жылдық мерейтойлық түлегі, белгілі қазақстандық суретші, дизайнер және реставратор Алтыншаш Есенбайқызы Алпысбаеваның жеке шығармашылық көрмесінің ашылуы болды. Автордың қылқаламынан туған, ұлттық нақыш пен заманауи өнер ұштасқан түрлі туындылары көпшілік назарына ұсынылып, жоғары бағаға ие болды. Қуанышымен бөліскен қылқалам шебері Алтыншаш Алпысбаева:
– Туған ауылымның мерейтойына қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Сыныптастарымның шақыруымен шығармашылық жұмыстарымның көрмесін ұйымдастырдым. Мен сурет салғанды өте жақсы көремін және өз туындыларымды жерлестеріме ұсынғаныма қуаныштымын. Шойындыкөлге өсіп-өркендеу, ал тұрғындарына амандық, бақ-береке тілеймін, – деп өз жүрекжарды ақжарма тілегін ақтарды.
Мерекенің ресми бөлімі аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен зор салтанатты концертке ұласты. Осынау айтулы сәтте Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков сахна төріне шығып, барша жиналған қауымды қос мерейтоймен құттықтады. Аудан басшысы ауылдың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту мақсатында 7 миллион теңгенің сертификатын салтанатты түрде табыстады. Сонымен қатар, мектептің заманауи талаптарға сай жұмыс істеуіне септігін тигізетін тоңазытқыш, моноблок және принтер сынды бағалы техникалық сыйлықтарды мектеп ұжымына тарту етті.
– Шойындыкөл тарихы терең, еңбекқор халқы мен берік дәстүрі бар ауыл. Туған жердің өркендеуі баршамыздың ортақ мақсатымыз. Ауылымыз әрдайым көркейіп, тұрғындарының бірлігі мен берекесі арта берсін, – деп атап өтті Ербол Жүсіпбеков.
Мерейтой аясында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан және қоғамдық өмірде белсенділік танытып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты жиын барысында мектептің 40 жыл бұрын бітірген түлектері мен әр буын өкілдері кезекпен сөз алып, алтын ұя мектептеріне, аяулы ұстаздарына деген шексіз алғыстарын жеткізіп, қимас сезімдерімен бөлісті. Келелі шараның аясында ауыл ішіне киіз үйлер тігіліп, келген қонақтар мен тұрғындарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, кең дастархан жайылды. Мерекелік думан соңы әуезді ән мен күмбірлеген күйге толы концертке және әсем отшашуға ұласты.
Қос бірдей мерейтой Шойындыкөлдің бай тарихын, ұрпақтар арасындағы үзілмес алтын көпірді және әрбір азаматтың туған жерге деген перзенттік махаббатын паш еткен тағылымы мол ғибратты шара ретінде ел есінде қалды.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жарқайың ауданы.
![]()

