Футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында бір күн болмай, ширек финалға өтетін жолдамалар да сарапқа салынды. Сөйтіп, барлық үш алаң иелері – АҚШ, Мексика және Канада елдерінің футболшылары жарыстан шығып қалды. Үш алаң иелері деп отырғанымыз, биылғы әлем чемпионаты үш бірдей мемлекетте өтіп жатыр.
Сурет sports.tj сайтынан.
Соның ішінде әрине, атағы да, мүмкіндігі де зор Америка Құрама Штаттарында ойындар көбірек өтуде. Басында 48 құрама осы үлкен додаға түссе, қазір чемпиондық атаққа үміткер сегіз-ақ құрама қалды.
Биылғы чемпионатта командалар саны әдеттегі отыз екіден қырық сегізге дейін көбейтілгені белгілі. Алдағы уақытта бұдан да көп құрамаларға әлем біріншіліктерінің ақтық сындарында өз мүмкіндіктерін байқап көруге мұрсат беріледі деп күтілуде. Шынымен солай болса, онда Қазақстан құрамасының да әлемдік доданың плей-оффына өту мүмкіндігі артады деген сөз. Бұның бәрі, әрине, әзірше ара-кідік айтылып жүрген болжам ғана. Қалай болатынын алдағы уақыт көрсетеді.
Ал, әзірше жасыл алаңда үлкен тартыспен өткен чемпионаттың 1/8 финалдық ойындарына келейік. Бірден айтсақ, оның барысында Бразилия, Португалия, Парагвай, Колумбия және Египет құрамалары үшін бұл әлем біріншілігі аяқталды. Әлем чемпионы атағына сегіз команда – Франция, Испания, Аргентина, Англия, Норвегия, Швейцария, Бельгия және Марокко күресетін болады.
Бұл біріншілікте бразилиялықтарды үкілеген үміттерінен Эрлинг Холанд бастаған Норвегия құрамасы айырды. Осы Холандтың көмегімен норвегиялықтар өз тарихында тұңғыш рет ширек финалға шығып, жаңа тарихты жазды. Ал, португалиялықтар Испания құрамасынан ұтылды. Сөйтіп, мыңдаған жанкүйерлер өз спорттық мансабында алты бірдей әлем біріншілігіне қатысып, оның бірде-бірінде өз құрамасымен аңсаған алтынға қол жеткізе алмаған 41 жастағы атақты Криштиану Роналдоның жылағанын көрді.
Келесі Марокко-Канада матчты канадалықтардың ірі есеппен тізе бүгуіне әкеліп соқты. Бұл ойында екінші таймның басында марокколықтар есеп ашып, ол кейін 3:0-ге ұласты. Ал, Англия құрамасының Мексика құрамасынан 3:2 есебімен басым түскені соңғы чемпионат иелерін де жарысты жалғастырушылар қатарынан шығарып тастады. Бұл арада біз әлі француздардың Парагвай құрамасын 1:0 есебімен ұтқанын ауызға алмаппыз. Осы ойынға тоқталсақ, чемпионаттың тағы бір үздік сұр мергені Килиан Мбаппенің 11 метрліктен соққан айып добы Франция құрамасына ауыр жеңіс сыйлады. Бұл ойында жеңіске жеткендерімен, француз футболшыларының парагвайлықтардан оңбай «таяқ жегендерін» де айтпай кете алмаймыз. Бұл ойынды Парагвай аяқдопшыларының өте дөрекі ойнауларынан өзбек төрешісі бақылаудан шығарып алған өте даулы матч деп атасақ, еш артықтығы жоқ.
Енді бір аз-кем Бельгия мен АҚШ кездесуіне тоқталайық. Мұнда есеп 4:1 болып бельгиялықтар пайдасына тіркелді. Тағы бір өрескелдіктермен өткен матч Аргентина мен Египет арасындағы ойын десек болады. Мұнда да египеттіктердің төрешінің ойынды өткізу барысына наразылықтары көп болды. Осы төреші Мысыр елінің футболшыларын аргентиналықтар алдында жығып берді десек болады. Қазір бұл ойын футболдан әлем чемпионаттарындағы ең әділетсіз ойын ретінде бағалануда.
Ширек финалға соңғы жолдаманы Швейцария мен Колумбия құрамалары өзара сарапқа салды. Бұл ойында жеңімпаз анықталмаған қосымша овертаймдардан кейін алдыңғы елдің сайыпқырандары 11 метрлік айып доптарын дәл соғудың есесінен келесі кезеңге шығып кетті. Сөйтіп, олар да өз жаңа тарихтарын жасады.
Міне, осылайша әлем чемпионаты өзінің өрмек жүзінен ауып, біздің шағын шолуымыздағы жеңіске жеткен сегіз құрама енді ширек финалда бақ сынасатын болды. Бұл ойын жұптары мынадай: Франция-Марокко, Испания-Бельгия, Норвегия-Англия және Аргентина-Швейцария.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Сурет ss.sport-express.net сайтынан
![]()

