ПИЛОТТЫҚ ЖОБА
Астанада Ақмола облысының Целиноград ауданында іске асырылған «Baquatty Audan» пилоттық жобасының қорытындылары бойынша кеңес өтті.
Оған Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, «Esen Foundation» қорының қадағалау кеңесінің төрағасы Әсет Исекешев, Парламент Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова, «AÑSA Foundation» атқарушы директоры Мұрат Жұманбай, «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау саласының сарапшылары мен басқа да қорлардың өкілдері қатысты.
«Baquatty Audan» бастамасы Ansa және Esen Foundation жеке қорларының консорциумы, «AMANAT» партиясы және облыстық әкімдікпен бірлесіп жүзеге асырылады. Ол ауылдық жерлерде білім беру, денсаулық сақтау, инклюзия және еңбекке орналастыру жүйесін күшейтеді.
– Ауылдық педагогикалық академия 1000 мұғалімді біріктіріп, 300 сабақ өткізді, 500 пән мұғаліміне және 90 басшыға арналған оқыту курстары ұйымдастырылды. Ақмол ауылында әдістемелер мен бағдарламаларды әзірлеуге арналған коворкинг ашылды, – деді Әсет Исекешев.
Ауданда мектеп жанында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесі құрылды. Медициналық мекемелерде жабдықтар жаңартылып, сандық диагностика мен телемедицина енгізілді, бұл адам денсаулығындағы кінәраттарды ертерек анықтауға және консультацияны күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Үш бағыт – мектеп, инклюзия және медицина синхронды жұмыс істеп, тұрақты даму моделін қалыптастырады.
– Бұл модельдің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, бұл тәжірибе облыс орталығына таратылып, жоба стандарттары бойынша кабинет ашылды. Қор өкілдеріне қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамыз және әрі қарайда ынтымақтастыққа дайынбыз, – деп атап көрсетті өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

