МІНДЕТ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ
Қаһарлы қыс күшіне әлі ене қойған жоқ. Дегенмен, қыстың көзі қырауда оқыс оқиғаларға тап болып қалмау үшін, арқаны кеңге салуға, әсіресе, күн райына қарамай, ескертулерді елемей, жолға шығып кетуге болмайды.
Осы орайда, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жұмысына қысқаша тоқталғымыз келіп отыр. Департамент аумалы-төкпелі мінезі көп қысқы маусымға кешенді дайындық жұмыстарын жоғары деңгейде қамтамасыз етті.
Адам өмірі мен инфрақұрылымның қауіпсіздігін қорғауды басты назарға ала отырып, доңғалақтары мен шассилерінің өтімділігі жоғары деңгейдегі 82 арнайы автокөліктің толық дайындығы жарияланды. Атап айтқанда, облыстың барлық өңірлерінде негізгі 61 автокөлік-цистернасы тәулік бойы кезекшілікке шығуға әзір тұр. Бұдан бөлек, Көкшетау, Целиноград, Бурабай, Бұланды, Есіл, Ерейментау, Аршалы және Астрахан аудандарында қиын жерлерден өтуге арналған сегіз «Трекол» жоғары өтімді автокөлігі, Ақкөл және Атбасарда екі «Нива-Бронто «Марш»» жоғары өтімді осындай көлік, Қорғалжында бір «Байқал» жоғары өтімді автомашинасын құрайтын арнайы техника сақадай сай. Сондай-ақ, Көкшетау қаласы, Ақкөл, Бурабай, Ерейментау, Жақсы аудандарында алты вахталық автобус азаматтарды қауіпсіз жерге жеткізуге дайын. Жедел жұмыстар үшін облыс орталығы Көкшетау қаласында бір телекоммуникациялық апаттық-құтқару автомобилі мен командалық-штабтық машина және бұрқасынды қарлы күн райында кез келген жерге жете алатын бір дана «Тайга Атака» қар мотоциклі қарастырылған. Ал, Ақкөл, Макинск және Щучинск қалаларында 4 апаттық-құтқару және байланыс автомобилі, Степногорск қаласында 1 құтқару жасақтарын қамтамасыз ететін бір автомобиль қарастырылған.
Жергілікті атқарушы органдардың азаматтарға қытымыр қыста осындай жайлы жағдай жасауы аса маңызды. Ауа райының қолайсыздығы себепті жолда қалып қойып, шарқ ұрған жандарды қабылдау үшін 280 жылыту пункті мен 219 тамақтану пункті де алдын ала дайындалды. Бұл пункттер жолда қалып қойған адамдарға жай паналап қана қоймай, алаңсыз уақыт өткізуге, ауқаттануға қажетті барлық жағдайды ұсынады. Сонымен қатар, жол апаттары кезінде жедел медициналық көмек көрсету мақсатында облыстың Аршалы, Бұланды және Жақсы аудандарында 3 трассалық медициналық-құтқару пункті тұрақты жұмыс істейді.
Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері 2025-2026 жылдардағы қысқы кезең басталғалы автокөлік жолдарында қиын жағдайға тап болған 88 шетелдік азаматты құтқарып, оларды қауіпсіз жылыту пункттеріне орналастыра білді. Департамент құтқарған азаматтардың 8-і кәмелет жасына толмаған балалар. Бұл статистика төтенше жағдай қызметтерінің жұмысының өмірлік маңыздылығын көрсетеді.
Бүгінде облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 7,9 мыңнан астам шақырымды құрайды. Бұл үлкен жол желісіне республикалық маңызы бар 2347,1, облыстық маңызы бар 2661 және аудандық маңызы бар 2965 шақырым жол кіреді. Осы кең жол торабында қар басу қаупі жоғары 295 учаске алдын ала анықталып, олардың жалпы ұзындығы 500 шақырымды құрады. Қауіпті аймақтар республикалық жолдарда 133, облыстық жолдарда 80 және аудандық жолдарда 82 учаскені қамтиды. Бұл жолдарды тазарту және бақылау жұмыстары ауқымдылығына қарамастан күнделікті назарда.
Қатты қарлы борандар кезінде автожолдар жабылған жағдайда, облыс бойынша полиция департаменті күштерімен жол қауіпсіздігін және тәртіпті қамтамасыз ету үшін 81 блок-пост, яғни, 182 қызметкер жұмылдырылып, 85 техника шығарылады. Бұл жедел шаралар кездейсоқ жағдайлардың алдын алып, азаматтардың өмірін қатерге тікпеуді қамтамасыз етеді.
Осылайша, төтенше жағдайлар департаменті күн демей, түн демей ел, халық қауіпсіздігі үшін жұмыс істеп, жолға шыққан азаматтардың тағдыры үшін кірпік қақпай, қырағылық күзетінде тұр десек болады.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

