Ерейментауда асыл тұқымды мал шаруашылығына басымдық берілуде

ƏКІМ – ЕЛ ІШІНДЕ

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ерейментау ауданына жұмыс сапарымен барды. Онда ірі агроөнеркәсіптік ет кластерін дамыту және сапалы медицинаға қол жеткізу бағытындағы әлеуеті зор нысандардың жағдайымен танысып, өңір тұрғындарының өзекті мәселелерін тыңдап, талқылады.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Торғай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. 1,3 мың адамға есептелген бұл денсаулық сақтау нысаны Торғай және Төменгі Торғай, Балықты, Қарағайлы, Жаңа жол және Қызылту ауылдарының тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Әкімдік қызметкерлерінің мәліметінше, медициналық мекемеде 11 маман жұмыс істейді, олардың 8-і дәрігер.

– Бұл дәрігерлік амбулатория халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін салынды. Дәрігерлік амбулатория заманауи арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталып, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдайлар жасалған. Ең бастысы, мұнда кейбір ауылдық медициналық мекемелерде анықталғандай, заңсыз тіркелген тұлғалар емес, нақты мамандар жұмыс істеуде. Бұл жерде медицина қызметкерлерінің осында жеткізілген заманауи құрал-жабдықтарды дұрыс пайдалана білуі де маңызды, – деді өңір басшысы ауыл тұрғындарының алдында сөйлеген сөзінде.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Марал Сүлейменованың айтуынша, бұл өңірдегі ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы бойынша салынған екінші жаңа амбулатория.

– Мұнда біз науқастарды қабылдап, профилактикалық тексерулер, балалар мен ересектерге диспансерлеу, шұғыл көмек, вакцинация, жүкті әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге патронаждық жасаймыз. Амбулатория инсульттан кейін науқастарға қажетті оңалту, жарақаттан кейін қалпына келтіру процедураларын жүргізуге және қозғалыс пен ұсақ моториканың жұмысын жақсартуға, сондай-ақ, зертханалық талдауларға мүмкіндік беретін жоғары сапалы жабдықтармен жарақталған. Бұл медициналық нысан бір де бір кемшіліксіз салынғанын атап өткім келіп тұр, себебі, бұл қазіргі заманда өте сирек кездесетін жағдай, – деді бас дәрігер.

Ауыл тұрғыны Нина Наймушина да өз ойымен бөлісіп, ауылдың қазіргі келбетіне көңілі толатындығын білдірді:

– Біз, ауыл тұрғындары, облыс әкімі Марат Мұратұлына берген уәдесінде тұрғаны үшін өте ризамыз. Бұған дейін біз медициналық көмекті көптеген жылдар бойы ескі, суық ғимаратта алып келдік, ал, өрт жағдайынан соң оның төбесі өртеніп кетіп, әкімдік ғимаратында уақытша қабылдаулар жүргізілді. Біздің ауылдың келбеті қазір жақсарып келеді, күрделі жөндеуден кейін ауылдық клуб пен мектеп жаңарды, 60-тан астам бала баратын балабақша жұмыс істейді. Балалар алаңы жабдықталып, ағаштар да отырғызылуда.

Ауданның денсаулық сақтау саласында жыл басынан бері тоғыз ауылдың бес мыңнан астам тұрғыны үшін алғашқы медициналық көмекке қолжетімділік жақсарды. Аудандық аурухананың бас дәрігері атап өткеніндей, аудан дәрігерлермен 98 пайыз қамтылған, қазір көз дәрігері ғана қажет.

Келесі жылы Ерейментау ауданында ірі агроөнеркәсіптік ет кластерін құру жобасы іске асырылатын болады, құйылатын инвестиция көлемі 15,5 миллиард теңгені құрайды. Бүгінде жергілікті «Торғай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 5 мың басқа арналған қалмақ тұқымды ірі қара мал өсіру үшін жоғары технологиялық асыл тұқымды репродуктор құрылуда. Жоба асыл тұқымды мал шаруашылығын, фермерлік шаруашылықтарды және өнеркәсіптік бордақылау шаруашылықтарын біріктіретін тұйық өндірістік циклды қарастырады.

– Кластер құрылымына «Торғай» және «Соколинки и К» серіктестіктерінің қалмақ тұқымды ірі қараларының асыл тұқымды репродукторлары, сондай-ақ, «Номад» ЖШС-нің бордақылау кешені енгізілген. 2027 жылға қарай өндіріс қуатын 30 мың басқа жеткізуді және жайылымдардың азықтық сыйымдылығын арттыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін көпжылдық шөптер мен шабындық егуге қосымша жер учаскелері қажет, – деді асыл тұқымды репродукторлар консорциумының кеңесшісі Гүлмира Исаева.

Кәсіпорын етті ірі қара малдың аналық табынын 17,3 мың басқа дейін өсіруді, асыл тұқымды жас мал өндірісін ұлғайтуды және фермерлік шаруашылықтардың кооперациясын дамытуды жоспарлап отыр. Жоба 240 тұрақты және 400 қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Мамандардың болжамынша, кластерді іске асыру нәтижесі тиімді болып, экономикалық тұрғыдан бюджетке 1,1 миллиард теңге қаржы түседі.

Аймақ басшысы өңірдің аграрлық секторы үшін жобаның маңыздылығын атап өтіп, мал шаруашылығында өңірдің экономикасын дамыту үшін тиімді құрал болатын зәкірлік жоба қажет екенін айтты.

– «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы – мал шаруашылығын дамыту үшін аса маңызды, халық үшін де тиімділігі зор. Зәкірлік жобаларды іске асыру үшін барлық жағдайлар жасалған және оларға ақшалай қаражат та қарастырылған. Ерейментау ауданы мал шаруашылығын дамыту үшін үлкен әлеуетке ие. Олай дейтінім, облыстың жайылымдық жерлерінің 23 пайызы осында. Жеңілдетілген несие қаражаты есебінен 406 бас ірі қара, 1800 бас ұсақ мал және 53 бас жылқы сатып алынды. Мұнда 100-ден 1200 басқа дейінгі ет фермалары мен екі бордақылау алаңы жұмыс істейді, халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі де бар, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен бірге, Марат Ахметжанов мал өсірушілерге облыс орталығында сұранысқа ие Ақмола өнімдерін еліміздің барлық өңірлері мен көрші мемлекеттерге жөнелту үшін теміржол арқылы құрғақ порт салынып жатқанын, ал, Көкшетау әуежайы жүк хабына айналатынын айтты.

Ашық диалог форматындағы кездесуде Ерейментау ауданының тұрғындары облыс әкімінің жауапты тұлғаларға туристік кластерді дамыту саласындағы нақты қадамдар туралы тапсырмасын ерекше жігермен қабылдады.

– Туризм саласының кәсіпкерлік субъектілері үшін өңірлік несие беру бағдарламасын құру мәселесін қарауды тапсырамын, – деді Марат Ахметжанов. Ол кредиттеудің ең жоғары шегі 30 миллион теңге болып, үш жыл мерзімге, алты айға дейін кейінге қалдыра отырып, эко және агротуризмді дамыту үшін берілуі тиістігін, оған қоса өтінімдер жылына екі рет қабылданатынына назар аударды.

Өңір басшысы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың айтарлықтай өскенін атап өтт. Биыл аграршыларға 5,3 миллиард теңге бөлініп, оған тыңайтқыштар көлемі ұлғайтылғаны, жаңа техникалар сатып алынғаны, арзандатылған жанар-жағар май алынғаны белгілі. Нәтижесінде облыс рекордтық өнім жинаса, аталған аудан соңғы онжылдықтағы ең жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Сонымен қатар, облыс әкімі Агротехнология мен цифрландыру қарқынын арттыру қажеттігіне назар аударды. Жасанды интеллект, автоматтандыру және мониторинг жүйесінің элементтерін пайдалануда «Ақдым — 1», «АФ Новомарковка 2010», «Ақ Жар 2016» және «ВК Агро» шаруашылықтарын озат шаруашылықтар ретінде атап өтті.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» бағдарламасының перспективалары туралы айтып, соның арқасында ауданда мал басы көбейгеніне тоқталды.

– Биыл «Ерейментау-Астық 2014» серіктестігінің өнімдері халықаралық нарыққа шықты. Ерейментаулық қозы еті Катар нарығына экспортталады, бұдан өнімнің жоғары сапалылығын, стандарттардың қатаң сақталғанын және жергілікті кәсіпорын жұмысының тиімділігін анық байқауға болады. Бұл ауданның ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдейді, – деп, Марат Ахметжанов облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына «Көкше» ӘКК-мен бірлесіп, мал шаруашылығын және ауыл шаруашылығындағы ілеспе қызмет түрлерін дамыту үшін қаражат бөлуді тапсырды.

Ауданда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында сумен жабдықтау бойынша жобалар аяқталуда, №5 қазандыққа электрмен жабдықтаудың резервтік желісі салынып, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. 60 шақырымға жуық жол жөнделіп, облыстық магистральды қайта жаңарту және үш жаңа теміржол вокзалының құрылысы жалғасуда.

Өңір басшысы ауданға неғұрлым көбірек инвестиция тартып,  «Бұйратау» ұлттық паркінің инфрақұрылымын заманауи қалыпқа келтіруді тиісті орындарға тапсырды. Өйткені, ауданның туристік әлеуеті жоғары.

Аудан тұрғындары кездесуде Ерейментау қаласындағы теміржол өткелінің құрылысы, жол құрылысының сапасы және өлкенің экологиясын сақтау туралы мәселелерді  көтерді.

Облыс әкімі барлық айтылған мәселелерді назарға алып, рет-ретімен шешуге сөз берді. Кездесу соңында өңір басшысы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметкерлерін Алғыс хаттармен және 1 миллион теңгелік ақшалай сертификаттармен марапаттады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар