Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті 1-5 желтоқсан аралығында газ баллонын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша «Газбаллон» республикалық акциясын өткізді.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Досбол Жақсыбаев брифингте мәлімдеді.
Акция барысында ерекше назар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға аударылды. Көлік қоятын орындар мен автокөлік жолдарында газ баллон жабдықтары бар автокөліктерді заңсыз орналастыруды болдырмау туралы профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Департамент бұл іс-шараны жергілікті атқарушы органдармен, тәртіп сақшыларымен, газ мамандарымен және волонтерлермен бірлесіп жүргізді.
Тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлікті тізгіндеген 30 азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы, 7-бөлігінің негізінде 900 мың теңгеге жуық айыппұл арқалап, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жүргізушілердің өрт сөндіргіш құралдарының бар-жоғы мен жарамдылық мерізімін тексеріп, автокөлікті қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндірді.
Ұйымдардың басшыларымен және көпқабатты үйлердің тұрғындарымен мұндай автомобильдерді жабық жер асты паркингтеріне кіргізуге жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрмыстық газ баллондарын толтыруға жол бермеу керек дейді мамандар. Осы мақсаттағы профилактикалық іс-шаралар өңірдегі барлық газ құю бекеттерінде өтті. Жүргізушілермен және операторлармен әңгімелесіп, жабдықты дұрыс пайдалану жолдары насихатталды.
Газ баллонын дұрыс пайдалану тәртібі туралы облыстық газеттерде мақалалар, «Көкше» телеарнасында сюжет жарияланды. Сондай-ақ, «Синема әлем» кинотеатрында фильмдерді көрсету алдында қысқа метражды үндеулер іске қосылды. «Радио NS» және «Народное Радио» радио желілерінде өрт қауіпсіздігі туралы 300-дей үндеу айтылды. Мәдениет үйлерінде, сауда орталықтарында орналасқан ЛЭД-экрандар арқылы өртке қарсы тақырыптағы бейнероликтер көрсетілді. Акция кезеңінде әлеуметтік желілерде 100-ден астам жарияланым орналастырылған.
Соған қарамастан, бұл айтылған жайларды елемейтіндер де баршылық. Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауды ескертеді. Қарапайым ережелерді сақтап жүру, осыған қашанда жауапкершілікпен, ықтияттылықпен қарау тілсіз жауды болдырмайды. Бұл сіздің қауіпсіздігіңіз үшін қашан да маңызды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

