Цифрлық бақылау – жұмысымыздағы ашықтықтың көрінісі

13 ЖЕЛТОҚСАН – ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ

Аяғын шалыс басып, темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқан азаматтарды түзу жолға салу үшін күні-түні қызмет ететін  қылмыстық-атқару жүйесінің дамуында соңғы кездері бірқатар өзгерістер бар. Соның бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен пенитенциарлық жүйе мекемелерінің бейнебақылау жүйесімен жабдықталуы. Қылмыстық-атқару жүйесіндегі замануи технологиялар мен бейнебақылау жүйесін дамытудағы жетістіктер және оның пробация қызметіне тигізетін пайдасы жөнінде Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Берік Бакулинмен сұхбаттасқан едік.

– Берік Бакулин мырза, пробация қызметі жайлы қысқаша айтып берсеңіз?

– Пробация – негізінен, жазаны өтеуден босатылған адамдарға қадағалау мен бақылау жүйесі. Пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтар жазаларын бас бостандығынан айыру орындарында өтемегенімен, белгілі бір бақылауда болады. Пробацияның міндеті – бақылаудағы адамдардың қоғамға бейімделулеріне көмектесу, оларға қолдау көрсету арқылы қылмыстың қайталануын болдырмау. Яғни, бұл жай ғана «бостандық» емес, бұл – бақылаудағы адамның заң бойынша өмір сүруге дайын екенін дәлелдеуі және осы жолда оларға пробация қызметкерлері көмектеседі.

– Ал, бұл процеске бейнебақылау жүйелері қалай кірігеді? Бұл мекемелердегі ішкі бақылауға көбірек қатысты ма?

– Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында, сондай-ақ, Қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту аясында, қылмыстық бақылауды күшейту және қызметті жеңілдету үшін түзеу мекемелері бейнебақылау жүйесімен жабдықталды. Сандық технологиялар ақылды бейнекамералар арқылы әртүрлі деңгейдегі манипуляцияларды болдырмауға мүмкіндік береді: «тыйым салынған аймақта» қозғалысты болдырмауға жауап береді, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тану мүмкіндігіне ие және тағы басқа жұмыстарды орындайды.

Мұндай цифрландырудағы инновациялық серпіліс қызметкерлердің жұмыс орнындағы жеке тәртіпсіздік фактілерін болдырмауға ынталандырады және бұзушылықтар санының азаюына мүмкіндік береді.

Бүгінгі бейнебақылау жүйелері тек түрме мен қатаң бақылау орындарының «көздері» ғана емес. Олар пробация қызметтері үшін де мықты құралға айналуда. Пробациялық бақылауда тұрған азаматтар үнемі пробация инспекторына келуі тиіс және қоғамдық тәртіпті бұзбауы керек. Сондай-ақ, өздеріне белгіленген шектеулерді сақтауы қажет.

Бейнебақылау жүйесі пробация қызметіне нақты қалай көмектеседі?

– Бейнекамералар бақылауда тұрған азаматтардың жүріп өткен бағыттары бойында қоғамдық жерде, олардың тұратын немесе жұмыс істейтін жерлеріне жақын жерде қолданылады. Бұл олардың белгіленген шектеулерді бұзбағанына, баруға тыйым салынған орындарда болмағанына көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Бейнебақылау жүйесінің арқасында инспекторлардың жұмысының тиімділігі артуда. Олар көптеген пробация бақылауында тұрған азаматтармен жұмыс істейді, ал деректер базаларымен интеграцияланған заманауи бейнебақылау жүйелері олардың уақытын тиімдірек пайдалануына мүмкіндік береді. Сол себепті пробация инспекторлары уақыттарын тұрмыстық тексерулерге емес, нағыз көмек пен бақылауды қажет ететін азаматтарға арнайтын болады.

– Демек, бейнебақылау тек көру, аңғару құралы ғана емес, сонымен қатар, көмек көрсету мен қылмыстың алдын алу құралы дейсіз ғой.

Дәл солай. Біз мұны кешенді жүйе ретінде қарастырамыз. Бір жағынан, бұл қауіпсіздік пен бақылауды қамтамасыз етсе, екінші жағынан, қоғамнан оқшаулаусыз жазалауға сотталған азаматтың тағы да қателік жасамауына жағдай жасайды. Бейнебақылау және байланыс жүйелері секілді заманауи технологиялар біздің инспекторлардың жұмысымен бірге пробациялық бақылаудағы әрбір сотталған азаматтың өзін тастап жібермеуін және оның іс-әрекеттерінің бақылауда екенін сезінулеріне мүмкіндік береді. Бұл олардың жақсы жаққа өзгеруге ынталандырып, қателік жіберген жағдайда түзелуге көмектеседі.

Айта кету керек, ҚАЖ мекемелерінде мұндай жүйелер орнатылған бастапқы кезеңде құқық бұзушылықтар саны артты, себебі сотталғандар тәулік бойы бақылауда екендігі туралы ақпаратты жақсы қабылдамады. Десек те, бүгінгі таңда құқық бұзушылықтар санының азаюы бойынша тұрақты үрдіс байқалады: сотталғандар бейнебақылауға үйреніп, заңмен бекітілген ережелерді сақтауға тырысады.

Облыс бойынша мекеме қызметкерлері үш жүзге жуық бейнетіркегіштермен қамтамасыз етілген. Соңғы жылдары бейнетіркегіштердің рөлі айтарлықтай артты. Қызметкерге тағылатын электронды құрылғы қауіпсіздікті, ашықтықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ, қызметкерлер мен сотталғандардың құқықтарын сақтауға көмектеседі. Қызметкерлерде бейнетіркегіштердің болуы сотталғандар тарапынан агрессивті мінез-құлық пен қызметкерлер тарапынан заңсыз әрекеттер ықтималдығын төмендетуге қабілетті, өйткені, жазбалар дәлел ретінде қолданылып, жүйеге деген қоғамдық сенімді арттырады.

Сонымен қатар, Қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың Жол картасына сәйкес, 2021 жылдан бастап сотталғандардың шағымдарды, өтініштерді және мерзімінен бұрын шартты түрде босату жөніндегі өтінішхаттарды беру сервисі жұмыс істейді. Мекемелерде қолжетімді жерде орнатылған электронды терминалдар арқылы сотталғандар өз өтініштерін тікелей прокуратураға, сотқа, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және ішкі қауіпсіздік бөлімшелеріне жібере алады. Мұндай рәсім шағымдарды қабылдау және оларды жедел өңдеу процесін айтарлықтай жеделдетті.

– Департаментті бүгінгі таңда қандай мәселелер толғандырады?

– Кадр тапшылығы мәселесі бар. Дегенмен, кадрларды толықтыру үшін тұрақты негізде бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Бұл орайда жас мамандарды жұмысқа тарту және қызықтыру мақсатында жаңа тәсілдерді іздеуге тырысамыз. Мәселен, департаментте тәлімгерлік институты жұмыс істейді және олар Қылмыстық-атқару жүйесінің ардагерлері кеңесімен өзара үнемі әріптестікте болады. Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы біраз жақсартылды.

Жыл сайын қызметкерлердің еңбекақы көлемі өсуде. Тұрғын үй төлемдерін алуға құқығы бар лауазымдар тізімі кеңейтілді, тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлердің шамамен 56 пайызы қамтылды.

– Кәсіби мерекелеріңіз – Қылмыстық-атқару жүйесі күні қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?

Қылмыстық- атқару жүйесінің қызметі – үлкен төзімділікті, батылдық пен адамгершілікті талап ететін ең күрделі және жауапты қызметтердің бірі. Сондықтан, Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшылығы атынан әріптестеріме қажырлы еңбектері мен таңдаған мамандықтарына адалдық танытып жүргендері үшін алғыс айтамын. Сала ардагерлерінің баға жетпес тәжірибесі мен даналығы – қызметкерлердің жаңа буынын тәрбиелеудің негізі болып табылады. Сондықтан, ардагерлерімізге де зор денсаулық, бақ-береке, бейбітшілік және жақсылық тілеймін.

– Сұхбатыңызға рахмет. Алдағы қызметтеріңізге табыс тілеймін!

 Сұхбатты жүргізген
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар