ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керек. Бұл жөнінде қазір көп айтылып жүр, соның ішінде халықаралық форумдарда да талқылануда. Тағы да қайталап айтарым, инфрақұрылымды жаңғырту ісін одан әрі жалғастырып, осы саладағы озық ел болу үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні кең ауқымда пайдаланған жөн. Сонымен қатар, көлік жүйесін басқарудың жаңа үлгісін жасаған жөн. Себебі, мемлекет инвестициясының экономикалық қайтарымы айқын болуы тиіс. Контейнермен жүк тасымалдау ісіне тың серпін беру керек. Ішкі тасымалдың көлемін және бәсекеге қабілетін арттыру үшін көлік саласындағы тариф саясатының тиімді әрі түсінікті болуы айрықша маңызды рөл атқарады.
(«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және
оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу»
аттыҚазақстан халқына Жолдауынан, 2025 жыл, 8 қыркүйек).
Көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жұмыстарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық бағыттың нақты іспен іске асырылуы деп білуіміз керек.
Президент өз Жолдауларында «Көлік инфрақұрылымы – ұлттық экономиканың қан тамыры. Біз транзиттік әлеуетті нығайту арқылы өңірлер арасындағы байланысты жақсартып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруымыз керек» деп атап өткен болатын. Осыған сәйкес, облыс аумағы арқылы өтетін халықаралық дәліздерді жаңарту, республикалық және жергілікті маңызы бар 8 мың шақырымға жуық жолдарды жөндеу – бұл транзиттік әлеуетті нығайтуға бағытталған тікелей қадамдар. Жобаларды іске асыру кезінде 300 миллиард теңгеден астам қаражат қажеттілігіне қарамастан, бөлінген 115 миллиард теңгенің халық тығыз орналасқан елді мекендерді қамтуға жұмсалуы Президенттің қаржыны тиімді және нәтижелі пайдалану туралы талабын орындауды көрсетеді. Сонымен қатар, 16 теміржол вокзалын қайта жаңарту және автобус паркін жаңалау жұмыстары «Кедергісіз ортаны» қамтамасыз ету және халыққа сапалы қызмет көрсетуді арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының әлеуметтік тапсырмаларын іске асырудың нақты көрінісі болып табылады. Осылайша, өңірлік инфрақұрылымның дамуына арналған әрбір жоба және бөлінген әрбір теңге Президент Жолдауында айтылған ұлттық даму стратегиясын жергілікті деңгейде жүзеге асырудың айқын дәлелі дер едік.
Аймақта автомобиль жолдары желісі жақсы дамығаны белгілі. Облыс аумағы арқылы халықаралық көлік дәліздері, сондай-ақ, бірінші техникалық санаттағы автожолдар өтеді. Оған Астана-Қарағанды, Астана-Петропавл, Астана-Павлодар және Астана-Қостанай-Ресей Федерациясы шекарасы кіреді.
Аймақтағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы шамамен 8 мың шақырым құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 2,3 мың шақырым, облыстық – 2,7 мың шақырым және аудандық маңызы бар жолдар – 3 мың шақырымға жуық. Өткен жылы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 106 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді, бұл шамамен 800 шақырым жолды жаңартуға мүмкіндік берді.
Ағымдағы жылы облыс жолдарын салуға және жөндеуге 115 миллиард теңге қарастырылған, оның ішінде жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелеріне 65 миллиард теңге бөлінген. Жалпы, 150-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 60 елді мекенде жұмыс жүргізіледі, басты назар бұрын басталған жобаларды аяқтауға аударылған.
Республикалық маңызы бар жолдар бойынша «Астана-Қорғалжын», «Көкшетау-Рузаевка», Державинск қаласы мен Есіл қаласы арасындағы учаске, «Макинск-Ақсу-Торғай», «Көкшетау-Омбы», «Көкшетау-Зеренді» және басқа да маңызды учаскелерді орташа жөндеу жобалары жүзеге асырылуда.
Жергілікті маңызы бар жолдар бойынша ең ірі жобалар – «Щучинск-Степняк», «Бабатай-Волгодоновка-Береке-Бұлақсай», «Ақкөл-Азат-Новорыбинка», «Щучинск-Николаевка», «Еленовка-Чистополье-Есіл», «Бузулук-Алматы» және тағы басқа бағыттарды қамтиды.
Облыс орталығы Көкшетау қаласынан басқа, Қосшы қаласында, Талапкер, Қоянды, Қараөткел, Қаражар, Ы. Алтынсарин, Мәншүк, Оразақ, Қорғалжын, Ұзынкөл, Державинск, Атбасар, Зеренді, Майлан, Бозтал, Еркіншілік және басқа да көптеген елді мекендерде жол құрылысы және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Алайда, үлкен қаражаттың қажеттілігіне байланысты барлық жолдарды және барлық елді мекендерді бір жылда жөндеумен қамту мүмкін емес. Жергілікті маңызы бар барлық жолдар мен елді мекендердің көшелерін нормативтік жағдайға келтіру үшін 300 миллиард теңгеден астам қаражат қажет. Жол бөлігінен басқа, көп қаржылық салымдарды қажет ететін көпір құрылыстарын салу және жөндеу қажеттілігі тағы бар.
Қаржылық мүмкіндіктердің шектеулігі және қолда бар қаражатты неғұрлым тиімді пайдалану қажеттілігіне байланысты, біз басым жұмыс түрлерін іске асыру мәселесін шешуге мәжбүрміз. Бірінші кезекте жанында көптеген елді мекендер, ірі кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы алқаптары және тағы сол сияқтылар орналасқан жолдар жөнделеді, басты назар халық тығыз орналасқан ауылдар мен қалалардағы жолдарды салуға және жөндеуге аударылған.
Айта кету керек, соңғы үш жылда жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көше-жол желісінің 2,5 мың шақырымға жуығы салынды және жөнделді. Сонымен қатар, облыста автобус паркін жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылы 24 қалалық және 2 қалааралық автобус, ағымдағы жылы 19 автобус сатып алынды. Оның 10-ы Көкшетауда, 6-уы Щучинскіде, 2-уі Ақкөлде және 1-еуі қалааралық қатынастарға арналған. Жалпы, субсидиялау бағдарламасының арқасында әлеуметтік маңызы бар маршруттарда 2019 жылдан бастап 150 автобус ауыстырылды, бұл жалпы автобус санының 74 пайызын құрайды.
Ақмола облысында 16 теміржол вокзалын қайта жаңарту жалғасуда, бұл республика бойынша ең көп көрсеткіш. Бүгінгі таңда Макинск қаласының вокзалындағы жұмыстар аяқталуға жақын, Көкшетау қаласы және Бурабай курорты вокзалдары бойынша жұмыстар толық орындалған. Жыл соңына дейін вокзал ғимараттарының құрылысы қалған объектілер бойынша аяқталады, ал, абаттандыру және перрондарды жөндеу жұмыстары келесі жылы орындалады. Біздің облыстағы вокзалдардың көпшілігі өткен ғасырдың 30-50 жылдарында салынған. Ғимараттардың тіреу конструкциялары өз ресурстарын тауысқан, соның салдарынан 16 вокзалдың 9-ы бұзылып, ескі вокзалдардың орнына жаңа құрылыс жүргізілуде. Бұл шешімдер тексеру және сараптама нәтижелері бойынша қабылданды әрі жобаларды іске асыру мерзіміне әсерін тигізді.
Қайта жаңарту барысында күту залдары, билет кассалары, санитарлық бөлмелер, инженерлік желілер жаңартылуда, бейнебақылау және навигация жүйелері орнатылуда. Көкшетау және Бурабай курорты сияқты ірі вокзалдарға лифтілер орнатылады, ал, Көкшетау қаласының вокзалында конкорс өткелі мен эскалаторлар пайда болады. Кедергісіз ортаны қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
Қайта жаңарту кезеңінде барлық вокзалдар жолаушыларды қысқы кезеңде уақытша орналастыру орындарымен қамтамасыз етілген. Сөйтіп, жылытылған және жылытылатын модульдер, жарықтандыру, дәретханалар және тағы басқа мәселелер шешілген.
Бұл жобалардың тапсырыс беруші «Қазақстан Темір Жолы» акционерлік қоғамымен бірлесіп және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн.
Владимир КУЛАКОВ,
Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль
жолдары басқармасының басшысы.
сурет www.zakon.kz сайтынан.
![]()

