Қандас мәртебесін берумен іс бітпейді…

КӨШІ-ҚОН

Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ата жұртқа оралып жатқан ағайынның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде кездесетін өзекті мәселелерді шешу үшін екінші рет Ашық есік күнін өткізді.

Бұл шара біздің облысымызда өткен жолы еліміз бойынша алғашқы болып өткізілген осындай Ашық есік күнінің заңды жалғасы. Осы жолы тағы да ата жұртын аңсап келген қандастар мәселелері талқыланды. Сонымен, Ашық есік күніне қандастар көп шоғырланған аудандар мен қалалар әкімдіктерінің, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мамандары мен Ақмола облысының көші-қон қызметінің басшысы, сондай-ақ, басқа да мүдделі ведомстволардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл жолғы кездесуге облыстың барлық ауданынан қандастар Zoom арқылы қосылып, сауалдарын тікелей қойды. Олар негізінен баспанамен, жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімдеу, сырт елден әкелген көліктерін тіркеу, көлік жүргізу құқығын растайтын құжат алу сынды мәселелерін көтерді.

Мамандардың айтуынша, Ашық есік күнін ұйымдастырудағы басты мақсат – қандастардың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін жақсартуға қолдау білдіріп, мемлекеттік бағдарламалар аясында көмек көрсету, олармен үнемі диалог жүргізіп, туындаған сұрақтарына уақытылы жауап беру және бейімделу мен интеграция процесінде жан-жақты қолдау білдіру.

–Бүгінгі күні облыста 444 отбасы, немесе 778 адам қандас мәртебесін алды. Олардың ішінде 543 адам Қытайдан, 107-сі Моңғолиядан, 46-сы Түрікменстаннан, 64-і Өзбекстаннан, 16-сы Ресейден келген азаматтар. Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына 113 отбасы немесе 270 адам енгізілді, – деді жиында басқарма басшысы Шолпан Рахматуллина.

Шарада келтірілген мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні 247 қандасқа не болмаса 84 отбасына жалпы сомасы 70 миллион теңгені құрайтын көшуге арналған субсидия төленіпті. Сонымен бірге, 20 отбасына тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге төлем бойынша 5 миллион теңге көлемінде өтемақы төленген. 63 отбасы еңбек мобильділігі сертификаттарының есебінен 248 миллион теңгеге тұрғын үй сатып алған.

Шарада қандастар күнделікті өмірде өздеріне өзекті мәселе болып отырған балаларының туу туралы куәліктерін алу, неке қию құжаттарын реттеу, жерді жалға алу, азаматтықты ресімдеу және қос азаматтықтың ерекшеліктері, шетелдің жүргізуші куәлігін қазақстандық үлгіге ауыстыру, несие рәсімдеу, сондай-ақ, басқа өңірлерге көшу тәртібі бойынша мамандардан ақыл-кеңестер алды.

–Бүгін біз қандастардың бірқатар мәселелерін талқылап, олардың кейбірін шешіп беруге тырыстық. Аудандарда шешілмей жатқан жағдайлар өте көп. Соларды облыстық деңгейде қарастырамыз. Биыл Қосшы қаласында қандастардың бүлдіршіндерін балабақшаға орналастыру және оқушыларды мектепке тасымалдау мәселелері шешілді. Бұланды ауданында мал шаруашылығын дамытуға, ал, Бурабай ауданында күнбағыс өсіруге қандастарға жер телімдері бөлінді. Шағын бизнес бастауға жер телімін алу мәселесі қандастар үшін әлі де өзекті, –деді бізге берген сұхбатында облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Алмагүл Серенова.

Қандастар мәселесімен айналысатын астаналық заңгер Досымбек Мұрат қандас мәртебесін алғанмен, олардың күнделікті күйбең тіршіліктегі мәселелері шешіле бермейтіндігін атап өтіп, Zoom арқылы байланысқа шыққан қандастарға заң тұрғысынан өзінің ақыл-кеңестерін берді және құжат әзірлеуге көмектесуге әрдайым дайын екендігін жеткізді.  Сонымен бірге, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Абай Ибрагимов қандастарға жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақша және саяжай құрылысын жүргізу үшін жерді өтеусіз жалға алуға болатынын, жеке меншікке тек Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін ғана ауыстыруға рұқсат етілетіндігін жеткізді. Ал, ауыл шаруашылығы жерлері оларға тек Қазақстан Республикасының азаматығын алған жағдайда беріледі.

Жалпы, елімізге ата жұртын аңсап жеткен қандастар үшін мүмкіндігінше бар жағдай қарастырылып жатыр. Мұндай Ашық есік күндері оларға өздерінің шешімін күткен мәселелерінің түйінін тарқатып алуларына зор мүмкіндік екені белгілі.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар