ОТБАСЫ
«Салтанат» сарайы жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасы Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының Аналар кеңесімен бірлесіп, «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбында мерекелік бағдарлама ұйымдастырды.
«Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген екен ұлылар. Қай ұлт болсын, баянды болашағы оның ұрпағымен тікелей байланысты. Өткізілген шараның мақсаты сол, жас ұрпаққа отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын ұғындыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, оларды өмірге бейімдеу, рухани бай, саналы қоғам мүшесі болуға талпындыру.
Ұрпақ тәрбиесі насихат етілген шараға Әкелер одағының, Аналар кеңесінің төрағалары, Әжелер, Қыздар клубтарының мүшелері мен жетекшілері, АХАТ бөлімінің, «AMANAT» партиясы, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, студенттер мен жастар қауымы, жаңадан отау құрғалы отырған болашақ жұбайлар шақырылды.
Жастарға тағылымды тәрбие мен мәдениетті болып қалыптасудың қыр-сыры түсіндірілген мазмұнды шараны «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Қуаныш Шақшақов алғысөзімен ашып, ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Сонымен бірге, жиын барысында бірқатар мазмұнды баяндамалар ұсынылды. «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы хатшысының орынбасары, Аналар кеңесінің мүшесі Ақманат Әлімбетова «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің негізі» атты баяндамасында отбасылық саясаттың мән-маңызын атап өтсе, «Әжелер клубының» және облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Бибігүл Омарова «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» баяндамасында ұлттық тәрбие мен әжелер өнегесіне кеңінен тоқталды.
Жиында «Әкелер Одағының» облыстық филиалының төрағасы Ерлан Закирьянов жалпы қоғамдағы және отбасындағы әкелердің рөлі, әке тәрбиесінің маңызы туралы өнегелі әңгіме өрбітсе, Көкшетау қаласының құрамындағы Краснояр ауылының №3 көпсалалы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Самұратова жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттаудың ерекшеліктері жайында баяндады,
Шара аясында отбасылық құндылықтарды насихаттауға, жас жұбайларға рухани қолдау көрсетуге бағытталған ҚХАА Аналар кеңесінің Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай қолға алынған «Ақ тілек: 30 жұпқа бақыт сыйлау» жобасының қорытындысы шығарылды. 30-шы жұп Темірбаевтар отбасын ҚХАА Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахина құттықтап, естелік сыйлық табыстаса, неке куәлігін АХАТ басқармасының басшысы Бота Сейфуллина тапсырды. Жас келінге ақ орамал сыйлаған Бағила Шәріпова қазақтың дәстүрімен жастарға аналық ақ батасын берді. Жас отбасылар өздерінің әсерлі лебіздерімен бөлісіп, жобаға деген ризашылықтарын білдірді.
Шара соңы марапаттау рәсімі мен концерттік бағдарламаға жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Аталған шара аясында «Отбасы құндылығы – сарқылмас қазына» тақырыбында кітап көрмесі де ұсынылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

