24 ЖЕЛТОҚСАН – ДАҢҚТЫ ҚОЛБАСШЫ, КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 115 ЖЫЛ
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Бауыржан Момышұлының қолбасшылық өнері мен өнегесін «Қазақтың әскери өнерінің жұлдызы, қарлығашы», «ақыл мен қайраттың, адамшылық пен батырлықтың тұлғасы» деп бағалапты Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин Мәскеуде 1943 жылдың 21 шілдесінде жасаған баяндамасында. Қан майдан қаһарманы Бауыржан Момышұлы 1976 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының Пленумында сөйлеген сөзінде: «Мен 207 мәрте ұрысқа қатысқан кісімін. Соғыста 7 рет жарақат алған жанмын. Батальон командирінен дивизия командирлігіне дейін өткенмін. Одан соң Әскери академияда 5 жыл аға оқытушы болдым» – деген еді.
Қас батырдың «тағдыр мені адамзаттың жан түршігерлік қайғы-қасіретінің куәгері болуға», аспанға будақтап шапшып атылған қою қара түтіннің, қаны араласқан шашыраған топырақтың, тарс-тұрс, сатыр-күтір, гүрс-гүрс күңіренген жарылыстардың, суылдаған снаряд жаңқаларының, қасқырдай ұли, зуылдап ұшқан миналардың ортасында, яғни, от пен оқтың белортасында жүруге бұйырды дегенінде қанды жорықтарда елдің елдігін, ердің ерлігін паш ететін арыстанша арпалысқан от жүректі ғазиз жауынгерлердің асқақ рухы, ізгілікті-игілікті құлшыныстары, бір сөзбен айтқанда, телегей теңіз тарих бар.
Ол Екінші дүниежүзілік соғысты аға лейтенант шенінен гвардия полковнигіне, батальон командирінен дивизия командиріне дейін өсіп, нешеме ұрыстарды бастан кешірді, мінсіз ұйымдастырды, «әрбір солдаттың кәсіби және этнографиялық ерекшелігін» жіті түсінді. Бұл орайда «солдаттың ерлігіне, ептілік шеберлігіне, әдіс-айласына дұрыс, әділ баға беріп үйренген» әскербасымын дегені бар. Мейлінше тәжірибелі, алғыр-тапқыр майталманның түсіндіруінше, «ұрысты басқара білу дегеніміз, демек атысты басқару, траекториялармен ептілікпен маневр жасау, дұшпанның төбесінен бас көтертпей атып, оны жерге, окоптарының, орларының түбіне тығып жіберу, бет қаратпау және атыс ұялары амбразураларын қирату, сөйтіп жаудың күшін аяусыз жою, өз күшіңді аялап сақтау деген сөз» дейтін танымдық-тағылымдық сара пікірі ұрыс өнерінің өзегі іспетті.
Бауыржан Момышұлының соғыс сахнасы тарихындағы тұңғыш жорығының мән-жайын баяндаудан бастайық.
Жау солтүстік пен оңтүстік бағытта ұрыс жүргізу үшін Середа деревнясына шоғырланған. 1941 жылдың 18 қазан күні түнгі сағат 2-де қапияда шабуыл жасалған. Командир Бауыржан Момышұлы Середа жорығында жауынгерлердің ұрыс қимылын бір мақсат, бір нысанаға тастүйін жұмылдырып, сәтті ұйымдастырды. Бұл егесте 30 жауынгерден көз жазып қалғанмен, бір батальонға тақау дұшпанды жер жастандырды.
Екінші рет Матренино станциясындағы егесте бұларды дұшпанның 15 ұшағы бомбалайды, зеңбіректермен атқылайды, миномет оқтарын бұршақша жаудырады. Қопарылған топырақ жауынгерлерді тірідей көмеді. Орманның шетіне 500-600 құзғындар жиналған.
– Шығынсыз алам деген станциясын алсын. Ротаңа бет-бетіңмен бытырап, үрейлене, жоғары көпірге қарай қашыңдар деп бұйрық бергін – деп, лейтенант Филимоновқа нұсқау бердім, – дейді Бауыржан Момышұлы.
Бұл бұйрығымның мәнісін түсінбеді. 120 жауынгер апыл-ғұпыл станцияны тастап, бет-бетімен зытып, көпірдің астына паналады.
Немістер біздің қырандарды бас сауғалап қашып кетті деп ойлаған. Қаннен-қаперсіз олар станцияны емін-еркін тонауға, талауға кіріседі. Олар қызыққа бөгіп, кенеле бергенде, батальон командирі Бауыржан Момышұлы 120 жауынгерді үш топқа бөліп, қыстақтың үш жағынан бір мезетте оқты қарша боратып, уралап айқайлап, азан-қазан, у-шуға айналдырып жіберіңдер дейді.
Немістердің 300-і опат болды. 4 станокты пулеметі, 2 зеңбірегі, 7 радио аппараты, 24 қол пулеметі, 2 танк машиналары және құжаттары қолға түсті. (Момышұлы Б. Екі томдық шығармалар жинағы. Т.1. Алматы, «Жазушы», 2001, 151-бет).
Бұл соғыста қолданылған тактикалық тәсілдің сыры мынада. Яғни, «дұшпанға жем тастап, жемтікке тоя бергенде, аз күшпен желке бүйірлерінен соғып, жеңісін, жегенін желкесінен шығару» болатын. Сонымен міндет мінсіз орындалды.
Енді Крюково селосындағы қиян-кескі алапат шайқасқа ой жарығын түсірейік. Негізінде немістер Крюково теміржол станциясына тас бекініп, орағытып өту маневрін қолданып, Алабушево арқылы Ржавки-Матушкиноға одан әрі Ленинград тас жолына шығуды басты нысана еткен. Бірінші күні 6 сағат, екінші күні 12 сағат, үшінші күні 18 сағат сұмдық сұрапыл жан алысып, жан беріскен ұрыстар жүргізілген.
1942 жылдың 6 ақпанында (таң алдында) Новосвинухово деревнясындағы ойранда даңқты жауынгерлік істерімен айрықша көзге түскен саяси жетекші, Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин бастаған автоматшылар ротасының взводы оқты селдетеді. 2 сағатқа созылған қан-қасапта деревня дұшпаннан аласталып, азық-түлік, қару-жарақ тиелген 85 автомашина, 25 тұтқын қолға түсіп, фашистің 85-і ажал құшады.
Соғыс өнерін, жауынгер психологиясын жетік білген жетелі қолбасшы Бауыржан Момышұлы оқ пен оттың ортасында жүрсе де 1943 жылдың 18 наурызында Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы Нұртас Оңдасыновқа жазған хатында өзінің 100-ден астам ұрыстарды басқарып, ақыл-ой сүзгісінен өткізген байтақ тәжірибелердің негізінде «Жауынгерлік қасиеттерге тәрбиелейтін қазақтың игі дәстүрлері» дейтін тақырыпта материалдарды ыждаһатпен жинақтап жүргенін айтқан.
Кейінірек 1943 жылдың 8 желтоқсанында Кеңес Одағы жазушыларының кешінде сөйлеген сөзінде аттың жалында, атанның қомында хатқа түсірілген қолжазбаларының, яки, «нағыз өмір кітабының өзі» 30 дәптердей болғанын айтыпты. Мұнда жауынгер психологиясы (олардың барынша индивидуалдық қасиеттері: ұят, ар-ождан, намыс, адамгершілік, парыз, ақыл-ой, ерік-жігер, сезім мен рух дүниесі, әскери тактика мен стратегия, ерлікке баулу, ұлттық рух, ұлттық-қаһармандық дәстүрлер, ұрысты ұйымдастырушы-командир тұлғасы бірегей түжырымдар баяндалған.
1944 жылдың қаңтар айының 19-25 күндерінде КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық филиалының төрағасы Қаныш Сәтбаевтың ұйымдастыруымен астана зиялылары (М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, А.Жұбанов, Ә.Марғұлан, К.Мыңбаев, Ш.Шөкин, Е.Ысмайылов және т.с.с.) ойшыл әскери қайраткер Бауыржан Момышұлының лекциясын тыңдайды.
Ол «ұрыстан ең қаһарлы қару бұл – солдаттың жаны» екенін және соғыс өнері мен әдістерін, Мәскеу түбіндегі ұрыс эпопеясына, жоғары интеллектуалдық ұғымдарға талдау жасайды. Әскери-өмірбаяндық, әдеби-тарихи деректерге жүгінеді. Төлеген Тоқтаров пен Мәлік Ғабдуллиннің бастамашылдық, ерлік істерінің мәнісіне кемеңгерлікпен көзқарас танытады.
Әскери қайраткер Бауыржан Момышұлы орыс әскери тілінде «ключ», «стержень» дейтін терминдік атаулар барын айтады. Яғни, жаудың тірек пунктін әлсірету. 6 жол Бородино селосына тіреледі. Және 6 елді мекен бар. Демек, қорғаныстың тіреуі, кілті – Бородино. Нақтылы айтқанда, әскери тәртібінің ұйтқысы, темірқазығы – Бородино.
Неміс командованиясының 1942 жылдың 7 ақпанында Бородино ұрысындағы «түбірден соқпақ болған жоспарын» қалайша тас-талқан еткенін, 1200 дұшпанды баудай түсіргенін және аз шығынмен (157 гвардеец) жеңіске жеткенін әсерлі жеткізеді.
Сонымен қатар, Голубцово, Авдотьино, Ефремова, Амельфино деревнялары маңындағы қантөгіс шайқастарда әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының парыз сезімі, есеппенен әрекет ету, тұтқиылдан шабуыл жасау, «ұрысты басқару бұл (психиканы) жүйкені басқару», «әділ қаталдық», сабырлы дауыс ырғағы, «жүректі баурар жалынды сөз», «әскери тәрбиенің әдісі – көз жеткізу, мәжбүр ету және талап ету», «әскери айбындылық» керек екендігі нақтылы көрініс тапқан.
Бауыржан Момышұлының әскери-психологиялық тәрбие, ұлттық жауынгерлік мәдениет пен өнегелілік жайлы тарихи, тәжірибелік мән-мазмұны терең ой-толғаныстары өз алдына өзгеше бір әлем. Бұларды даналық қорытындылар, ақыл мен ойдың жемістері деуге болады. Ол: «Тәрбие жұмысының басты қасиеті – адамның бойында жауынгерлік қасиетті, жауынгерлік өнегелілікті қалыптастыру» мәселесін кеңінен кемел толғап, ақыл, сезім, ерік, ар-ождан, әділдік, шындық, абырой, парыз, ес, ойлау, жігер, қайсарлық, армандаушылық, сенім, зерігу, күдік, қулық, селқостық, күншілдік, мақтангөйлік тәрізді жан дүниенің құбылыстарына шынайы сипаттамалар береді. Мәселен:
- «Ар – парыздың бақылаушысы, адам қызметін реттеп отырушы».
- «Ержүректілік пен батылдық жүректен шығуға тиіс».
- «Табандылық – батырлардың қалқаны».
- «Адамгершілік сезімі, ұят-сезімі, ерік-жігер, мақтаныш… жауынгерлерге өзінің ішкі қорқынышын, содан кейін сыртқы қорқынышты жеңуге көмектеседі…».
- «Сыртқы ұқыптылық – ішкі жинақылықтың, өзін-өзі ұстай білушіліктің белгісі болып табылады».
Бауыржан Момышұлы әскери ғылым мен әскери үйрету өнерінің үш құрамдас бөліктерін (тактика, оперативтік өнер, стратегия) жіктеп баяндайды. Тактикалық маневрдің 1) қоршап алу; 2) орағытып өту; 3) бұзып-жарып өту; 4) шегіну сияқты түрлеріне тоқталады. Сонымен қатар, 1) стратегиялық; 2) оперативтік; 3) тактикалық міндеттерге, ұрыс-қимылдарына қатысты кешенді сипаттама береді.
- Ұрыс дегеніміз – бұл дұшпанға ұйымдасқан түрде әсер ету (өйткені адамға, топқа, дұшпанға әсер ету әр түрлі: ақылмен, психикамен, техникамен, қару-жарақ күшімен).
- Ұрыс өнерінің негізі – дұшпанға оқпен әсер ету, оның адам күшін қырып жою, өз күшіңді аман сақтау.
- Ұрыстағы ең қатерлі қару – адам жаны, оған қажетті оқ-дәрі – рухани азық болмақ.
- Командир – әскердің миы, ұрысты ұйымдастырушы, жеңіске жеткізуші тұлға.
Ол офицер мен командир мәселесіне де назар аударады:
1-ші категорияға: жақын қашықтықта ұрыс жүргізетін офицерлерді;
2-ші категорияға: тактикалық ойлау мен тактикалық мақсаттағы офицерлерді;
3-ші категорияға: оперативтік ойлау мен оперативтік мақсаттағы офицерлерді (генералдарды) жатқызады.
Бауыржан Момышұлы генерал И.В.Панфилов туралы ой толғағанда: «Біртуар қолбасшы адам болу үшін өжет, батыл, тактика мен әскери стратегияда жаңашыл болу қажет» – деп жазады. Бұл орайда Баукеңнің өзі де ойшыл, сұңғыла, мақсатты қолбасшы бола білді. 4 мәрте жау қоршауынан сытылып шықты. Солардың бірінде 7 тәулік жау тылында қалды. Аштықты ойдан шығару үшін азын-аулақ қақтығыстар жасап жүрді. Сонда Алматы селекциялық станциясының бұрынғы агрономы:
– Бірдеме жемесем төзімім таусылды, –дейді.
Сонда:
– Егер етім жеуге жараса, мені сойыңдар да жеңдер! – дейді.
– Бәріне де осыны айт! – деп ту сыртынан айқайладым. Лейтенант Беликов, дәрігер Красненко өз істеріне салдыр-салақ қараған. Офицерлердің тәртібі босаңсыған. Батальондағы 36 офицерді жинап алдым да, қызметтерін шалағай атқарғандарды төмендеттім. Олар менің бұйрығыма көнгісі келмеді. Сол сәтте:
– Мен СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателімін, Мен СССР Қорғаныс Комитетінің Председателімін. СССР-дің Бас прокурорымын… СССР Қарулы күштері барлық түрлерінің Бас Қолбасшысымын! … Мен – командирмін, сондықтан, бар билікті өз қолыма аламын! – дегенде олар айылын жиып, айтқаныма көнді дейді.
Бірде сержант Гапоненко жетекшілік жасайтын бөлімшеге батальонды күзетуге тапсырма бергенмін. Алайда оның жауынгерлері еменнің қуысында жасырынып отыр екен.
– Опасыздық жасағандарың үшін барлығыңды да атып тастаймын! – дедім.
– Бәрін атуға болмайды, – деді Гапоненко.
Гапоненконы екі рет аттым. Оғым қағыс кетті. Мені үш рет ажалдан алып қалды. «Әділ қаталдық» жасағанымды саналылықпен түсінді. Оның ары да, жаны да таза еді. «Әділдік – әрбір командир, әрбір солдат мойнына үнемі тағып жүруге тиіс бейне бір бойтұмар сияқты» – дейтін түйінді тұжырым жасадым дейді.
Бауыржанның жортуыл күндеріндегі мұқалмас болат нағыз көкжал, қызыл тілге дес бермес шешендігін Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақ мақалының күші» деген эссесінде (1943, 27 ақпан) былайша әңгімелейді: «Ол өмірді, жалпы жағдайды бағалай келіп, соған қорытынды жасап, талай-талай мақалдар шығарды. Мәселен: Намысты нанға сатпа. Қырағының көзі де, өзі де батыр. Тәртіп тән үшін, ынтымақ жан үшін керек. Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық. Ана үшін аянба – ант ұрады, бала үшін аянба – бетің күйеді. Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын! Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істе. Батыр – батыр емес, батырларды бастаған батыр деген әлденеше ондаған мақалдары бар. Бұл мақалдардың қайсысының болса да белгілі оқиғасы бар. Соларға берген Бауыржанның қорытындысы осылар».
Қолбасшының ұйымдастырушылық, қаһармандық жігерлі істері асқан тапқырлық, айтқыштық, шешендік қабілетімен астасып жатады.
- Бұйрық – алғыр басшының ой-арманы.
- Әскерсіз – қолбасшы қауқарсыз, басшысыз – іскер әлсіз.
- Парыз – ар-ождан іргетасы.
- Парыз – абырой қорғаны.
- Парыз – инабаттылық негізі.
- Парыз – арман мен даңқ шыңы.
- Парыз – өжеттілік баспалдағы.
- Жіп қылдан тұрады, дене тканьнан тұрады. Даналық – өткеннің тәжірибесін қорытатын, қазіргі жағдайды зерделі талдайтын және болашақты көре білетін творчестволық ойдың қаймағынан тұрады.
- Алғырлық ойдың ішкі мазмұнын нұрландырып тұрады.
- Ұлттық мақтаныш – сол ұлттың адамы үшін қасиетті әрі бұзылмас заң.
- Екіжүзділіктің балын татқаннан әділдіктің ащы уын ішкен артық.
Бауыржан Момышұлы табиғатынан ата тарихымызды, ата тілімізді, ата дәстүрімізді, ұлттық-рухани тамырымызды ардақтаған асылымыз еді. «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі», –деуі басты ұстанымы. Осы орайда әскери мемуаристің «Ұшқан ұя» шығармасында Имаш бабасының батасы-ақ ұлттың қасиетті тіліне, ұлтқа қызмет етуге деген сүйіспеншілігін оятса керек-ті. Имаш бабасының ұлы тілегі былай еді:
Алатаудың қыраны мол еді,
Қырағы болсын, құлыным!
Қойнауы суға мол еді,
Бұлағы болсын, құлыным!
Елінің тілегі зор еді,
Шырағы болсын, құлыным!
Ата тілегі оң еді,
Құмары болсын, құлыным!
Бұл жер батырлар төрі еді,–
Сыңары болсын, құлыным!
Сондай-ақ, Баукең әжесінің малдың, хайуанаттардың тілін, дүние тарихын, жаратылыс жайын үйрететіндігін тебіреніп жазған.
Бауыржан Момышұлының Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовқа жазған хатында (15-25 ақпан 1944 жыл, Алматы) «қазақ тілі өзінің таза түрінде, бірнеше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып», «ерге, елге медет болып», «қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып-туғызып», «өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған» еді.
Қазіргі уақытта өз тілінен безген «жүгенсіз, арсыз топастар», «ірітіп, шірітіп жүргендер», «ұлт мақтанышы сезімінен, ұлт намысына ажырап, «шөре-шөре болып, артта қалған қара беттер», «шірік жетілгендер», «Қазақстанның нанына семіргендер», «алдымен оқымыстыларды ант ұрып, балдыр-батпаққа солар салып … әдебиет тілімізден айрылуға себепкер солар болып барады» деуінде ащы шындық бар.
Мәселенің мәнісін әріден қозғайды. Қыруар мысалдармен дәлелдейді. Оның мына бір пікірін келтірелік:
«1. 1935-36 жылдан бастап қазақ тілі бұрмалана, бүлдіріле, бұзыла бастағанын, сөзсіз, айқын дәлелдей отырып, оған басты айыпкер, кінәлі газет, радио, жазушы, кеңсе қызметкерлеріне тарихи қарғыс айтылып, беттеріне қара күйе жағылып айыпталғаны жөн».
Әрі қарай барлық оқу орындарында қазақ тілі, әдебиеті, тарихы «міндетті сабақ» болуы тиіс. Оқу құралдары жоғары деңгейде жазылу керек. Дұрыс, ғылыми орфографиялық, түсіндірмелі сөздіктер түзілу керек, «қала қазақтарын, қазақ оқымыстыларын тәртіпке шақырып, қазақ тілін Республикамыздың Мемлекет тілі ету заңды».
Бауыржан Момышұлының әскери-ағартушылық, ұлттық игілікті дәстүрлері туралы ой-толғаныстары жас ұрпақтың бойында «сезімді ояту, жандандыру, адамның ар-ожданына, абыройына, ерік-жігеріне, парасатына ықпал ету, адам бойындағы басты сезімін ұштап, тәрбиелеу» қызметінде айрықша әдептілік пен даналық мектебі болмақ.
![]()

