Еңбеккерлер Ассамблеясы ашылды

ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДА

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуы және Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Ақмола облысының индустриялық әлеуетін көрсететін «Kazrost Engineering Ltd» ірі кәсіпорнында ҚХА Еңбеккерлер Ассамблеясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл бастама аймақтағы өндіріс саласының өкілдерін біріктіріп, ұлтаралық келісім мен еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Іс-шараға қатысқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев жиналғандар алдында сөз сөйлеп, Еңбеккерлер Ассамблеясының қоғамдық маңызын айрықша атап өтті. Оның сөзінше, бұл жоба Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі болып табылатын еңбек ұжымдарында жалпыұлттық бірлік пен тұрақтылықты сақтауда ерекше рөл атқаратын маңызды әлеуметтік бастама болып саналады. Айта кету керек, Еңбеккерлер Ассамблеясының іргетасы Ақмола облысында бұған дейін «Степногорск тау-кен химия комбинаты» ЖШС сияқты ірі өндіріс орындарында қаланып, өзінің оң нәтижесін көрсетіп үлгерген. «Kazrost Engineering Ltd» кәсіпорны өңірде ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші отандық жетекші компаниялардың бірі. Кәсіпорынның ерекшелігі – мұнда әртүрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында еңбек етеді, бұл ұжымдағы өзара сыйластық, мәдениеттерді тану және ынтымақтастық қағидаттарын дамытуға баса назар аударылатынын көрсетеді. Кәсіпорынның атқарушы директоры Андрей Антропов Еңбеккерлер Ассамблеясының осы жерде ашылуы қызметкерлер арасындағы корпоративтік мәдениетті, еңбек тәртібін және командалық рухты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді. Салтанатты жиыннан кейін қатысушылар кәсіпорынның өндірістік цехтарын аралап, озық технологиялар мен өндіріс процестерінің жұмысымен танысты. Іс-шараның ең кульминациялық сәті кәсіпорынның дамуына және ұжымның ортақ ісіне елеулі үлес қосқан, сондай-ақ, ұлтаралық келісімді нығайтуға атсалысқан үздік жұмысшыларды марапаттау рәсімі болды. Темірлан Балабай, Евгений Рябинин, Данияр Инкаров және Серікжан Баукенов сынды еңбеккерлер облыс әкімі орынбасарының Алғыс хаттарымен құрметке ие болды. Сонымен қатар, «Kazrost Engineering Ltd» кәсіпорнының құрылтайшысы, облыстық Ассамблеяның белсенді мүшесі Шалва Джахуташвилиге Қазақстан халқы Ассамблеясының жоғары наградасы – «Бірлік» медалі табысталды. Шалва Джахуташвили Еңбеккерлер Ассамблеясының еңбек ұжымдарындағы бірлік пен келісім құндылықтарын насихаттайтын маңызды алаңға айналатынына зор сенім артты. Іс-шараның қорытындысында «Kazrost Engineering Ltd» жеке компаниясы мен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы арасында ынтымақтастықты тереңдетуге және Еңбеккерлер Ассамблеясының қызметін тиімді ұйымдастыру мен үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Салтанатты жиын соңында қатысушыларға облыстық Ассамблеяның шығармашылық ұжымдары дайындаған әсем концерттік бағдарлама ұсынылып, іс-шараға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар