ТАБИҒАТ ҚОРҒАУ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында жалпы қоршаған ортаны сақтау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану бағыты да назардан тыс қалмай үнемі айтылып келеді.
Орман ресурстарын, аң-құстар, балық және жалпы жануарлар дүниесін қорғау, сирек және жойылып бара жатқан түрлердің популяциясын сақтап, браконьерлік пен табиғатқа зиян келтіруді тоқтату Мемлекет алдындағы ұзақ мерзімді міндеттердің бірі.
Бұл ретте, Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мемлекет саясатын жүзеге асыруда әсіресе, браконьерлікке қарсы заңнамалық және ұйымдық шараларды күшейтіп, экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында жүйелі жұмыстарды атқарып келеді. Ақмола облысының аңшылық алқаптарының жалпы аумағы 12,343 миллион гектар жерді құрайды. Оның 12,114 миллион гектар аумағында облыс бойынша барлығы 161 аңшылық шаруашылығы ұйымдастырылған. Ал, аралық аңшылық-биотехникалық жобасы жасалмаған резервтік қор аумағы 229,1 мың гектарды құрайды.
Бүгінде «Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңының 27-бабына сәйкес жұмыс істеп жатқан облыс аумағындағы аңшылық шаруашылықтар мемлекетпен қатар, жеке және заңды тұлғалардың қарамағында болып табылады. Облыста 24 бекітілмеген резервтік аңшылық учаскесі бар, оның жалпы аумағы 1,902 миллион гектар.
Мен жоғарыдағы өз сөзімде инспекция тарапы табиғатты қорғау саласында айтарлықтай нəтижелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өттім. Бұл қызмет – тек экологиялық мəселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың ажырамас бөлшегі. Өйткені, табиғи ресурстарды сақтай алмаған елдің болашағы да бұлыңғыр. Мəселен, биыл инспекция қызметкерлері браконьерлік пен жануарлар дүниесін заңсыз пайдалануға қарсы тиісті жоспармен бекітілген жүйелі іс-қимылға кірісті. Нəтижесінде жыл басынан бері 48 əкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Бұл деректердің астарында табиғатқа жасалған аса ауыр қиянат қана емес, заңды менсінбеу, ел байлығына сұғына қол сұғу жатыр. Сондықтан, əр іс заң аясында қатаң қаралады. Жыл басынан Ақмола облыстық аумақтық инспекциясы табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылау бойынша 495 рейдтік іс-шара жүргізіп, 48 әкімшілік материал толтырылды, оның 33-і ескерту, 15-і 332 720 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, жыл басынан бері барлығы 10 қылмыстық іс сотта қаралып, браконьерліктің 8 құралы тәркіленді. Заңды белден басып өрескел əрекет жасағандар сабасына түсіріліп, жоғарыда аталған фактілер бойынша Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 143-бабы 1-бөлігі бойынша жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне мемлекеттік меншік құқығын бұзғандар жауапқа тартылды. Осылайша, әкімшілік материалдар бойынша келтірілген залалдың жалпы сомасы 324 390 теңгені құрады.
Аңшылық қағидаларын сақтамағандарға, әрине, тосқауыл бар. Мен осы ретте, заңсыз аң аулаймын деп, мемлекетіміздің Заңы алдында жауапкершіліктен жалтара алмағандар туралы бір-екі дерек келтіре кетсем артық болмас деп есептеймін. Бұл бәлкім табиғат байлығын бірлесіп, сақтаудың орнына оған зиян келтірушілерге сабақ болар бәлкім. Ағымдағы жылдың 18 сәуірінде азамат Н.А. Шайкенге заңсыз елік аулағаны үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу және оған 5 жылға аңшылық құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, бұл қылмыстық істе Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі талап еткен 2 949 000 теңге көлемінде залал өндіру туралы талабы қанағаттандырылып, Шайкеннен «ИЖ-58» маркалы мылтық тәркіленді. Сондай-ақ, осы жылдың 24 қарашасында Зеренді ауданы Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қорғау аймағында үш бірдей елікті заңсыз аулағаны үшін М.В Сироткин, Р.Д. Чекушев, И.Н. Николаевтар әртүрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды. Олардан ИЖ-27 (12 калибр) №ВО 7490 мылтығы тәркіленіп, «Toyota Camry» 526 AGM 03 көлігі мемлекет кірісіне беріліп, 4 423 500 теңге залал ерікті түрде өтеліп алынды.
Жалпы, жануарлар дүниесін пайдалану рұқсатын беру жəне пайдалану тəртібін бұзғандар Əкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Осы Заң аясында заңсыз түрде тасбақа ұстап, қасқырдың күшігін иемденіп, табиғат еркесі елікті еріксіз ұстағандар заң алдында жауап беретінін еске салғым келеді. Ең маңыздысы жыл басынан бері ғана инспекция қызметкерлері өткізген 495 рейдтік шара көптеген браконьерлердің жолын кесті. Бұл рейдтер – жай формальді тексеріс емес, түнгі жортуылдар мен алыс ауыл-аймақтарды қамтитын нақты операция екенін атап өткен жөн. Мұндай жұмысқа жергілікті ерікті топтар мен «Байтақ» партиясы белсенділері де атсалысып, экологиялық мəдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосуда. Биыл Ақмола облысында браконьерлікке қатысты қозғалған қылмыстық істердің барлығы да Қылмыстық кодекс бойынша заңсыз аңшылық фактісі бойынша құзырлы органдардың тіркеуіне алынды. Сонымен қатар, заңсыз аң аулау деректері бойынша күні бүгінге дейін жалғасып жатқан істер де бар. Аумақтық инспекцияның тегеурінді əрі жүйелі жұмысының нəтижесінде жоғарыдағы келтірілген сот үкімі шыққан екі қылмыстық іс браконьерлікпен айналысқандарға берілетін жазаның жеңіл болмайтынының айқын көрінісі.
Сонымен қатар, жасыл желекті жайратып, орман ағаштарына да зиян келтіріп жатқандардың да қатары азаймай тұр. Мəселен, тек биылғы жылдың өзінде Ақмола өңірінде ағаш кесуге қатысты заңсыз деректердің саны артқан. Жалпы кесілген ағаш көлемі – 187,858 текше метр құрап, залал мөлшері – 846,2 мың теңгеге жетіп жығылды.
Бұл ретте, ағымдағы жылы тек «Отрадное орман шаруашылығы мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі аумағында барлығы 64,158 текше метр ағаш оталып, өкінішке орай 1 825,7 мың теңге залал келтірді. Бұл тіркелген заңсыз ағаш кесудің 8 фактісінің екеуі қылмыстық құқық бұзушылық ретінде сараланды. Өйткені, жасыл желекті ешбір рұқсатсыз жойып, мемлекетке келтірілген залал 50 айлық есептік көрсеткіштен асып кетті.
Сонымен қатар, жыл басынан бері инспекция мамандары өңірде орман жəне ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 102 тексеру жүргізді. Оның 44-і жоспардан тыс, 58-і жоспарлы түрде ұйымдастырылды. Жыл басынан бері орман заңнамасын бұзудың 122 фактісі анықталып, 74 хаттама толтырылды. 12 іс құқық қорғау органдарына, 5 іс сотқа жолданды. Сөйтіп, жүргізілген тексерістер нəтижесінде тиесілі залалдың 799,4 мың теңгесі өндірілді.
Браконьерлік пен заңсыз ағаш кесу – тек экономикалық шығын ғана емес, ұрпақтың табиғи мұрасын кеміту деп санаймын. Мемлекетіміздің «Жасыл Қазақстан» саясатының да түпкі мəні де міне, осында. Табиғатты сақтауға жұмсалған əр күш болашақтың кепілі. Ендеше, табиғатты қорғау тек заң талабы ғана емес, əрбір азаматтың жүрек қалауынан туатын азаматтық борышы екенін естен шығармасақ дейміз.
Лашынтай ДҮЙСЕНОВ,
Ақмола облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар
дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы.
![]()

