Зерендіде зейнеткерлер зейіні зияткерлік ойындарда болды

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПОРТ ФЕСТИВАЛІ

Ақмола облысының Зеренді курорттық аймағында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Белсенді ұзақ өмір орталықтарының республикалық спорт фестивалі өтті. Екі күнге созылған спорттық турнирге Ұлттық және зияткерлік спорт түрлері бойынша еліміздің жеті өңірінен жүзге жуық егде жастағы ардагерлер қатысты. Ауқымды іс-шара Астана, Шымкент, Көкшетау қалаларынан, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарынан келген қатысушылардың басын қосып, аға буын өкілдері үшін спорттың, белсенді өмір салты мен бірліктің нағыз мерекесіне айналды. Фестивальдің салтанатты ашылуында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Ахметжанов, белсенді ұзақ өмір сүруді дамыту, аға буынның қоғамдағы рөлін арттыру және бұқаралық спортты қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Екі күн бойы қатысушылар ұлттық және зияткерлік спорт түрлеріндегі өз шеберліктерін көрсетіп, белсенді өмір салты денсаулықты нығайтып, кез келген жаста әлеуметтік белсенділікті арттыратынын дәлелдеді.

Астана қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қатысушысы Жамалхан Тогусуваның тоғызқұмалақ ойыншысы атанғанына биыл екінші жыл. Ол қазақтың ұлттық зияткерлік үстел ойынын осы орталыққа келгенде ғана үйренген.

– Бұған дейін тоғызқұмалақтың не екенін білмейтінмін. Бірақ, бұл ойынды ойнау арқылы адамның саусақ қимылдарының қозғалысы ширап, ойлау қабілеті жоғарылайтыны мені қатты қызықтырды. Адамда күйгелектік сезімі болса, осы ойын жаныңды тыныштыққа әкелетініне көзім жетті. Өзім мұндай республикалық турнирге бірінші рет қатысып отырмын және қатты ұнады. Әр өңірден келген қариялармен танысып, жақсы демалыс болды. Зейнеткерлерді ұмытпай, қолдап, осындай тамаша спорттық фестиваль ұйымдастырғаны үшін облыс, аудан және «Сұңқар» демалыс базасы басшылығына шексіз алғысымызды білдіреміз,– дейді 67 жастағы зейнеткер.

Ал, Бурабай ауданы Шучинск қаласынан келген ардагер спортшы, зейнеткер Жұматай Әбілқасов мұндай ауқымды фестивальдің облыс әкімінің бастамасымен Көкшетаудың киелі жерінде өтіп жатқанына қуанышты екенін айтып, жарыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Зейнеткер келесі жылы спорттық ойындардың түрі тағы да көбейіп, қатысушылар санының артатынына сенімді.

Республикалық турнир: тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі, асық ату, бес асық және спорттық би бойынша бес спорт түрінен өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша «Бес асық» ойынында Ақмола облысының атынан сынға түскен Көгершін Күшпесова және Күлбаршын Көшербаева жүлделі орындарға ие болды. Ал, «Асық ату» ойыны бойынша екі ІІ орынды Сабыржан Мәкенов, Еркен Жақыпов иеленсе, ІІІ орынды Нұралы Бикенов қанжығасына байлады. Сонымен қатар, «Үстел теннисінен» Рабиға Бекова мен Нұрлан Айсин екі І орынды иеленді. «Тоғызқұмалақ» бойынша  ерлер арасында Жұматай Әбілқасов ІІ орынды, әйелдер арасында Құлан Тілеубаева ІІ орынды жеңіп алды. «Шахмат» ойыны бойынша Людмила Титенко ІІІ орынды қанжығасына байлады.

Турнирдің жабылу сәтінде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова фестивальдің аға буынның салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды алаңға айналғанын және әрбір қатысушы өз шеберлігін, шыдамдылығы мен спортқа деген құрметін көрсеткенін атап өтті.

– Сіздердің ғибратқа толы өмірлік жолдарыңыз, бай тәжірибе мен білімдеріңіз – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес байлық, өнеге мен тағылым. Сіздерге зор деңсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман болсын!, – дей келе, барлық 7 өңірдің жеңімпаздарын облыс әкімі Марат Ахметжановтың атынан Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Айта кету керек, бүгінде елімізде «бір терезе» қағидаты бойынша 127 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Олар спорттық және мәдени іс-шаралар, білім беру бағдарламалары, салауатты өмір салты бойынша курстар мен мотивациялық тренингтер секілді кең ауқымды қызметтерді ұсынады. Орталықтардың жұмысы қарттарға белсенділікті сақтауға, әлеуметтенуге және психологиялық әл-ауқатты қолдауға көмектеседі.

Ақмола облысында өткен республикалық спорт фестивалі өңіраралық ынтымақтастықты және белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары арасындағы тәжірибе алмасуды нығайтты. Қатысушылар ойын барысында өз дағдыларын көрсете отырып, бір-бірінің үлгі-өнегесінен шабыт алды.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар