Бұрын адамдардың сеніміне кіру үшін алаяқтар етене қарым-қатынас жасап, жылы сөйлеп, жанындағы адамның жинағанын қалтасына басу үшін барын салатын. Ал, интернет-алаяқтар смартфон мен компьютер экранының ар жағында отырып-ақ, талай жәбірленушіні зар қақсатып жатыр.
Жаңа технология жетістігін меңгерген қылмыскерлер өзге қаладан, басқа елден, тіпті түзеу мекемесінен хабарласып, діттеген ойына жетуде.
Сот тәжірибесіне көз салсақ, интернет-алаяқтар көбінесе арам ойын веб-сайттар арқылы жүзеге асырады. Осылайша, олар түрлі сайттарға, әлеуметтік желілерге арзан бағада тауар жеткізетінін айтып хабарландыру береді. Жеңіл табыс, қолайлы бағаны көргендер сақтықты ұмытып елп ете қалады. Сөйтіп, өзі танымайтын, шынайы деректеріне көз жеткізбеген бөтен адамның айтқан шотына ақшаны аударады. Ақша түскенше қайта-қайта қоңырау шалып, ойлануына мүмкіндік бермей дегбірін алған алаяқпен байланыс ақша аударылған сәттен тоқтайды. Сөйтіп не ойындағы тауарын алып, не ақшасын қайтара алмағандар бүгінде полицияның есігін тоздырып жүр.
Заманауи технологияның тілін жақсы білетіндер кез келген адамның әлеуметтік желідегі парақшасын бұзып, ақша сұрай алатынын да байқауға болады.
Кейінгі кезде бөтен парақшаны бұзып, ондағы адамның достарына жіберілетін мәтін біреу: «Мен өте қиын жағдайға тап болдым» деп жанашырлықты оята отырып ақшалы болу. Бірде полицияға түсіп қалдым, енді бірде ауруханада хал үстінде жатырмын деуі мүмкін. Тіпті, карточкам блокталып қалды, қазір дүкеннен шыға салып қайта аударамын деп өзге нөмірге ақша аударуды сұрайтындар да бар. Танысының қиын жағдайға тап болғанын оқыған соң кейбіреулер бірден сұраған қаржысын аударады. Ақпаратты тексермей көмек көрсететіндер осылайша алыстағы алаяқты бір сәтте байытқандарын кеш түсінеді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында алаяқтардан сақтану жолдары, құқықтық сауатты көтеретін материалдар тұрақты жарияланып, көрсетіліп тұрады. Алайда, содан сабақ алып жатқандар аз. Мұның басты себебі, азаматтар тым сенгіш. Әсіресе, халықтың қайырымдылық жасауға, көмек көрсетуге дайын тұратынын алаяқтар да жақсы пайдаланып келеді.
Салымшылардың миллиондаған қаржысын айналымға салып отырған банк саласында да интернет-алаяқтық көбеюде. Олар салымшыларға өздерін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырып, клиенттерге шоттарында күдікті операциялар немесе жүйенің сол сәтте дұрыс жұмыс жасамай тұрғанын хабарлайды. Сенімге кіргеннен кейін ақшаны жалған шотқа аударуды ұсынады немесе банк картасының толық дерегін алдап алып, шоттағы барлық ақшаны иеленіп кетеді. Осы әдіспен де соңғы уақытта талай адам алаяқтардың құрбанына айналып, бүкіл жиған-тергенінен айырылды.
Мұндай қателіктерге болашақта жол бермеу үшін құқықтық сауатты көтеру, қылмыстың алдын алу бағытындағы іс-шаралар кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Құқық қорғау органдары қылмысты ашып қоймай, халықпен кездесулер ұйымдастырып, алаяқтарға алданбаудың тетігін түсіндіруі тиіс.
Банк карточкасындағы құпия мәліметтерді ешкімге бермей, құзырлы органдар мен банк тарапынан хабарласқандарға күдікпен қарап, ақпаратты тексеру маңызды. «Сіз ұттыңыз, үй, көлік алдыңыз!» деген хабарламаның да артында алаяқтар түратынын ұмытпаған жөн.
Сонымен бірге, тауарларға тапсырыс берерде сенімді, арнайы тіркелген, құжатын ашық көрсететін танымал сайттарға хабарласқан дұрыс. Біздің елімізде алаяқтық қылмыстар Қылмыстық кодекстің 190-бабымен қаралады. Бұл бапта алаяқтарға жасаған қылмысы үшін жаза реті көрсетілген. Дегенмен, әрекетін алдын ала ойластырып жасайтын алаяқтар қылмыстық жолмен тапқан табысын өз атына тіркемей, туыс-туғандарының атына жазатыны байқалады. Соның кесірінен көп жағдайда жәбірленушілер шығыны қайтарылмай жатады. Сондықтан, алдағы уақытта алаяқтардың жақындары алған жылжымайтын, жылжитын мүліктің, банк жинақтарының тарихын тексеріп, жәбірленушілер шығынын қайтарудың заңды тетігін жасаған абзал.
Осыған байланысты облыстық прокуратура қызметкерлеріне хабарласып, алаяқтық қылмыстарын алдын алу барысында қандай шаралар жүргізіліп жатқанын анықтадық. Олардың айтуынша, қазіргі цифрландырудың қарқынды дамыған заманында ақпараттық-коммуникацияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтық әрекеттерге қарсы іс-қимыл күннен күнге өзекті бола түсуде.
Ақмола облыстық прокуратурасының статистикалық деректеріне сәйкес, ағымдағы жылдың 11 айында интернет-алаяқтығы 58,6 пайызға немесе 909-дан 1442-ге дейін өскен. Енді осы ақпараттық-коммуникациялар арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін жүйелі және кешенді жұмыстарды жүргізу қажет. Мамандардың айтуынша, алаяқтықтың өсу себептері салаға байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Мәселен, қаржы, интернет, телефон қоңыраулары және тағы басқа амалдар арқылы жасалады. Бірақ, тұтастай алғанда олардың негізгілері келесілер: біріншісі, цифрландыру және технологияның қол жетімділігі. Түсініктірек айтқанда, интернет пен цифрлық платформалардың дамуы нәтижесінде алаяқтардың ықтимал құрбандарға қол жеткізуі жеңілдеді. Әсіресе, онлайн-банкингте, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде азаматтардың деректеріне қол жеткізу қиын емес. Екіншісі, халықтың цифрлық сауаттылығының төмендігі, көптеген адамдар өз деректерін қалай қорғауды білмейді, алаяқтық белгілерін танымайды, жеке ақпаратты оңай жеткізеді.
Сонымен қатар, алаяқтыққа, оның ішінде интернет-қылмыстарға қарсы күрес бойынша профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында облыс әкімдігі мен полиция департаменті халық арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Прокуратура тарапынан ақпараттық науқан шеңберінде 50-ден астам бейнеролик дайындалып, таратылды. Оның ішінде белгілі блогерлердің қатысуымен көрнекі материалдар әзірленіп, орналастырылды, Облыстың өңірлері мен аудандары бойынша мессенджер-чаттарға алдын алу ақпаратын жаппай тарату ұйымдастырылды, сол арқылы халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру жөніндегі іс-шаралар іске асырылыпты.
2025 жылғы мамырда облыс прокурорының орынбасары Ерболат Жүсіп өңірдегі қылмыстың жай-күйі бойынша жұмыс кеңесін өткізді, онда алаяқтыққа қарсы күрес шараларының тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
2024 жылдың соңына таман облыстық прокуратура алаңында «kazdream Group» IT-компаниясы талдау, деректер жинау, ашық мемлекеттік көздермен интеграциялау, сондай-ақ, интернет желісіндегі іздеу жүйелері саласындағы өздерінің өнімдерінің тұсаукесерін өткізді.
Тұсаукесер қорытындысы бойынша Ақмола облысының полиция департаменті тамыз айының басында осы компаниядан 4 жедел жүйе сатып алды, оның ішінде Iris Radix құралы бар. Ол негізгі функционалы бар жедел іздестіру шаралары құралы болып табылады. Құрал нысанның орналасқан жерін дәл анықтап, абоненттік нөмірлер мен мобильді құрылғылар арасындағы байланысты көрсетеді және CROSS егжей-тегжейлі талдау жасайды.
Аталған бағдарламалық өнімдерді сатып алу және енгізу туралы шешімдер мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен ведомствоаралық кеңестер негізінде қабылданды. Қазіргі заманғы талдамалық жүйелерді пайдалану алаяқтық схемаларды анықтау және жолын кесу саласындағы құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін айтарлықтай арттырады деп күтілуде.
Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында алаяқтыққа, соның ішінде қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтығына қатысты құқық қорғау органдарына кешенді әрі нақты шараларды әзірлеуді тапсырған болатын. Өйткені, Қазақстанда қазір интернет алаяқтығына тыйым болмай тұр. Технологияның тілін мықты меңгерген әккілердің құрығы ұзарып, алдап-арбау әдіс-тәсілдері күн санап мың құбылуда. Сондықтан, әркім күдікті хабарламалар мен қоңырауға, интернет арқылы жеткізілді деген жалған тауарларға мән бермей, өзінің телефонындағы, компьютеріндегі қосымшалардың парольдерін ешкімге хабарламай, өз құқығын біліп өмір сүргені дұрыс.
Қарлығаш САТКЕН.
![]()

