ЕЛДІК
Қазақстан Тәуелсіздік алған күн – халқымыздың тарихындағы ең қасиетті, ең тағдырлы белестердің бірі. 16 желтоқсан – ғасырлар бойы бостандықты аңсаған ел арманының орындалған, тәуелсіз қазақ мемлекетінің жаңа дәуірі басталған күн.
Бұл мереке әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш ұялататын, өткенді еске алып, келешекке сеніммен қарауға шақыратын ерекше мейрам. Тәуелсіздіктің қадірін ұғындыруда басты назар жастардың өз пікірін қалыптастыруына, ұлттық құндылықтарды қазіргі заман талабымен ұштастыра алуына аударылуы тиіс. Себебі, бүгінгі әлемде мәдениет пен тарихты түсіну, тек рухани мұраға құрмет емес, сонымен бірге жаһандану жағдайында өзіндік бет-бейнені жоғалтпау жолындағы маңызды фактор. Осы тұрғыдан алғанда, жас ұрпақтың тарихи санасын дамыту – елдің тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі.
«Менің елім – менің жерім» деген сөз жай ұран емес. Бұл туған жерге деген махаббаттың, халыққа деген құрметтің, өз тарихың мен мәдениетіңе деген жауапкершіліктің белгісі.
Қазақстан – кең даласы, бай табиғаты, сан түрлі этностары тату-тәтті өмір сүретін ұлы мекен. Біздің Отанымыздың ең үлкен байлығы да осы бірлігі жарасқан халқы. Тәуелсіздік жылдары еліміз талай қиындықтар мен сынақтардан өтті. Дегенмен, осы жылдар ішінде Қазақстан экономикасын нығайтып, халықаралық аренада өзінің беделін қалыптастырды. Білім, ғылым, мәдениет, спорт салаларында да үлкен жетістіктерге жетті. Бұл – елдің дамуына үлес қосқан әр азаматтың еңбегі. Тәуелсіздік ғасырлардан жеткен аманат және ұлт рухының ең биік тұғыры. Тәуелсіздік ұғымы кез-келген мемлекет үшін жай ғана саяси мәртебе немесе тарихи кезеңнің атауы емес. Ол ұлттың өзін-өзі тануы, тарихи жадын жаңғыртуы, рухани даму жолындағы үздіксіз ізденісі мен қоғамның әрбір мүшесінің азаматтық жауапкершілігі тоғысқан терең мағыналы құндылық. Қазақ халқы үшін бұл күннің мәні одан да салмақты.
Өйткені, біз үшін Тәуелсіздік ғасырлар бойы үзілмеген күрестің, талай ұрпақтың жанкешті еңбегінің, елдікті сақтап қалу жолындағы табандылықтың нәтижесі. Бүгінгі жас ұрпақ – тәуелсіз елдің болашақ иесі. «Менің елім – менің жерім» деп айту тек мақтаныш емес, бір мезетте жауапкершілік те. Туған жерді сүю – оны қорғау, дамыту, білім алып, елге қызмет ету. Әрбір жас өзінің бойындағы мүмкіндігі мен күш-жігерін Отан игілігіне жұмсай алса, еліміздің болашағы да жарқын болмақ. Тәуелсіздік бізге ата-бабалар аманат етіп қалдырған қастерлі құндылық.
Біздің міндетіміз осы аманатты сақтау, нығайту және келер ұрпаққа абыроймен жеткізу. Әр қазақ баласының жүрегінде елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік оты маздаса, Қазақстанның дамуы да, тұтастығы да, болашағы да нық болады. Осы байтақ жердің әр тасын, әр өрнегін, әр тынысын құрметтеу – әрқайсымыздың парызымыз. Тәуелсіздік біз үшін өткеннің мұрасы ғана емес, болашаққа бағыт беретін шамшырақ. Оны сақтау ертеңгі күнді қалыптастыратын жастардың қолында. Сондықтан, мұндай игі бастамалар ұлттың рухани тірегін нығайтып, жас буынның ел дамуына белсене араласуына жол ашады.
16 желтоқсан Тәуелсіздік күні барша қазақстандыққа қуаныш, рух, мақтаныш сыйлайтын ұлы мереке. Бұл күн елдікті, бірлікті, татулықты, рухани жаңғыруды еске салатын ерекше дата. Тәуелсіздігіміз мәңгі, еліміз еңселі, бірлігіміз берік болсын!
Мадина Камзина.
![]()

