Мереке алдындағы қос қуаныш: жаңа спорт кешені мен сауда орталығы

ҚОС ҚУАНЫШ!

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Тәуелсіздік күніне орай, облыс орталығы Көкшетау қаласында бірден екі ғимараттың ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ, World Boxing халықаралық федерациясының президенті Геннадий Головкин және UFC аясында өнер көрсететін аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов болды.

Алғашқы нысан «Ботай Дэвелопмент» акционерлік қоғамы салған заманауи «РИО» сауда орталығы.

Көкшетау қаласында заманауи үлгідегі бұл құрылыс жобасы сәтті іске  қосылды. Жоба 2024-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылды. Оның жалпы инвестициялық сомасы 6 миллиард теңгені құрайды, бұл толығымен компанияның меншікті қаражаты. Акционерлік қоғамының басшысы – Арман Еркенбайұлы Тәшенов. Жоба қуаттылығы бойынша ғимараттың ауданы 15,8 мың шаршы метрді, ал, жер учаскесінің ауданы 1,7 гектарды қамтиды.

– Жергілікті өндірушілеріміздің тауарлары ең бірінші сөрелерде тұрғаны абзал. Отандық өндірісті қолдауға мүмкіндік болсын. Жай ғана өнімдерді көбейтіп қоймай, бірінші сөрелерден орын алуы тиіс. Тұтынушылар дүкендеріңізге кіріп келгенде бірден Ақмоланың тауарларын көре алатындай болсын. Сіздерге тауарды делдалдарсыз, шаруашылық алқаптарынан өз бағасымен, балғын күйінде тасымалдау жағынан көмек көрсетеміз,– деді Марат Ахметжанов.

Сауда орталығындағы жаңа жұмыс орындарының жалпы саны жалдамалы қызметкерлерді қоса алғанда, 450 адамға жуық болады деп күтілуде.

– Бар-жоғы бір жылға жуық уақыт ішінде екі ірі сауда орталығы салынды. Мұнда 400, екіншісінде 300-дей жұмыс орны болса, екі сауда орталығының өзі шамамен 3-4 миллиард теңгеге жуық салық түсіретін болады… Жоспарларыңызға түзетулер енгізіп, балаларға арналған ойын-сауық орталықтарын, кинотеатрды қосып, біздің ұсынысымызды ескергендеріңіз үшін алғыс айтамын! Бұл жай ғана сауда жасап, кері қайта салатын орын емес, жақсы демалыс орталығы, әрі мерекелік іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін орын болғаны өте дұрыс,– деп заманауи үлгідегі «РИО» сауда кешеніне облыс әкімі Марат Ахметжанов  оң бағасын берді.

Көкшетау қаласында бұл күні «Kokshe Arena» атты заманауи көпфункционалды спорт кешені салтанатты түрде ашылды. Бұл нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы наурызда Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылды. Үкімет бұл мақсатқа жалпы сомасы 12,6 миллиард теңге бөлді. Бұл – қайтарылған активтер қаражаты есебінен салынған Ақмола облысындағы екінші спорттық инфрақұрылым нысаны. Бұған дейін Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ашылған болатын.

«Kokshe Arena» кешені шамамен 1 мың адамға арналған. Оның ішінде негізгі ғимаратта заманауи мультимедиялық жүйелері бар 650 орындық көрермен залы қарастырылған. Кешен ішіндегі спорт залдары Олимпиадалық стандарттағы сертификатталған құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары жұмыс істейді. Сондай-ақ, кешенде өрмелеу алаңы мен өрт-қолданбалы спорт түрлеріне арналған арнайы мұнарасы бар әмбебап спорт залы да бар. Халықтың мүмкіндігі шектеулі, яғни, мобильділігі төмен топтары үшін барлық қажетті жағдайлар толық жасалған.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дені сау жастарды бұқаралық спортсыз тәрбиелеу мүмкін емес екенін атап өткен болатын. Сол себепті, спортты дамыту, жастарды қолдау және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру – басты басымдықтардың бірі. «Kokshe Arena» – кәсіби спорт пен бұқаралық дене шынықтыруды біріктіретін жаңа мүмкіндіктер кеңістігі. Кешен барлық заманауи талаптарды ескере отырып салынған және халықаралық стандарттарға жауап береді, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Ал, министр Ербол Мырзабосынов – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында бүкіл ел бойынша заманауи спорт кешендері мен ареналардың ашылуы жалғасуда. Бұл – бұқаралық спортты дамыту және дене шынықтырумен айналысу үшін қолжетімді жағдайлар жасау жолындағы маңызды қадам. Мұндай нысандар балалар мен жастарды спортқа тартуға, спортшылардың дайындық деңгейін арттыруға және өңірлерде тұрақты спорттық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді.

Спорт кешенінің іргелес аумағында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Бұл жерде жеңіл атлетика аймағы, ойын спорт түрлері мен лақтыру пәндеріне арналған алаңдар, сонымен қатар, халықтың тынығуына арналған демалыс аймақтары жабдықталған.

Берік Асылов кешенді пайдалануға беру Мемлекет басшысының активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасының нәтижесі әрі Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі жүйелі бағыттың бір бөлігі екенін атап өтті.

Жалпы алғанда, Ақмола облысында арнаулы мемлекеттік қордың қаражатына барлығы 42 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған. Бұл жоспарға 14 денсаулық сақтау мекемесі, 26 сумен жабдықтау нысаны және осы 2 спорт мекемесі кіреді.

Осылайша, Ақмола тұрғындары үшін бір күнде қос бірдей қуанышты жаңалық орын алды. Естеріңізде болса, жуырда осыған ұқсас Kokshe Mall сауда орталығы және  Қазақстандағы ең алғашқы ФИФА АРЕНА алаңы дәл осы Арқа төсіндегі әсем қаламыз Көкшетауда бой көтерген еді. Ел игілігіне бағытталған нақты жұмыстар әрі қарай да жалғасын таба бергей. Әрі

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар