Тұтынушылар құқықтарын қорғау  күн тәртібінен түспейді

Биыл сауда және тұтынушылар құқықтарын бұзған 200-ден астам кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың кейбіріне ескерту берілсе, 100-ден астам кәсіпкер 2,2 миллион теңгеден астам айыппұл төледі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерлан Әубәкіров мәлімдеді.

Департамент сот істеріне де белсенді араласқан. 11 айда 15 сот ісіне үшінші тұлға ретінде қатысыпты. Сот шешімі бойынша тұтынушылар пайдасына 9,9 миллион теңгеден астам қаражат өндірілген. Бұл аталмыш департаменттің тұтынушылар мүдделерін қорғаудағы тиімділігін анық көрсетуде.

–Біз заң талаптарын бұзған әр кәсіпкерді анықтап, тұтынушы алдындағы жауапкершілікті қамтамасыз етеміз, – деді Ерлан Әубәкіров.

«Сапалы Өнім» жобасы аясында департамент отандық өндірушілерді қолдап, ішкі нарықты қорғап, тауар сапасын арттыруды жалғастыруда. Мысалы, «Тұтынушыларды қорғау» қоғамдық бірлестігі өнімдерді тексеріп, 17 жағдайда маркировка талаптарын бұзғаны үшін 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Ақпараттық жұмыс та белсенді жүргізілді. Биыл БАҚ-та 205 материал жарияланып, әлеуметтік желілерде 2 715-тен астам хабарлама таратылды. Департамент мемлекеттік және жергілікті органдармен, кәсіпкерлер палатасымен, бизнес пен БАҚ-пен бірге құқықтық мәдениетті көтеруге күш жұмсады. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызды өнімдер бағасын тұрақтандыру және жалға алу төлемін реттеу үшін меморандумдар жасалды.

«Береке Fest» акциясы арқылы өнім бағаларын тұрақтандыру, отандық өндірушілерді қолдау және халыққа азық-түліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.

–Бұл акция халық үшін тиімді, бағаларды тұрақтандырады және жергілікті өндірушілерге қолдау береді, – деп атап өтті департамент басшысы.

Көкшетаудағы «Шығыс» базары да жаңғыртылды. Бұл жобаның жалпы құны 700 миллион теңгеден асты. Жаңғырту нәтижесінде 65 жаңа жұмыс орны құрылып, күн сайын мыңнан астам тұтынушы қызмет алды. Сонымен қатар, отандық өнімдердің ассортименті кеңейіп, сауда инфрақұрылымы мен қызмет сапасы жақсарды.

Жалпы, 2025 жылы Ақмола облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтті, нарықтағы адал сауданы қамтамасыз етті, отандық өндірушілерді қолдады және халыққа сапалы өнімдерді қолжетімді етті.

– Біздің басты міндетіміз – әрбір тұтынушыға сенімділік пен әділдікті қамтамасыз ету, – деп қорытындылады Ерлан Әубәкіров.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар