ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
Астанада өткен баспасөз мәслихатында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов уақыт белдеуінің өзгеруі электр энергиясын тұтынуға қалай әсер еткені туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Журналистер қазіргі кезде күн ерте батып, ел тұрғындары үйде электр жарығын 16:00-де, кейде одан да ерте қосуға мәжбүр екенін атап өтті. Олар уақыт белдеуінің өзгеруі электр энергиясын тұтынуға әсер етті ме деп сұрады.
«Энергия тұтынуға айтарлықтай әсер еткен жоқ. Қарапайым мысал келтірейін: бұл нюанс ең айқын көрінетін Шығыс Қазақстан облысында тұтыну былтырмен салыстырғанда тек 1 пайызға өсті. Бірақ бұл халық санының өсуіне, жаңа нысандардың салынуына және тағы басқаларына байланысты. Ал, сағат тілі жылжымаған Атырау облысында жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты тұтыну 13 пайызға өсті.
Сондықтан, біздің, яғни, энергетикалық қауымдастықтың пікірінше, сағатты ауыстыру біріншіден, энергетика саласына қатысты емес еді. Екіншіден, бұл электр қуатын тұтынудың өсуіне айтарлықтай әсер еткен жоқ. Электр энергиясы кешке ерте қосылады, бірақ, таңертең ерте жарық түседі, сондықтан, электр энергиясы көп қолданылатын тәуліктегі уақыт жай ғана жылжыды. Біз сіздерге жыл соңында сандар бойынша көрсетеміз. Тұтынудың жылдық 3-4 пайызға өсуі өзгеріссіз қалды. Логикалық тұрғыдан алғанда, ол артуы керек еді», – деді Сұңғат Есімханов.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

