Қосшы – жедел басқару орталығы бар қала

Қосшы қаласында ақылды камералары бар Жедел басқару орталығы іске қосылды. Орталықтың жұмысымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Ішкі істер министрі Ержан Саденов танысты.

Қосшы қаласында заң мен тәртіп қағидатын нығайтуға, сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздікті және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қалада 1000 жаңа бейнебақылау камерасы іске қосылып, бұған дейін орнатылған тағы 500-ге жуық камера жасанды интеллект элементтері бар бірыңғай зияткерлік платформаға біріктірілді. Барлық бейнеағындар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін қалалық жаңа Жедел басқару орталығына шоғырландырылады. Орталық қоғамдық ахуалды тұрақты бақылауды қамтамасыз етеді.

Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Ішкі істер министрлігінің, Ақмола облысы әкімдігінің және Freedom компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.

–Бүгінде біз «Заң мен тәртіп қағидатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз, осы ретте, озық технологиялар полицияның сенімді көмекшісіне айналуда. Зияткерлік бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға ғана емес, олардың алдын алуға да мүмкіндік береді. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігіне және қалада қолайлы ортаны қалыптастыруға қосылған нақты үлес. Осындай жедел басқару орталықтары облыстың барлық аудандарында бірдей стандарттар бойынша құрылып, жабдықталуы маңызды. Бұл құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде бірыңғай тәсілді қалыптастырып, кез келген оқиғаға жедел әрі пәрменді әрекетті етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті өз сөзінде министр.

Жедел басқару орталығында полиция департаментінің қызметкерлері мен әкімдіктің коммуналдық қызметтері бірлесіп жұмыс атқарады. Орталық мамандары абаттандыру, жол инфрақұрылымы, коммуналдық желілер және қалалық шаруашылықтың өзге де бағыттары бойынша тұрғындардың өтініштерін жедел қабылдап, пысықтайды.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов цифрлық инфрақұрылымды дамыту халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететінін айта келе: –Қосшы екі жобаны – «Заң және тәртіп» пен «Таза Қазақстанды» 1,5 мың жасанды интеллекті бар камераны біріктіретін бірегей цифрлық платформа аясында тоғыстырған алғашқы қала. Ішкі істер министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлескен күш-жігері арқылы біз қауіпсіздік мәдениетін ғана емес, көшелерде де, адамдардың санасында да тазалық мәдениетін қалыптастыруымыз қажет, – деп атап өтті.

Сонымен қатар, Қосшы қаласының әкімдігі мен полициясы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін орындау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын белсенді түрде пайдалануда. Дрондар жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу, қоғамдық тәртіп саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, адамдардың көп шоғырланған орындарын бақылау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары мен аумақтардың санитарлық жағдайын мониторингтеу, ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру және түрлі жағдайларға жедел әрекет ету үшін қолданылады. Бұған қоса, ұшқышсыз ұшу аппараттары қалалық инфрақұрылымның жай-күйін бақылауға, рұқсатсыз қоқыс орындарын анықтауға және абаттандыру талаптарының бұзылуын тіркеуге пайдаланылады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар