Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ

 

Тәуелсіздік – ұлы бабаларымыздың аңсауы, халқымыздың арманы орындалған киелі де қасиетті ұғым, тағдырымызға «тәубә» деп түйсігіміз оянған тылсым толғаныс. Тәуелсіздік – тамыры тереңде жатқан, сан ғасырға кететін құдіретті сөз. Егеменді еліміздің бостандық бесігінде тербелгелі де, міне, отыз төрт жылдың жүзі болыпты, қарап отырсақ. Ұзағынан болғай деп тілейік!

Тәуелсіздіктің осынау жылдары – ұлт тарихының толғамды да толымды беті. Ең басты айтарымыз, Алаш елінің еркіндікке ұмтылған биік мақсаты мен қайсар рухының жемісі.

Бар әлемге паш етіп тәуелсіздігімізді жариялап, бізді дербес мемлекет ретінде бар жаһан   таныды. Темір тәртіп пен бұғауға сүйенген тоталитарлық шеңбер шеңгелінің жүзі мұқалды. Адамзатқа жалған үміт сыйлаған көзбояу теңдік теориясы тылсымға батты. Жетпіс жыл бойы тарихы бұрмаланған ұлыстар мен ұлттар ақиқаттың кермек те ащы дәмін құныға тата бастады, өзгенің өгей дәміне мәз болған құрсаудағы аңқау халықтар жан азабы мен рухани еңкіштігінен арыла алмай әлек бола бастады емес пе?! Құламайтындай көрінетін Кеңес кеңістігі келмеске кетіп, социализм жүйесі құрдымға батты, коммунизм елес ретінде көзден ғайып болды.

Ұрандатқан, сапқа тұрған, қызыл таңбаға толы, орақ пен балғаның жүзі мен бес жұлдызы шамшырағына айналған, кітабың мен көшеңде ұлы көсемнің жол көрсетуінен көзің сүрінетін көріністен де арылар кезең жетті емес пе… Байлық, молшылық – қанаушылық кепілі, дінге, құдайға сену – атеизм жауы, сауда мен іскерлігің – алыпсатарлық, кісі еңбегімен күн көру, ал, ортақ меншік қалыпты жағдай, жеке меншік пен бәсеке деген түсіңе де кірмесе, капиталист – қасың, езілген жарлы-жақыбай досың деген түсінік қалыптасқан қоғамда мәңгүртке айналған халықтың серпіліс пен тосын сілкініске тосырқай қарағаны да рас. Табынатының бір партия болса, ар-ожданың мен сөз еркіндігің болмаса, ой-пікірің шектеулі болса, жазған дүниең идеологиялық шеңберден аспаса, басқан ізің қалыпты жүйеге сыймаса, қапаста емей қайдасың… Ерте ме, кеш пе, осынау империяның құлайтыны сөзсіз еді. Осы ретте ойларсың, еліміздің тәуелсіздігі ұлтымызға келген бір тосын сый емес, ол жүздеген жылдар жүзінде, ғасырлар бойғы өзінің байырғы топырағында сан алуан аласапыранды, зар заман мен қанды кезеңді бастан кешу арқылы, ешкімге жалтақтамай, ел болам деген үміті үзілмей, табаны тиген заңды тарихи құқығы. Бұл енді бұлжымайтын ақиқат. Бұған ешкімнің күмәні болуы тиісті емес.

Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Ал, енді осы жол қалай еншімізге тиді, қалай бұйырды деген сауалға келсек. Тамыры тереңге жайылған тарихымызға көз жіберсек, еркіндік, бостандық атаулы бізге оңайшылықпен берілмегенін пайымдар едік. Таққа отырған хан болсын, найза ұстанған батыр болсын, қаламы қолынан түспеген ақын болсын, орақ тілді би ме, әлде қарапайым көшпенді ме, бәрінің қол жетпес мұраты, жанқиярлық күресі – ол ел шетіне көз алартқан бұғау құрсауына жол бермеу еді. Біз үшін қилы замандағы қай сүрлеу болмасын өте қымбат, айтулы кезеңдерде ту ұстаған бабаларымыздың барлығы да биік, қасиетті.

Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек, қасқа жолды Қасым, ескі жолды Есім, Жеті жарғылы Тәуке, айбынынан алыптар ыққан ұлы Абылай, серт пен кек жолынан таймаған Кенесары, рухани қазынамызды терең бойлатқан Шоқан, Абай, Ермахандар мен Олжастар, Жұмабек Тәшенов пен Қайрат Рысқұлбековтер, қазақты оятқан Алаш арыстары, желтоқсан боздақтары, қайсыбірінің ерлігін айтып ұрпақ жадына жеткізейін. Ұлт –азаттық көтерілістер, Ұлы Отан соғысы ерлері, бейбіт заманның батырларының ерлігінің арқасында, тарих керуенінің қатал сынағынан өткен жандардың жанқиярлық жанкештігі арқылы, біз, бүгінгі ұрпақ, сайын даланың иелері, еркіндіктің саф ауасын жұту бақытына ие болдық.

Жасы отыздың ортасында ғана жас мемлекет тарихындағы тың дәуір дәл осы Тәуелсіздіктен бастау алады. Дәуір жасампаздығы сенімді және серпінді дамуға байланысты. Отыз төрт жыл – елдіктің, егемендіктің, кемелдену мен келешекке құлаш сермеу кезеңінің бір жарқын беті ғана. Мына дөңгеленген дүниеде адамзат баласы жаралғалы талай империялар өткен, небір билеушілер болды, талай халықтар мен ұлыстардың қазір жұрнағы да қалмады. Ал, елдікке зар болған, туы жоқ, жеріне қолы жетпей отырған ұлттар қаншама? Соғыс бұлты арылмаған да елдер жетерлік емес пе?! Қазақ та қайтадан шаңырағын көтеріп, керегесін құрғанына, уықтарын бекіткеніне отыз төрт жыл болып отыр. Бұрын да жоқ емес едік, бар едік, бірақ, заман тар еді. Бұққан, бұғауы берік бұратана болдық, небір зобалаңды көрдік, алапаттар жерімізден арылмады. Ұранымыз, мақсат-мұратымыз мүлде өзге сипатта еді.

Енді міне, ішкі-сыртқы әлемге әйгілі, алыс-жақынмен тату, жер көлеміміз айқындалған, өз әскеріміз, астанамыз, жеріміз, еліміз бар жұртқа айналдық. Шекарамызды шегендеп, іргемізді бекітіп, қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Бірлігімізді бекемдеп, татулық пен тұрақтылықтың арқасында түрлі сынақтардан сүрінбей өттік. Бүгінде жаһан жұрты еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, өз құрметін көрсетуде. Азаттықтың арқасында өзіміздің негізгі құндылықтарымызды, жетер мұратымызды да айқындап алдық. Алайда, кемшіліксіз, мінсіз жұмыс болмайтыны анық. Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз таңдауымызбен жүріп келеміз. Соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды қадамдар жасалды. Саяси ауқымды реформалар қолға алынды. Қазақстан жаңа тұрпатты ел болу бағытына түсті. Жаңарған әділетті қоғам құру жолындамыз.

Замана ағымы тоқтамас, өмір толқыны мен иірімдері де толастамас – қалатыны қазақ елі, қалатыны қазақ жері, қалатыны Алаш ұрпағы. Сол ұрпақ азаппен, арпалыспен келген Тәуелсіздікті құрметтей түсуі үшін үнемі осыны еске салып отыру – бізге аманат. Қазақ – көнеден бері тыныштық пен берекені, татулық пен бірлікті көксеген халық. Татулық пен бірлік – елдің ең басты байлығы. Бейбіт өмір мен өзара түсіністік орнаған қоғамда ғана тұрақты даму мен өркендеу болады. Мемлекетіміздің басты қағидасы да осы. Тәуелсіздігіміз туралы алғаш баяндама оқып, бүкіл әлемге паш еткен көрнекті ғалым, академик Сұлтан Сартаев: «Дүниежүзіндегі 194 мемлекеттің тәуелсіздігін жариялаған 194 адамның бірі болғаныма мен өте қуаныштымын. Парламент мінберіне 16 желтоқсан күні 18 сағат 08 минутта көтерілдім. 30 минутта баяндамамды бітірдім. Сол оқиғаларды көз алдыма елестетсем, көңіліме қуанышым сыймай, жүрегім жарылып кете жаздап тұрады. Себебі бостандықты, тәуелсіздікті жариялау әркімнің үлесіне беріле бермейді» деген екен. Тура 30 минуттан кейін Түркия мемлекеті біздің тәуелсіздігімізді мойындағанына бүгін міне, тарих куә. Қайран атпал ағамыз бүтін бір елдің тағдыры жазылған тарих парақшасын мәңгілікке төңкеріп тастағанын сезді ме екен сол бір толғанысты сәтте?!

Тәуелсіздік бойымыздағы, жүрегіміздегі бойтұмарымыз, шаңырағымызға қонған бақ құсы дейміз бе, жемісін беріп жатқан алып бәйтерек дейміз бе, әлде құныға, шөліркей ішіп жатқан зәмзәм сусыны іспеттес пе, қалай айтсақ та, ендігі айтарымыз, осы тәуелсіздігімізді – жаратқанның берген несібесін аялай білу, тарыша шашып алмау, дәндерін қадірлеу, көздің қарашығындай сақтау.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былай дегенді: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс».

Шын мәнінде Тәуелсіздікті құру –  әр қазақстандықтың әр күнгі адал еңбегі, маңдай тері.

Біз жаһандық әлемде қуатты, тәуелсіз мемлекет болған кезде ғана ұлт ретінде аман қаламыз. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» – міне, осы бір үш бәйтерек тәріздес киелі сөздер әр қазақстандықтың мақсаты болуы керек.  Бүгінгі тұрақтылығымыз бен тыныштығымыз тәуелсіздігіміздің баянды, тұғырлы болуының кепілі деп білемін! Тәуелсіздігіміз баянды болғай!

Аманбай Сейітқасымов,
 ғалым-тарихшы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар